Түркістан облысында бағаны негізсіз көтерген 62 дүкенге айыппұл салынды

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жетекшілік ететін салаларының басшыларымен мәжіліс өткізіп, тапсырмалардың орындалуын саралады.

Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Анықталған бағаны негізсіз көтеру деректері өңірлік комиссияда қаралып, тиісті шаралар қабылдануда. Жыл басынан бері өңірлік комиссияның 44 отырысы өткен. Нәтижесінде 62 дүкенге әкімшілік шаралар қабылданып, айыппұл салынған.

Айтпақшы, Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізімін кеңейтуді ұсынды. Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқыға шығарылды.

Қазіргі тізімде 19 атау бар болса, жаңа жоба бұл санды 33 өнімге дейін ұлғайтуды көздейді. Жаңа тізімге қызанақ, қияр, алма, сиыр және қой етінің бірнеше түрі, балық, ультрапастерленген сүт, қаймақ, қатты ірімшік және қара шай сияқты тауарлар енгізілмек.

Ведомствоның мәліметінше, тізімді уақытша кеңейту ұсынысының басты мақсаты –
күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлікке қолжетімділікті арттыру және олардың бағасын тұрақтандыру.

Министрлік мұндай өзгеріс делдалдық тізбекті қысқартуға, үстеме бағаны негізсіз өсіретін кәсіпкерлерді айналымнан шығаруға, сондай-ақ өндірушілерге қосымша қолдау көрсетіп, олардың өндіріс көлемін арттыруға ынталандыратынын мәлімдеді.

ӘМАТ тізіміне енген тауар өндірушілері:

сауда желілеріне бонус немесе комиссия төлеуден босатылады;

жеңілдетілген тарифпен тасымалдау, коммуналдық қызмет бағасы, айналым қаражатын жеңілдетілген несиелеу секілді мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алады.

Жаңа тізімге кіретін 33 тауар:

  1. Бірінші сұрыпты бидай ұны
  2. Бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан
  3. Рожки (өлшеніп салынатын)
  4. Қарақұмық (дән, өлшеніп салынатын)
  5. Күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын)
  6. Картоп
  7. Сәбіз
  8. Пияз
  9. Орамжапырақ
  10. Қызанақ
  11. Қияр
  12. Алма
  13. Қант
  14. Күнбағыс майы
  15. Сүйекті сиыр еті
  16. Сүйексіз сиыр еті
  17. Тартылған ет
  18. Сүйекті қой еті
  19. Сүйекті жылқы еті
  20. Жаңа ауланған немесе салқындатылған балық (таран, теңге балық, көксерке, шортан, сазан, ақсақа)
  21. Мұздатылған балық
  22. Тауық еті (жамбасы, сирақ, тауық сан еті)
  23. Тауық
  24. Пастерленген сүт (2,5%)
  25. Ультрапастерленген сүт
  26. Айран (2,5%)
  27. Қаймақ
  28. Сүзбе (5-9%)
  29. Қатты ірімшік
  30. Сары май (тұзсыз, кемінде 72,5% майлылық, қоспасыз және өсімдік майларынсыз)
  31. Тауық жұмыртқасы
  32. Қара шай
  33. Ас тұзы («Экстра» санатынан басқа)

Айта өтерлігі, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы жалпы инфляция қарқынына қарағанда баяу өсіп жатыр. Алайда өңірлерде негізгі азық-түлік себетінің құны ресми көрсеткіштерден жиі асып түседі. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ел қалаларында әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының жылдық индексі орта есеппен 109,1%, яғни негізгі азық-түлік шамамен 9% қымбаттаған. Бұл көрсеткіш ресми тіркелген 12,4% жылдық азық-түлік инфляциясынан төмен.

Алайда өңірлердегі жағдай айтарлықтай әркелкі.

Ең «тұрақты» қалада өсім 106% шамасында болса, рейтингтің көшіндегі қалада көрсеткіш 114%-дан жоғары. Бұл елде инфляциялық қысымның әр қалада әртүрлі сезілетінін көрсетеді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары себетінің қымбаттауына негізінен келесі тауарлар әсер еткен:

  • сиыр еті (жауырын-кеуде бөлігі) – орташа индекс 126%;
  • күнбағыс майы – 120,7%;
  • қарақұмық – 116,5%, кей қалаларда 140–150%-ға дейін;
  • сүт өнімдері – сары май 112%, айран мен ірімшік 110%-нан жоғары.

Түркістан-Шымкент-Сарыағаш бағытындағы күре жол бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың қасбеттерін реттеу мәселесі де қаралды. Басқарма басшысының мәліметіне сәйкес, жол бойында 149 кәсіпкерлік нысан бар. Оның 85-і жөндеуді қажет етеді.

Нұрбол Тұрашбеков ұсынылған мәліметпен келіспейтінін айтты. Аудан-қала кесіндісі бойынша нысандардың санын қайта зерделеп, нақтылауды тапсырды. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесін жүйелі түрде ұйымдастыру маңыздылығын атап өтті.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлеповке аудан-қалалардағы күзгі ағаш отырғызу маусымының нәтижесін саралап, мәліметтерді сәйкестендіруді ескертті.

Ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков облыс аумағында мал қозғалысын тіркеу мен кіріс-шығыс есебін жүргізу барысында кездесіп жатқан өзекті мәселелерді жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары хаттамалық тапсырмалардың орындалуын да тексеріп, жауаптыларға тиісті міндеттер жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You