![]()
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде жалпыхалықтық деңгейде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында аудан көлемінде «Жасыл болашақ» айдарымен ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы шараға аудан тұрғындары, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, ерікті жастар мен түрлі сала мамандарынан жалпы саны 15 мыңға жуық адам қатысты. 20 арнайы техника жұмылдырылып, белгіленген аумақтар толық қамтылды.
Табиғи ортаны жақсартумен қатар, келешек ұрпаққа жасыл әрі жайлы өмір сүру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған маңызды шара барысында аудан аумағында мыңға жуық көшет отырғызылып, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары атқарылды. Мың гектарға жуық аумақ тазартылып, 25 тонна қоқыс шығарылды.
Аудан тұрғындарының тазалыққа деген жауапкершілігінің айқын көрінісі болған санитарлық тазалық жұмыстары барысында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы, саябақтар мен скверлер, көпқабатты тұрғын үйлердің аумақтары мен арық-атыздар тазартылып, ағаштардың түптері әктелді.
Айта кетейік, аудан аумағында тазалықты сақтау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу мақсатында арнайы кесте бекітіліп, түсіндірме жұмыстары күшейтілген.
Бұдан бөлек «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Жасыл болашақ» акциясы ұйымдастырылып, Мақтаарал ауданында да кең көлемді сенбілік жұмыстары жүргізілді. Аталған игі шараға мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ аудан тұрғындары белсенді түрде қатысып, жалпы саны 10 мыңға жуық адам өңірдің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Сенбілік барысында аудан аумағында санитарлық-тазалық жұмыстары кешенді түрде жүргізілді. Атап айтқанда, орталық саябақтар мен скверлер, гүлзарлар, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың бойы, сондай-ақ елді мекендердегі орталық көшелер мен арық-атыз жүйелері қоқыстан тазартылды. Экологиялық акция аясында табиғатты көркейту және жасыл желекті көбейту мақсатында 1000 түп көшет отырғызылды. Сонымен қатар тазалық жұмыстарына 20-ға жуық арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде жалпы аумағы 1000 гектар жер тазартылды. Жиналған тұрмыстық қалдықтардың көлемі 20 тоннаға жуықтады.
Бұл ауқымды шара – қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды табиғатты аялауға шақыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сенбіліктер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады. Мақтаарал ауданының тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінің белсенділігі өңірдің тазалығы мен көркіне деген жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетті. «Жасыл болашақ» акциясы аясындағы жұмыстар ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға және келешек ұрпақ үшін таза әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Түнеугүні де «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Таза аула» экологиялық акциясы шеңберінде Мақтаарал ауданында ауқымды сенбілік жұмыстары өткен болатын. Тазалық шарасына аудан тұрғындары белсенді қатысып, елді мекендердің көркеюіне өз үлестерін қосты. Жалпы сенбілікке 4 мыңға жуық адам жұмылдырылып, 11 арнайы техника тартылды. Ұйымдасқан жұмыстың нәтижесінде аудан аумағынан 24 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылып, белгіленген орындарға жеткізілді. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаның тазалығын сақтауға және санитарлық жағдайды жақсартуға оң әсер етті.
Сонымен қатар сенбілік барысында абаттандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, 1520 түп ағаш әктеліп, 70 бағана жаңартылды. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы тазартылып, ретке келтірілді. Бұл жұмыстар аудан тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Айта кету керек, тазалық акциясына көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары ерекше белсенділік танытты. Олар аула аумақтарын тазалап қана қоймай, көркейту, көгалдандыру шараларына да атсалысты. Мұндай бірлескен жұмыстар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттыруға ықпал етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
