Түркістан облысы: Созақ ауданының орталығында жаңа кітапхананың құрылысы басталды

Созақ ауданының орталығында мәдениеттің маңызды ордасына айналатын жаңа кітапхана ғимаратының құрылысы басталды. Заманауи талаптарға сай жабдықталатын кітапханада оқу залдары мен ақпараттық ресурстар орталығы, балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы бөлімдер қарастырылған.

Құрылыс алаңының жалпы аумағы – 2 536, ғимараттың өзі 496 шаршы метрді құрайды. Асфальтталған жолдар, жасыл аймақтар, көгалдандыру жұмыстары мен жарықтандыру жүйелері де жобада толық қамтылған. Кітапханаға кіреберіс алаң және автотұрақ орындары қарастырылған. Жоба климаттық және сейсмикалық жағдайлар ескеріле отырып жасалған.

Таяуда құрылыс алаңына арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жауапты мамандарға нысанның сапасына қатысты талаптарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырған-ды.

Жалпы, Түркістан облысы кітапхана саны бойынша елімізде көш бастап тұр. Өткен жылы өңірдегі 399 кітапханаға 4 миллионнан астам оқырман келген. Жалпы Қазақстанда барлығы 3 920 көпшілікке қолжетімді кітапхана бар, олардың 265-і – балаларға арналған, 15-і – жекеменшік. Бұл кітапханаларда 10 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.

Еліміздегі кітапханалардың 3 873-і әмбебап, сондай-ақ 20 ғылыми және 19 арнайы кітапхана бар. Кітапхана саны бойынша Түркістаннан кейінгі орында Батыс Қазақстан облысы 358 кітапханамен екінші орынға жайғасса, 341 кітапханасы бар Ақмола облысы үздік үштікті қорытындылап тұр.

Қазақстандағы кітапханалар қоры 110,3 миллион дананы құрайды. Электронды каталогтың көлемі – 1,7 миллион бірлік. Ең үлкен кітапхана қоры Алматыда – 37,1 миллион басылым.

Сонымен қатар, аудан басшысы Шолаққорған ауылындағы ішкі көшелерде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барысымен танысты. Орталық маңызы бар Сұлтанбек Қожанов және Жібек жолы көшелерін аралап, кешенді жөндеу және абаттандыру жұмыстарының сапасын жіті бақылады.

Шымкент бағытынан кіреберіс Ерімбетов көшесінен бастап жаңадан төселген аяқжолмен жүріп өтіп, сапасына назар аударды.

Сондай-ақ, Шолаққорған–Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағында болып, отырғызылған тал көшеттерінің жай-күйімен танысты. Өнімділігін арттыру бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Орайы келгенде атап өтер маңызды ақпарат, аудан орталығында орналасқан Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ аудандық тарихи-өлкетану музейінде ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандитаты, жамбылтанушы ғалым, композитор, ауданның Құрметті азаматы Яһуда Амандықовтың 90 жылдығына арналған «Тұлға тағылымы» атты еске алу кеші өтіп, экспозициялық бұрыш ашылды.

Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, ізгі тілегін арнады.

«Бүгін біз – ел руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген, халқымыздың асыл перзенті, ғалым, композитор, ұлағатты ұстаз Яһуда Амандықовтың 90 жылдығына арналған еске алу кешіне жиналып отырмыз. Яһуда Амандықов – тек Созақтың ғана емес, тұтас қазақ жұртының мақтанышы. Ол кісі – қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан, Жамбыл Жабаев шығармашылығын терең зерттеген жамбылтанушы, филология ғылымдарының кандидаты, ел есінде қалған тамаша композитор. Осындай игі шаралар жастарға өнеге, ұрпаққа үлгі, рухани тамырымызды танытар алтын көпір болары сөзсіз», — деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, шараға арнайы жиналған құрметті қонақтар, жақындары мен әріптестері біртуар азамат жайлы естеліктерімен бөлісті. Жыр шумақтары мен жүрекжарды тілектерін арнады. Тағылымды шара аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде «Қаратауым» атты аудандық ән байқауға ұласты.

«ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You