Түркістан облысында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Шексіз әлем» атты жаңа жылдық мерекелік іс-шара ұйымдастырылды

Loading

Бүгін Түркістан қаласындағы «Rixos» қонақ үйінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Шексіз әлем» атты жаңа жылдық мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараның басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балаларға қуаныш сыйлап, олардың қоғамдағы орны мен мүмкіндіктерінің шексіз екенін көрсету, сондай-ақ инклюзивті мәдениетті дамыту.

Мерекелік кешке Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаттары мен «AMANAT» партиясының облыстық филиалының басшылығы, құқық қорғау органдарының басшылары мен басқарма жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен 70-тен астам бала қатысты. Олар – облыстық басқармаға қарасты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының көмегіне жүгінушілер.

Іс-шара барысында балаларға арналған арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Жігері мұқалмаған ерекше балалар өнер көрсетіп, көпшілікті сүйсіндірді. Оларға белгілі өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар қолдау көрсетті.

Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, балаларға жаңа жылдық сыйлықтар табыстады. Өз сөзінде аймақ басшысы ерекше балаларды қолдау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті.

– Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер өмірге деген құштарлықтарыңыздың арқасында мойымай, мол жетістіктермен қуантып келесіздер. Мемлекет басшысы ерекше балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында оңалту орталықтарының желісін кеңейтуді тапсырған. Бүгінде өңірімізде ерекше балаларға тиісті қолдау шаралары көрсетілуде. Облысымызда балаларға арналған 5 оңалту және 6 «Қамқорлық» орталықтарында 15 мыңнан астам балаға қызмет көрсетілді. Құрметті жас достар! Бүгінгі іс-шара сіздер үшін арнайы ұйымдастырылып отыр. Жаңа жылда армандарыңыз орындалып, жетістіктеріңіз еселене берсін! – деді Нұралхан Көшеров.

Мерекелік кеш Аяз ата мен Ақшақардың жаңа жылдық құттықтауымен жалғасты. Танымал әнші Құрмаш Маханов бастаған өнерпаздар да жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды.

Иә, мүмкіндігі шектеулі жандар – қоғамның ең әлсіз әрі қорғансыз бөлігі. Олардың өздерін қоғамнан шет сезінбеулері үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалып, барынша қамқорлықтар көрсетілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ерекше күтімді қажет ететін және қиын тұрмыстық жағдайында қалған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға ерекше назар аударудың қажеттілігіне тоқталған болатын. Бұл бағытта бірқатар нақты тапсырмалар да берілген.

Берілген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында бүгін Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен де «Ұлжалғас ана» мейрамханасында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған дәстүрлі жаңа жылдық шырша мерекесі аталып өтті.

Аталмыш шараға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен ауданның бас имамы Бағдат Шаймерден, демеушілер мен бүлдіршіндер, ата-аналар қатысты.

«Тумысынан тағдырдың тауқыметін тартып, қиындықтармен күресіп келе жатқан бүлдіршіндеріміздің бүгінгі қоғамда бар екені ащы да болса шындық. Олар да өзгелердей өз қалауынша жүріп-тұруды қалайды, өзгелерден мейірім мен қолдау, көмек күтеді.

Бүгінгі мерекенің өтуіне атсалысқан әлеуметтік сала қызметкерлері мен қандай жағдай болса да бүлдіршіндерімізді мейірім мен махаббаттан қақпайтын, олардың болашағының жарқын болуы үшін атсалысып жүрген демеушілерімізге үлкен алғысымды айтамын. Мұндай игі шаралар әр баланың әлеуметтік бейімделуіне оң әсерін тигізіп, мерекелік қуаныш сыйлайтыны сөзсіз» деген аудан басшысы жұршылықты жаңа жылмен құттықтап, демеушілерді алғыс хаттармен марапаттады. Бүлдіршіндерге мерекелік сый-сияпаттарын табыс етті.

Балалардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға және қоғамның оларға деген қамқорлығын арттыруға бағытталған мерекелік кеш барысында концерттік бағдарлама ұсынылып, ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен ойын-сауық қойылымдары қойылды. Балалар ән айтып, би биледі.

Сала мамандарының мәліметінше, аудандағы есепке алынған 2 мыңға жуық мүгедектігі бар балалардың 291-і аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде қызмет алады. Одан бөлек, 115 балаға бөлімге қарасты «Психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған «Балдәурен» және «Үміт ұясы» күндіз болу орталықтарында» қызмет көрсетіледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You