Түркістан облысындағы тоңазытқыш шығаратын зауыттың жылдық қуаты 50 мың данаға дейін арттырылмақ

Loading

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «UBC Group» компаниясының құрылтайшысы Игорь Бурдыленкомен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірде жүзеге асқан инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы мен оларды одан әрі дамыту жолдары жан-жақты талқыланды.

Келіссөз барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экспорт көлемін ұлғайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Әсіресе, «UBC Group» компаниясының қатысуымен іске асқан жобалардың тиімділігін күшейту және оларды кеңейту мүмкіндіктері сөз болды.

Өз кезегінде Игорь Бурдыленко компания Орталық Азия нарығын тоңазытқышпен қамтып, отандық өндіріс көлемін ұлғайтуға ниетті екенін жеткізді. Айтуынша, кәсіпорын қуаттылығы кеңейтіліп, жаңа жұмыс орындарын ашу жұмысы жанданады. Осы ретте «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» тоңазытқыш шығару зауытының екінші кезеңі іске асырылу сатысына өтіп жатыр. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1,2 миллиард теңгені құрайды және өндірістік әлеуетті айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Жоба аясында жалпы ауданы 1900 шаршы метрді құрайтын жаңа өндірістік ғимарат салу көзделген. Аталған инфрақұрылым заманауи талаптарға сай жабдықталып, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталады сонымен қатар, кәсіпорында қосымша 50 жаңа жұмыс орны ашылып, өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Өндіріс орнының жылдық қуаттылығы 50 000 дана мұздатқыш шығаруға жетеді деп жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш кәсіпорынның ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттырмақ. Бұдан бөлек, жоба аясында 2 қосалқы өндіріс орнын іске қосу қарастырылған, бұл өндірістік тізбекті толықтырып, қосымша құнды арттыруға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта кәсіпорын өнімдері Өзбекстан және Қырғызстан елдеріне экспортталу үстінде. Алдағы кезеңде экспорт географиясын кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Әзірбайжан, Грузия, Армения, Моңғолия, Тәжікстан және Түрікменстан нарықтарына шығу көзделген.

Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты. Кездескен мәселелерді бірлесіп шешуге келісті.

Айта кетейік, былтыр Түркістан облысындағы шағын өнеркәсіптік парк аумағында «UBC Group» халықаралық компаниясының тоңазытқыш шығаратын «Jasyl suyq Qazaqstan» зауыты іске қосылған болатын. Жобаның алғашқы кезеңінде жылына 40 мың сауда тоңазытқышын шығару жоспарланып, 350-ге жуық адам жұмыспен қамтылған болатын. Жалпы, 1000 жұмыс орнын ашу көзделген және осы бағытта жоба кеңейтіліп жатыр.

Тағы бір атап өтерлігі, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысындағы шағын өндірістік парктерді құру тәжірибиесін басқа облыстарда қолдану жоспарланған. Тәжірибе алмасу мақсатында өңірлердің Түркістан облысына іссапарлары жалғасып жатыр. Бұл жолы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің салаға жауапты өкілдерінен құралған делегация Түркістан облысына арнайы іссапармен келіп, инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған аймақтарды аралады.

Іссапар барысында делегация Сауран ауданындағы «SAURAN» өндірістік паркінде болып, кәсіпорындардың жұмысын бақылады. Сонымен қатар Түркістан қаласында іске асырылып жатқан өндірістік парктердің құрылыс барысын көрді. Одан бөлек, Арнайы экономикалық аймақ және Индустриялды аймақта болып, сол аумақтарда орналасқан жобалармен танысты.

Жалпы, Түркістан облысындағы барлық аудан және қалаларда 25 шағын өндірістік алаң құрылып, 258 өндірістік ғимарат салынып жатыр. Қазіргі таңда 120 ғимараттың құрылысы аяқталды. Аталған аумақтарда жобаларды іске асыру есебінен өткен жылы 27 миллиард теңгеге импортты алмастыру тауарлары шығарылды. Іске қосылған жобалардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC Group», жиһаз өндіретін «Aqniet Holding», жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» компаниялары бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You