
Президент өз Жолдауында Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты күшейтуді тапсырған болатын. Көршілес Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Нысан кеден бекетімен заманауи қоймалар және өндірістік нысандармен интеграцияланған логистикалық орталық қызметін атқарады.
Мемлекет басшысы Орталық – еліміздің индустриялық қуатын арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бүгінде 7 инвестор Орталықта жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Нәтижесінде, өңір экономикасына 185 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1 175 жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Бюджетке қосымша салық түседі (355 миллион теңге). Бүгінгі таңда 8 өндірістік ғимарат пен ішкі инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы іске қосу жоспарланған. Жалпы, өнеркәсіп саласында биыл 107 миллиард теңгеге 22 жоба іске асырылып, 2 443 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, маңызды ірі жобалар:
— Созақ ауданындағы табиғи уран өңдеу кешені («Катко» ЖШС, құны — 35 миллиард теңге, 300 жұмыс орны);
— Отырар ауданындағы 2 мақта өңдеу зауыты («Kazakhstan Lihua» ЖШС, құны — 21 миллиард теңге, 960 жұмыс орны);
— Түлкібас ауданындағы «RC Cola» брендімен түрлі түсті сусын шығаратын зауыт («Beibars Bottlers» ЖШС, құны — 9 миллиард теңге, 96 жұмыс орны);
— Сайрам ауданындағы заманауи ет комбинаты («KazEcoMeat» ЖШС, құны — 8,5 миллиард теңге, 150 жұмыс орны);
— Ордабасы ауданындағы алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт («Central Asia Aluminium» ЖШС, құны — 8 миллиард теңге, 150 жұмыс орны).
Жыл соңында 103,5 миллиард теңгеге қосымша 8 өнеркәсіп жобасы іске қосылады деп межеленгенін де айта өтейік.
Өңірде отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылу үстінде. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған (308 миллиард теңге). Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 1 220 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде, бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылды. Парк аумағында жиһаз бен жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын өндірістер ашылды. Отандық өндірісті дамыту есебінен 27 миллиард теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткізілді.
«Алдағы уақытта бейнекамера мен медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елімізді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады», — дейді сала мамандары.
Шағын өндірістік алаңдарды дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлер де белсенді атсалысуда. Ақпараттандыру-түсіндірме жұмыстары «Кәсіпкерлікті қолдау орталығы» арқылы ұйымдастырылды. Нәтижесінде, Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылды. 30 миллиард теңгеге 115 жобаны іске асырып, 1 124 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр.
Ордабасы ауданында аумағындағы 10,5 гектар «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салынуда. Инвестиция көлемі — 10,4 миллиард теңге. 100 жұмыс орны құрылады. Жобаның мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, барлық аудандарда осы тәжірибені ендіру жұмыстары басталды.
Облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаң құрылды. Аумағы — 259,3 гектар. Негізгі бағыттар ретінде құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке, химия өнімдері өндірістері мен жеңіл өнеркәсіп айқындалды. Бүгінгі таңда 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы аяқтап, іске қосу көзделген. Нәтижесінде, өңір экономикасына қосымша 87,3 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Салада атқарған жұмыстар өз нәтижесін көрсетуде. Осы жылдың 10 айында өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 триллион теңгені құрап, өсім деңгейі 113,4%-ды құрады. Өсім қарқыны бойынша Түркістан облысы республикада алғашқы бестікте тұр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
