
Ұлы Жібек жолының бойында, Алатау мен Қаратаудың түйіскен тұсында орналасқан Түлкібас төрінде қазақ даласының жауһары – Шұбайқызыл қызғалдағына арналған «Шұбайқызыл алауы-2026» фестивалі өз мәресіне жетті. Бұл тағылымы мол шараның басты мақсаты табиғаттың ғажайып сыйын дәріптеп қана қоймай, оны көздің қарашығындай сақтауға үндеу болды.
Салтанатты ашылуда аудан әкімі Асқар Естібаев: «Табиғатты қорғау – бұл таңдау емес, бұл – міндет. Бұл – келер ұрпақ алдындағы адалдық. Біз табиғатты қалай сақтасақ, болашақ бізді де солай бағалайды» – деп, көпшілікті табиғат-ананы аялауға шақырды. Іс-шара барысында аудандық мәслихат төрағасы С.Сәрсенбаев марапаттау рәсіміне қатысып, ал ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қасымбек жүрекжарды лебізін білдіріп, фестивальдің тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды.
Мұнан өззге, фестиваль аясында өткен «Шырайлым Шұбайқызылым» байқауы жас таланттардың шабытына қанат бітірді. Жас ақындар, суретшілер мен бейнеролик авторлары өз өнерлерін паш етіп, үздіктер марапатталды. Сонымен, жас суретшілер орынды өзара былай бөлісті: І орын – Дина Есболат, ІІ орын – Индира Қаратаева, ІІІ орын – Зере Бағланбек. Ал бейнеролик бойынша жүлдегерлер мыналар: І орын – Райхан Ақжол, ІІ орын – Дархан Әріпбайұлы, ІІІ орын – Ерлан Айдарбеков пен Руслан Орынбай. Жас қаламгерлер арасында жүлде былай бөлінді: І орын – Балқыбеке Нұрислам, ІІ орын – Сынбат Маратова, ІІІ орын – Жансұлу Әбдісаттар және Несібелі Рысдәулетова.
Кеш соңы әсем ән мен көтеріңкі көңіл-күйге ұласып, эстрада әншісі Азат Абилдаев пен жергілікті өнерпаздар көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар жас суретшілердің көрмесі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
«Шұбайқызыл алауы» бұл жай ғана фестиваль емес, бұл туған жерге деген сүйіспеншілік, табиғатқа деген құрмет пен болашаққа деген жауапкершіліктің символы дер едік.
Фестиваль демекші, Түркістан қаласында жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» заманауи жұптар байқауы ұйымдастырылды. Іс-шара «Жаңа толқын» жобасы аясында өтті. Байқауды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-і, «Respublica» партиясы және «Re Jastary Turkistan» облыстық ұйымы ұйымдастырып, «Re.Women» әйелдер қауымдастығы қолдау көрсетті. Байқаудың басты мақсаты – жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, махаббат пен адалдық, сыйластық пен үйлесімді насихаттау.
Шара «Достық үйі» ғимаратында ұйымдастырылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Кеш барысында қатысушы жұптар 4 кезең бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, «Өзін-өзі таныстыру», «Өнер – ортақ тіл», «Береке – бірлікте», «Сұрақ-жауап және мақал-мәтел жалғастыру». Қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін, тапқырлықтарын, сахна мәдениетін және жұптық үйлесімдерін жоғары деңгейде көрсете білді. Сайысқа бас-аяғы 7 жұп, оның ішінде 1 жұп студенттік Ассамблеядан қатысып, өнер көрсетті. Байқау соңында үздік жұптар арнайы номинациялармен және жүлделі орындармен марапатталды. Ал бас жүлде иегерлері 100 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Аталған кеш тек сайыс қана емес, жастардың өнері мен мәдениетін, ұлттық құндылықтар мен рухани сабақтастықты дәріптеген маңызды мәдени шара ретінде ерекшеленді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
