
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.
– Мемлекет басшысы халқымыздың тамыры ауылда екенін ерекше атап өтті. Облыс халқының 75 пайызы ауылдық жерлерде қоныстанған. Сондықтан өңірімізде ауылды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Облыста жалпы 2,1 миллион тұрғын немесе 98,5%-ы ауыз сумен қамтылған (763 елді мекен). Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су құбырына қосылып, 11 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға жетеді деп жоспарланып отыр. Ауыз суды кестемен ішетін 192 елді мекеннің мәселесін алдағы 3 жылда толық шешу жоспарланған.
Сарыағаш пен Отырар аудандарында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен бірнеше елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Сарыағаш ауданының Жібек жолы ауылдық округіндегі Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе және Сарқырама, Жаңақұрылыс елді мекендері ауыз су жүйесі іске қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев пен Түркістан облыстық мәслихат депутаттары, аудан прокуроры Мақсат Мошхалов, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы және ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіндегі елді мекендерге арнайы барып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында ауылдастарымызбен бірге қуанышты жаңалыққа куә болып отырмыз. Ең алдымен, жылдар бойы күткен таза ауыз судың әрбір үйге жеткізілуімен баршаңызды құттықтаймын. Аудан тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді аудан әкімі.
ҚР Президентінің тапсырмасы аясында мемлекетук қайтарылған активтер есебінен Жібек жолы ауылдық округінің 5 елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бүгін пайдалануға берілген ауыз су жүйесі шамамен 16 мың абонентке сапалы су жеткізуге қауқарлы. Ауыз су құрылысын «FS Development Group» ЖШС жүргізді.
Айта кетейік, Сарыағаш ауданында жалпы 1 қала, 13 ауылдық округ бойынша 63 елді мекен бар. Оның ішінде, 50 елді мекен жалпы 79,3 пайызға орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Қазіргі таңда 13 елді мекеннің 9-ында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе және Сарқырама, Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, нәтижесінде аудан бойынша орталықтандырылған сумен қамтылған елді мекендер саны 54-ке жетіп, көрсеткіш 85,7 пайызға орындалды.
Мұнан өзге Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтерінің бірқатар елді мекендеріне де орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, депутаттар мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарынның қуанышын бөлісіп, құттықтады.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымыздағы шалғай елді мекендердің таза ауыз суға қол жеткізуі – мемлекетіміздің халық игілігі жолындағы табанды еңбегінің нақты нәтижесі. Президентіміздің тапсырмасы аясында мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға бағыттау – елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бүгін іске қосылған жаңа ауыз су жүйесі мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл – ауданымыздың даму жолындағы үлкен жетістік, – деді аудан әкімі.
Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Әлімтау ауылдық округінің Тасқұдық, Жылға ауылдық округінің Шеңгелді, сондай-ақ Дарбаза ауылдық округінің Сарысу елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» ЖШС атқарды.
Сарыағаш ауданында бүгінгі таңда 1 қала, 13 ауылдық округ бар. Онда жалпы 63 елді мекен орналасқан. Соңғы жылдары ауыз су инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұған дейін 79,3 пайызды құраған орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші айтарлықтай өсуде. Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, көрсеткіш 85,7 пайызға жеткен болатын.
Бұл жолы қосылған Сарысу, Тасқұдық, Шеңгелді елді мекендеріндегі ауыз су жүйесінің есебінен тіршілік нәрімен қамтылған ауылдар саны 59-ға, ал көрсеткіш 93,7 пайызға дейін артты.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Жартытөбе ауылдық округіндегі Достық елді мекені де орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.
Аталған нысанның іске қосылуына арналған салтанатты шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат депутаттары, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, аудан басшысына алғыстарын білдірді. Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Достық елді мекенін ауыз сумен қамту мақсатында республикалық бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстарын «Универсал Строй Сервис» ЖШС жүзеге асырды. Жоба аясында сыйымдылығы 500 текше метр болатын 2 су резервуары, бірінші және екінші көтерілімдегі насостық станциялар, сондай-ақ қуаттылығы 63 кВА трансформатор қондырғысы орнатылды. Нәтижесінде 890 абонент таза ауыз сумен қамтылды.
Айта кетейік, биыл Сарыағаш ауданында жалпы 8 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Ауыз сумен қамту деңгейі 12,76 пайызға артып, 92,1 пайызды құрады.
Тағы бір атап өтерлігі, Тәуелсіздік күні қарсаңында Отырар ауданына қарасты Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйесін жүргізу мен имаратының құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар таза ауыз сумен қамтылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, Отырар ауданының прокуроры Әмір Қабдырахманов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Аталған нысанның құрылысы мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып отыр.
Нысанның құрылыс жұмыстары «Exclusive Project company» ЖШС-і мекемесі тарапынан жүргізілген. Жобаға сәйкес, 11 560 метр су құбыры жүргізіліп, 65-ке жуық отбасы ауыз сумен қамтылды. Құрылыс нысанында 1250 метр (2 дана) су ұңғымасы қазылып, су сорғы станциясының имараты салынған. Айта кетсек, бүгінде аудандағы 38 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізіп отыр.
