
Халықаралық бағалауларға сәйкес, жасанды жаңбыр шақыру технологиялары табиғи деңгеймен салыстырғанда жауын-шашын көлемін 10-20%-ға дейін арттыра алады. Мұндай технологиялар Қытай, АҚШ, БАӘ, Франция және Сауд Арабиясында белсенді түрде қолданылып келеді.
Жоба суға сұранысы жоғары аудандарда, ең алдымен ауыл шаруашылығы аумақтарында жергілікті деңгейде жүзеге асырылады. Жұмыс жүргізілетін аймақтарды таңдау метеорологиялық қызмет мамандары мен профильдік мемлекеттік органдардың қатысуымен ауа райы жағдайын, экологиялық ахуалды және суға қажеттілікті ескере отырып жүргізіледі. Технологияның әсер ету аумағы жергілікті сипатқа ие және радиусы 5 шақырымнан аспайды, сондай-ақ ауқымды ауа райы құбылыстарын қалыптастырумен байланысты емес. Жұмыстарды жүргізу үшін халықаралық тәжірибеде қолданылатын тұз негізіндегі реагенттер пайдаланылады.
Жобаны іске асыру ауыл шаруашылығы аумақтарын сумен қамтамасыз ету тиімділігін арттыруға, құрғақшылықтан келетін шығынды азайтуға және өнімділіктің өсуін қолдауға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Әлеуетті экономикалық тиімділік жылына 35 миллиард теңгеге дейін бағаланады.
Ынтымақтастық аясында БАӘ Ұлттық метеорология орталығының мамандары Түркістан облысының мамандарын ауа райын модификациялау технологияларына оқытуды жүргізуде. Олардың қатарында метеорологтар, ұшқыштар, инженерлер және салалық мамандар бар. Сонымен қатар технологияны Қазақстанның басқа өңірлерінде кеңейту мүмкіндігі қарастырылып, отандық климаттық технологияларды қалыптастырудың іргелі негізі қаланып жатыр.
Жобаны іске асыруға Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Көлік министрлігі, Қаржы министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Энергетика министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі, Азаматтық авиация комитеті, “Казаэронавигация” және «Қазгидромет» қатысып жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
