Түркістан облысында бас шыршаның шамы жағылды

Түркістан шаһарында Жаңа жыл мерекесіне орай «Жарқыра, Жаңа жыл шыршасы!» салтанатты іс-шарасы өтті. Түркістан қаласындағы Әкімшілік-іскерлік орталығы алаңында орнатылған бас шыршаның шамы жағылып, мерекелік кеш ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жиналған жұртшылықты келе жатқан жаңа 2026 жылмен құттықтады.

– Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз тағы бір белесті еңсеріп, күнтізбеде жаңа жылдың бетін айқара ашқалы отыр. Әрине тарихта әрбір жылдың орны ерекше. Әсіресе, біз үшін қастерлі саналатын жылқы жылын еліміз береке мен жетістіктер жылы деп санайды. Сондықтан, біз алдағы жылдан толайым табыстар, барлық саладан жетістіктер күтеміз. Өтіп бара жатқан жыл Қазақстан, оның ішінде Түркістан облысы үшін жарқын жетістіктерге толы болды. Мемлекет басшысының бастамасымен арнайы заң қабылданып, Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Өңірдің барлық саласы бойынша өсу байқалып, алдыңғы қатарлы облыстар сапынан бой көрсеттік. Облыс орталығы ғана емес, өңірдің барлық аудан, қалалары дамудың жаңа белесіне көтерілді. Мұның бәрі елдің игілігі, халықтың қамы үшін жасалған жұмыстардың оң нәтижесі. Жаңа жыл – көңілді әрі ерекше мереке. Әсіресе, осындағы балақайлар үшін бүгінгі мерекенің орны айрықша. Осы балаларымыз аман болып, бақытқа кенеле берсін. Баршаңызды жаңа жылмен құттықтай отырып, молшылық, бақыт, табыс тілеймін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Мерекелік кеште Аяз Ата мен Ақшақар, ертегі кейіпкерлері өнер көрсетіп, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шырша жағу рәсімі жаңа жылдық отшашуға ұласты. Мерекелік шарада елімізге танымал өнер жұлдыздары Зарина Омарова, Жігер Ауыпбаев, Асқар Жүнісбеков және Түркістан қаласының өнерпаздары өнер көрсетіп, әннен шашу шашты. Түркістан қаласы жаңа жыл қарсаңында ерекше сәнге бөленіп, түрлі жарықшамдармен көмкерілді.

Айта кетейік, Түркістан облысында жаңа жылдық безендірулерге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбеген.

Ал Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыс орталығындағы басты жаңа жылдық шыршаның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тексеру жұмыстарын жүргізді. Шыршаны безендіруде қолданылған электр гирляндаларының техникалық жай-күйі, электр сымдарының қауіпсіздігі, өртке қарсы арақашықтықтардың сақталуы және жанғыш материалдардың қолданылмауы жан-жақты қаралды. Сонымен қатар мерекелік іс-шаралар кезінде адамдар көп жиналатын аумақта эвакуациялық жолдардың ашық болуы мен өрт сөндіру құралдарының қолжетімділігі тексерілді. Жауапты мекемелер мен ұйымдарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау бойынша ұсыныстар беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мереке күндері кезекшілік ұйымдастырудың маңыздылығы атап өтілді.Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды мереке күндері өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және кез келген төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласуға шақырады

Сонымен қатар бүгін Жетісай қаласындағы орталық алаңда аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен жергілікті мәслихат депутаттары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Мұрат Ермеков пен қоғамдық ұйымдардың мүшелері, білім беру мекемелерінің басшылары, тұрғындар мен қонақтар Жаңа жыл мерекесінің шырайын келтіріп, келбетін айшықтай түсетін шырша шамын жағу рәсімін тамашалады.

