Түркістан облысы: Жетісайлық көзі тірі жалғыз майдангерге мерекелік сый-құрмет көрсетілді

1418 күн мен түнге созылған қайғы-қасіреті мол, адамзат тарихында ІІ Дүниежүзілік соғыс атауымен таңбаланған сұрапыл соғыста от кешіп, кеудесін оққа төсеген соғыс ардагерлерінің ерліктері ел есінде мәңгіге сақталып қала бермек. Ғасырдан-ғасырға жетерлік ауыр қасірет қалдырған осынау соғыстың зардабын шеккен жетісайлық Петр Папков 1925 жылдың маусымында Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген. Бүгінде аудандағы көзі тірі жалғыз майдангер саналады.

Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Ұлы Отан Соғысының соңғы солдатын «7 мамыр – ҚР Отан қорғаушылар күнi» және «9 мамыр – Ұлы Жеңiс күні» мерекелерімен құттықтап, сый-сияпат жасады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен аудан әкімі Серік Мамытовтың, ҚР Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың мерекелік құттықтауларын табыстап, 5 миллион теңге қаржының сертификатын, мерекелік себет тарту етті. Иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

1942 жылы әскерге алынған Петр Кузмич 73 гвардиялық армияға түсіп, №105 полк құрамында қызмет еткен. Киев, Бухарест, Венгрия қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан, құрылыс батальонында жүргізуші, құрылысшы болған майдангер 1950 жылы әскерден оралған. Қанды қырғынның соңғы нүктесін қойып, елге келгеннен кейін тұралап қалған ауыл шаруашылығы саласында, ауылдарды қалпына келтіру ісінде аянбай еңбек еткен. Трактор тізгіндеп, зейнетке шыққанша, адал еңбектің нанымен өніп-өседі. Өз кіндігінен өрбіген 4 қызынан немере-шөбере сүйіп отырған қарт майдангер Ұлы Отан соғысы мен Еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

Айта кетейік, бүгінде мереке қарсаңында аудандағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің екінші рет некеге тұрмаған 4 зайыбына 20 АЕК мөлшерінде, соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының орден-медальдарымен наградталған 198 адамға 15 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік жәрдемақы төленген.

Одан бөлек, 1986-1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Карабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамында болған 34 адамға, 1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде ТМД шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған ҚР 43 әскери қызметшісіне 30 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік жәрдемақы берілген.

Жетісайда қарт майдангерге Президенттің құттықтауы табысталды

Иә, Жетісай ауданында 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Папков ерекше құрмет көрсетілді. Ғасыр жасаған қарт майдангерге бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы мерекелік құттықтау хатын аудан әкімі Серік Мамытов салтанатты түрде табыс етті.

101 жастағы майдангерді құттықтау рәсіміне аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық сот төрағасы Ермек Қожамқұлов пен аудан прокуроры Мырзахмет Өтегенов қатысып, ел қорғаған ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, бейбіт өмір сыйлаған батырларға құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың парызы екенін атап өтті.

Папков Петр Кузьмич 1925 жылдың 20 маусымында Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс жылдарында Киев, Бухарест, Венгрия бағытындағы кескілескен шайқастарға қатысып, Отан үшін от кешті. Майдан даласындағы батылдығы мен жанқиярлығы — бүгінгі бейбіт өмірдің негізіне айналған ерліктің айқын көрінісі.

Соғыстан кейін, 1950 жылы елге оралған ардагер еңбек майданында да аянбай тер төкті. Трактор тізгіндеп, ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Ел алдындағы ерен еңбегі үшін «Ұлы Отан соғысы ардагері», «Еңбек ардагері», «Құрмет белгісі» секілді орден-медальдармен марапатталған.

Ардагерге көрсетіліп жатқан құрмет – елдің батырға деген тағзымының белгісі. Айта кетейік, ауданның соңғы майдангеріне 2024 жылы баспана кілті табысталған болатын. Бүгінде бір ғасырлық ғұмыр кешкен Петр Кузьмичтің өнегелі өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі. Ерлік пен елдік рухты дәріптеген ардагерлердің есімі халық жадында мәңгі сақталмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You