
Ағымдағы жылы Созақ ауданында құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларға басымдық беріліп, ауданның дамуына айтарлықтай ықпал етуде. Мәселен, аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы «Достар» стадионы күрделі жөндеуден өтеді.
Сонымен қатар, Шолаққорған ауылында 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы жақын уақытта аяқталса, осы жылы Созақ ауылынан да «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы басталды. Жақында Сұлтанбек Қожанов көшесінен жаңа кітапхана ғимаратының құрылысы басталады. Шолаққорған ауылында қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын жинау орны мен оқушылар сарайы және өрт сөндіру бекетінің құрылысы бойынша сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде.
Аудан жастарының бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Сызған, Жартытөбе, Құмкент, Жуантөбе, Тасты және Шу ауылдарында жергілікті бюджет есебінен жабық үлгідегі кіші футбол алаңдары салынады.
Сонымен қатар, «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы» ғимараты жөндеуден өтіп, «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам орталығы» ауласына футбол, баскетбол және волейбол алаңдары салынады. Жібек жолы көшесіндегі №5 ғимаратта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Отбасын қолдау орталығы» ашылады.
Ауданның ішкі жолдар жүйесін жақсарту мақсатында аудандық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі екі есеге артты. Алдағы уақытта «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында 14,2 шақырымды құрайтын 12 көше асфальт жабындысымен жаңартылады. Бұдан бөлек, аудандық бюджеттен 1 миллиард 288 миллион 560 мың теңге бөлініп, 66,4 шақырым жолға асфальт жабындысы мен қиыршық тас төселетін болады. Бұл қаржы бұрын-соңды жол жөндеуге бөлінбеген.
Мәселен, Шолаққорған ауылында Сәбит Мұқанов, Ембергенов, П.Маханов және басқа да көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, ауданның өзге ауылдарында да жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асуда.
Аудан орталығындағы маңызды көшелердің бірі – Сұлтанбек Қожанов және Жібек жолы көшелерінде абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Тозығы жеткен бағаналар мен аяқжолдар жаңартылып, барлық ауылдар мен елді мекендердің ішкі көшелерін 100 пайызға көше жарықшамдарымен қамтылады.
Шолаққорған-Түркістан бағытындағы жолдың екі бетінен құрылған «Жасыл белдеу» аумағы биыл 2 шақырымға ұлғайып, 5000-нан астам тал көшеттері егілуде. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар Шолаққорған-Балдысу бағытындағы автомобиль жолындағы су өткізгіш құбырға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Балдысу елді мекенінде ұсақ малдарды тоғытатын нысан салынады.
Бұл жұмыстар туралы аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылдық округінің тұрғындарымен өткен жиында хабардар еткен болатын. Жиында тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға қолдау білдіріп, алғыстарын жеткізді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласы бойынша ұсыныстар айтылды. Бірқатар азаматтар жеке мәселелері бойынша да сұрақтар қойып, аудан басшысы әрбір мәселеге назар аударып, тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.
Ал аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, аудан көлемінде атқарылатын жұмыстар мен ауылдық округті кешенді дамытуға бағытталған мәселелерді талқылады. Кездесуде өткен жылы шешімі табылған бірқатар түйткілді мәселелер де сөз болды.
Аудан басшысы Созақ ауылдық округінің әкімшілік ғимаратының құрылысы өткен жылы басталып, биыл толық аяқталатынын хабарлады. Сонымен қатар, ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары да жүргізілуде. Бұдан бөлек, Созақ ауылында спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы басталмақ.
Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірнеше жобалар іске асырылуда. Ыбырай елді мекеніндегі атауы жоқ №1 және №2 көшелері мен Созақ ауылындағы Құрманғазы және Матенбаев көшелері де орташа жөндеуден өтеді. Рысбек, Ауезов және атауы жоқ №10 көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жеңіс саябағының ағымдағы жөндеу жұмыстары мен жарықтандыру жобалары да қолға алынуда.
Кездесу барысында тұрғындар сауалдарын жолдап, жеке мәселелері бойынша да жүгінді. Аудан басшысы көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, оларды шешу жолы жан-жақты талқыланды. Жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктелді.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қаратау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу барысында аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды. Елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту, облыстық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелердің орташа жөндеуі, көшелерді жарықтандыру мен абаттандыру, құрылыс нысандары туралы жан-жақты баяндалды.