Салтанатты шарада аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, ауданның өткен жылдағы толағай табыстарымен бөлісті, аудан халқын санаулы күндерден кейін келетін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

«Бүгiн баршамыз орталық алаңның сәнін кіргізіп тұрған шыршаның шамын жағып, мерекелiк шараларды бастауға жиналып отырмыз. Жаңа жыл – бәріміз ақ пейілмен асыға күтетін, қуанышқа толы ең жайдары, келер күнге мол сенім артатын ерекше мереке. Жылан жылы бірлік пен татулық сыналған жыл болды. Соның ішінде ауданымыз үшін ел тілегі жүзеге асқан, серпінді жобалардың орындалуымен есте қалды», — деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, мерекелік кеште Аяз ата мен Ақшақар бүлдіршіндермен би билесе, аудан өнерпаздары жиналған жұртшылыққа концерттік бағдарламаларын ұсынып көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мұнан өзге бүгін Мақтаарал ауданында жаңа жыл мерекесіне арналған басты оқиғалардың бірі – ауданның бас шыршасын жағу салтанаты өтті. Мерекелік кешке аудан тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсерге бөленді.

Салтанатты шарада Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов жиналған қауымды алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, өтіп жатқан жылға шолу жасап, жеткен жетістіктер мен атқарылған жұмыстар жөнінде атап өтті. Жаңа жылдан күтілетін игі бастамалар мен жарқын жоспарларға тоқталды. Өз сөзінде аудан әкімі тұрғындарға амандық, бірлік пен береке тілеп, өңірдің алдағы уақытта да дамудың жаңа белестерін бағындыратынына сенім білдірді. Осыдан кейін аудан басшысы бас шыршаны жағуға ресми түрде рұқсат берді.

Кештің сәнін келтірген басты кейіпкерлер – Аяз ата мен Ақшақар да мерекеге ерекше көрік қосты. Олар жиналған халықпен бірге кері санау жүргізіп, барша жұрттың қошеметімен ауданның бас шыршасы жарқырай жанды. Шыршаның шамдары жағылған сәтте алаңды шаттыққа толы қол шапалақ пен қуаныш кернеді.

Мерекелік бағдарлама одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік қойылымымен жалғасты. Ән мен күйден шашу шашқан өнер ұжымдары көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, кештің ажарын аша түсті. Әсем әуендер мен би қойылымдары тұрғындарға жаңа жылдық рух пен жылулық сыйлады.

Айта кетейік, бас шыршаны жағу рәсімі көпшілікке ұмытылмас әсер қалдырып, жаңа жыл мерекесінің басталғанын айшықтай түсті.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Мақтаарал аудандық төтенше жағдайлар бөлімі маңызды профилактикалық іс-шара өткізді. Атап айтқанда, бөлімнің ұйымдастыруымен аудан аумағындағы жалпы білім беретін мектептердің директорлары мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілеріне арналған арнайы семинар ұйымдастырылды.

Семинардың негізгі мақсаты – жаңа жылдық мерекелік іс-шараларды өткізу барысында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу және білім беру ұйымдары басшыларының жауапкершілігін арттыру болды. Іс-шара барысында төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары қатысушыларға өрт қауіпсіздігі, эвакуациялау жолдарын ұйымдастыру, электр желілерін дұрыс пайдалану, пиротехникалық бұйымдарды қолдануға қойылатын шектеулер туралы кеңінен түсіндірді.

Сонымен қатар, жаңа жылдық шыршаларды орнату кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау, безендіру барысында жанғыш материалдарды қолданбау, балалардың қатысуымен өтетін қойылымдарда жауапты тұлғаларды бекіту қажеттігі ерекше атап өтілді. Мамандар төтенше жағдай туындаған жағдайда алғашқы әрекеттер алгоритмін, жедел қызметтерге хабарласу тәртібін де егжей-тегжейлі баяндады.

Семинар барысында нақты мысалдар келтіріліп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар берілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша әдістемелік ұсынымдар ұсынылды.

Мақтаарал аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Басты мақсат – балалар үшін мерекелік көңіл-күй сыйлай отырып, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу, жаңа жыл мерекесін қауіпсіз әрі мазмұнды өткізу.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You