Ордабасы ауданының тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтылды
Ордабасы ауданының тұрғындары қазіргі таңда 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылып отыр. Өткен жылы аудандағы 57 елді мекеннің 54-і орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген болатын. Бұл жалпы қамту деңгейінің 94,7 пайызы болатын. Ауыз су мәселесін толық шешу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында биыл Мәдениет, Ынтымақ және Жұлдыз елді мекендерінде күрделі құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, барлық елді мекендер толық ауыз сумен қамтылды.
Қолданыстағы су жүйелерінің тұрақты және сапалы жұмысын қамтамасыз ету үшін аудан бойынша бірқатар елді мекендерде ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Атап айтсақ, Ақбұлақ, Қайнар, Ұялыжар, Ықыластемір, Теспе, Жамбыл, Бірлік, Бөген, Жеңіс, Қызылжар және Көктөбе ауылдарында су құбырлары жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстар тұрғындарға үздіксіз және қауіпсіз ауыз су жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, аудандық бюджет есебінен Төрткүл, Көкарал, Бадам, Шұбар, Бөген және Қарақұм елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құруға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалған. Құжаттар құрылыс жұмыстарын бастау үшін қажетті қаржыны қарастыру мақсатында уәкілетті органдарға ұсынылған. Жалпы, Ордабасы ауданында ауыз су мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға маңызды үлес қосуда.
Өңірде биыл газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 миллион 900 мыңға немесе 88,9%-ға жетпек
Табиғи газбен 1 миллион 834 мың адам (563 елді мекен) қамтылып, жалпы қамту деңгейі 85,5%-ды құрады. Биыл қосымша 37 елді мекенге газ құбыры тартылуда. Нәтижесінде газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 миллион 900 мыңға немесе 88,9%-ға жетпек (600 елді мекен).
Осы ретте айта өтейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 34 жылдық мерекесі қарсаңында Мақтаарал ауданы Достық ауылдық округіне қарасты 3 мыңға жуық тұрғыны бар Ж.Қалшораев ауылына табиғи газ берілді. Көп жылдан бері күткен игіліктің жүзеге асуы ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.
Ауылға «көгілдір отынның» қосылуына орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Әкім ауыл халқына жаңа мүмкіндіктің құтты болуын тілеп, бұл жобаның мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған зор қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, табиғи газ – тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдететін, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және экономикалық тұрғыдан тиімді ресурс.
Ж.Қалшораев ауылының тұрғындары үшін бұл – тұрмыс сапасын арттыруда үлкен серпіліс. Бұрындары сұйытылған газ баллондарын пайдаланып келген халық енді қауіпсіз әрі үздіксіз жылу көзіне қол жеткізді. Бұл, әсіресе, қыс мезгілінде тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасаумен қатар, экологиялық тұрғыдан да тиімді шешім болмақ.
Аудан басшысының айтуынша, елді мекендерді газға қосу жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде аудан халқының әл-ауқатын арттырып, ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтермек. Жалпы 2026 жылы аудан 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз етілмек.
Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары аудан әкімдігіне және іске атсалысқан мамандарға алғыстарын айтып, табиғи газдың келуі – ауыл өмірін жаңа арнаға бұратын қуанышты оқиға екенін жеткізді.
Жалпы, Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі «көгілдір отынмен» қамтылып, газ пайдаланушы елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жетіп отыр.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту тапсырмасына сәйкес Тәуелсіздік күні қарсаңында тағы бір елді мекенге «көгілдір отын» берілді.
Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа ауыл елді мекеніне газ беру рәсіміне аудан әкімі Серік Мамытов пен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы Жетісай газ шаруашылығының директоры Бақтыбай Акеев, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков қатысып, тұрғындарды қос қуанышпен құттықтады. Жылдар бойы қатты отынмен бойларын жылытып, күл шығарып келген 2460 тұрғын енді қаладағыдай табиғи газды тұтынатын болады.
«Біз ел Президенті мен облыс басшысының инфрақұрылымды жақсартып, ауылдарды дамыту жөнінде берген тапсырмалары аясында қарқынды жұмыс жүргізіп келеміз. Қаржының мүмкіндігіне қарай инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Бір ауылға газ берсек, екінші ауылдың жолдарын, ал, үшінші ауылдың ауыз суы мен жарықшамдарын жөндеудеміз. Ешбір елді мекен мемлекеттің назарынан тыс қалмайды», — деді аудан әкімі Серік Үсенұлы.
Елді мекендерді газдандыру жұмыстарының қарқынды жүргізілуінің нәтижесінде өткен жылы ауданда 4 елді мекен көгілдір отынға қосылса, жыл басынан бері 13-ші елді мекенге газ беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 7 елді мекенді «көгілдір отынға» қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Айта кетейік, шара барысында ауыл азаматтарына газ инспекциясы өкілдері тарапынан газ құрылғыларын дұрыс пайдалану бойынша ережелер түсіндіріліп, жаднамалар таратылды.
Сонымен қатар Түркістан облысында екі жылда 66 елді мекеннің электр жүйелері жаңғыртылып, сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Биыл облыста 289 нысанға немесе 1 236 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысына сәйкес, 951,4 шақырым пайдалануға беріліп, жолдардың нормативті үлесі 94,7%-ға жеткізіледі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