“Біз ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында көптеген жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу және инфрақұрылымды жақсарту — біздің басты міндеттеріміздің бірі. Тұрғындар тарапынан туындайтын мәселелер әрқашан назарымызда. Біз бар күш-жігерімізді осы мәселелердің шешімін табуға бағыттаймыз” — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Сонымен қатар, өткен жылы Қаратау ауылында тұрғындарды 24 сағат бойы сапалы ауызсумен қамтуға бағытталған жобаның құрылысы басталғанын атап өтті. Бұған қоса Сарыжаз елді мекенінде ауыз су құбыры желілерінің құрылысы жүргізіліп, тұрғындар орталықтандырылған ауызсумен толық қамтылды. Биылғы жылы Ақсүмбе, Сарыжаз елді мекендерінің ішкі көшелері ағымдағы жөндеуден өтіп, көше жарықшамдары орнатылмақ. Қаратау ауылында ұсақ малдарды тоғытатын нысан құрылысы, Сарыжаз елді мекенінде балалар ойын алаңшасын салу жұмыстары жүргізілмек.
Кездесу барысында тұрғындар өз ұсыныс-пікірлері мен түрлі сала бойынша сауалдарын жолдады. Бірқатар тұрғындар жеке мәселелері бойынша да өтініштерін жеткізді. Басым бөлігі жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелері бойынша жүгінді. Аудан басшысы әрбір мәселені мұқият тыңдап, тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Бұдан бөлек Сызған және Басбұлақ елді мекендеріндегі тұрғындарға сапалы ауыз су жеткізу мақсатында өткен жылы су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, жергілікті халық орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, КХ-110 «Мардан-Қозмолдақ-Сызған» облыстық автомобиль жолының 0-13,3 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ағымдағы жылы Сызған ауылында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигонның жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін заманауи талаптарға сай шағын футбол алаңының құрылысы басталады. Қозмолдақ ауылында ұсақ малдарды тоғытатын арнайы нысанның құрылысы да жоспарлануда.
Ауылдық округке қарасты елді мекендердің ішкі көшелеріне толықтай көше жарықшамдары орнатылып, Қайнар елді мекеніндегі Әділбеков, Әметшеев және Қайнарбұлақ көшелері орташа жөндеуден өтеді.
Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Сызған ауылдық округі тұрғындарымен өткен есептік жиында баяндап, атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады. Жиында тұрғындар алдыңғы кездесулерде айтылған өтініштердің орындалып, тиісті жұмыстардың жүргізілгеніне ризашылықтарын білдірді. Ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы айтылған мәселелердің әрқайсысына жауап беріп, заң шеңберінде шешім қабылданатындығын айтты. Ұсыныстарды жауапты мамандармен талқылап, нақты тапсырмалар жүктеді.
Тағы бір ауыз толтырып айтатын жаңалық, «Саутс-ойл» компаниясының «Созақ фосфат» инвестициялық жобасы аясында фосфор тыңайтқыштарын өндіру зауытының құрылысы басталды. Созақ ауданында жүзеге асатын жобаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қолдау білдіріп, зауыттың капсуласын салу рәсіміне қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту міндетін жүктеді. Облыста осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін Түркістан облысына және Созақ ауданы үшін маңызды инвестициялық жобаның құрылысын бастағалы тұрмыз. Бұл зауытта фосфор қалдығын өңдеу арқылы ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштар өндіріледі. Зауыттың іске қосылуы құрамында фосфоры бар тыңайтқыштың импортына тәуелділікті азайтады. Осында өндірілген тыңайтқыштар мен препараттар елімізде азық-түлік бағасының тұрақты болуына оң әсерін береді. Жобаны жүзеге асыруға жұмсалған қаржы өз-өзін ақтайтыны анық. Ол аудан жене облыс экономикасына мультипликативті әсерін тигізеді. Инфрақұрылым бойынша қолдау көрсетіледі, – деді Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жұмыс сапарында. Бұл наурыз айының ортасы болатын.
Жобаның жүзеге асырушылары әрі серіктестері – «Саутс-Ойл» компаниясы мен «China Tianchen Engineering Corporation LTD» компаниясы. Маңызды оқиғаға аталған компаниялардың басшылары Серікжан Сейтжанов пен Лян Цзюньсян қатысты.
Бұл жоба индустрияландыру картасына енгізілген. Жоспарланған инвестиция көлемі шамамен 140 миллиард теңгені құрайды және 1000-ға жуық жұмыс орнын қамту жоспарлануда. Экологиялық талаптар қатаң сақталатын және заманауи технологиялар қолданылатын жоба арқылы фосфор қалдығын алу, фосфор тыңайтқыштарын шығару, терең өңдеу көзделген. Зауыттың қуаттылығына келсек, жылына 1 миллион тонна азот-фосфор-калий кешенді тыңайтқышын және 600 мың тонна фосфор нитратын шығарады деп жоспарлануда, 2027 жылы іске қосылады деп межеленген. Өнімдерін елімізбен қатар Үндістан, Қытай және көршілес елдерге экспорттау мүмкіндігі де қарастырылған.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.