
Түркістан қаласында ҚР Оқу-ағарту министрінің «Бала үні – болашақтың үні» атты бастамасымен балаларға арналған «Балалар үні» өнер фестивалі өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, балаларды айтулы мерекесімен құттықтады.
– Бұл ерекше күн – болашағымыздың жарқын бейнесі саналатын сүйкімді балаларға деген шексіз сүйіспеншілік пен қамқорлықтың мерекесі. Әрбір баланың амандығы, бақытты балалық шағы – кез келген елдің, әр отбасының басты құндылығы. Біздің елімізде, облысымызда өсіп келе жатқан жасұрпақтың білімді, тәрбиелі, дені сау болып өсуіне барлық жағдай жасалып келеді. Мектептер мен балабақшалар бой көтеріп, түрлі мәдени-спорттық нысандар ашылуда. Бұл – Сіздердің болашағыңыз үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Фестиваль барысында облыстағы білім беру ұйымдарынан 20 мыңға жуық өнерпаз қамтылды. Қорытынды концертте сараптаудан өткен 600-ден астам оқушы өнерлерін ортаға салды.
Сонымен қатар қоғамның назарын баланың дауысына аудару, балалардың мектеп, қала және ел өміріне қатысуын кеңейту үшін арнайы дайындалған сұрақтарға жауап беру бойынша балалардың пікірлері, идеялары мен тілектерін білдіруге арналған челлендж ұйымдастырылды.
Сондай-ақ өнер фестивалінде білім беру ұйымдары заманауи, тақырыпқа және талғамға сай жасалған ұлттық бұйымдар, әр түрлі заттардың қосынды шығармасы, тұрмыстық қолданбалы бұйымдар, оқушылардың жеке шығармашылық бұйымдары мен ұстаздармен біріккен композициялық жұмыстарының қолөнер көрмелері ұсынылды.
Оқушылар сахна төрінде ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді насихаттап, жасөспірімдердің туған өлкесіне деген сүйсіпеншілігін ұлттық өнер арқылы көрсетті.
«Балалар үні» тақырыбында пікірсайыс ойыны өтті
Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған «Қазақстан балалары» ұлттық тұжырымдамасы аясында республика көлемінде жүзеге асып жатқан «Балалар үні» іс-шарасы Түркістан облысында мазмұнды әрі мәнді форматта жалғасын табуда.
Осы орайда, Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының бастамасымен облыс мектептерінен жиналған жас пікірсайысшылар арасында «Балалар үні» тақырыбында кең ауқымды пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды. Шараға өңірдің түрлі аудандарынан келген белсенді оқушылар қатысты. Олар арнайы құрылған фракциялар құрамында өз ойларын ортаға салып, өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарын дәлелдеуге тырысты.
Пікірсайыс – жай ғана ойын емес, ол – логикалық ойлау, шешендік, тыңдаушыны сендіре білу және қарсы пікірлерге құрметпен жауап беру мәдениетін қалыптастыратын алаң. Турнир барысында оқушылар балалардың құқықтары, қоғамдағы белсенділігі, білім беру жүйесі, цифрлық қауіпсіздік, экологиялық мәселелер, т.б. маңызды тақырыптар бойынша өзара пікір алмасты. Олар нақты мысалдар келтіріп, статистикалық деректер мен өмірлік тәжірибелерге сүйене отырып дәйекті ой қозғады.
Турнирге қатысқан жас пікірсайысшылар өздерінің сөз саптау шеберлігімен ғана емес, өзекті мәселелерге деген азаматтық ұстанымымен, терең ойлау қабілетімен және көшбасшылық әлеуетімен ерекшеленді. Олар еліміздің болашағына алаңдаулы екенін, жас буынның өзекті проблемаларды терең түсінетінін көрсете білді.
Түркістанда «Балтаңдай» облыстық балалар өнер фестивалі басталды
Бұдан бөлек Түркістан қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балтаңдай» облыстық балалар өнер фестивалі басталды. Өңірдің барлық аудан-қаласынан келген 9-15 жас аралығындағы жас өрендер екі күн бойы ән, би, сурет, терме, драма бағыты бойынша сайысады.
Фестиваль — өнерге бейімі бар балалардың шығармашылығын қолдау, олардың талантын көпшілікке таныту және рухани дамуына мүмкіндік жасауға бағытталған. Байқаудың әділ әрі кәсіби деңгейде өтуін қамтамасыз ету мақсатында қазылар алқасы құрамына өнер мен мәдениет саласында тәжірибесі мол, беделді мамандар тартылған. Олар әр қатысушының орындаушылық шеберлігіне, сахналық мәдениетіне, тақырыпты ашу деңгейіне және көркемдік мазмұнына жіті мән бере отырып, байқау талаптарына сай бағалайды.
Айта кетейік, кешеден бері «Фараб» кітапханасында сурет, терме және драма жанрлары бойынша байқау өтіп жатыр. Ал, бүгін «Керуен сарай» кешенінде қатысушылар ән және би жанрларында бақ сынайды.
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары әуежай ішін күймен көмкерді
Түркістан халықаралық әуежайында Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 100-ге жуық оқушысы бір мезетте домбыра тартып, жолаушылар мен қонақтарды өнерлерімен тәнті етті. Аталған мәдени іс-шара Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 2035 жылға дейінгі «Оқушылардың тұтас дамуы» стратегиясы аясында ұйымдастырылған «Домбыра» жобасының аясында өтті.
Талантты оқушылар «Кеңес», «Нәрағашы», «Келіншек», «Тепеңкөк», «Балбырауын», «Ертұран» сынды күйлерді орындап, әуежай ішін әсем күйге бөледі. Көпшілік шынайы алғыс білдіріп, ерекше әсермен тарқасты.
Іс-шара оқушылардың өнер арқылы рухани және адамгершілік құндылықтарын меңгеруіне, ұлттық мұраға деген құрметін арттыруға бағытталған. Домбыраның күмбірлеген үні көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, көрермендердің жүрегіне ұлттық рух, тәрбие мен мақтаныш сезімін ұялатты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
