Түркістан облысында ірі электр станциялары салынып жатыр

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеген болатын.

– Мемлекет басшысы жасыл экономика, оның ішінде баламалы энергия көздерін дамыту – ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі болатынын атап өтті. Өңірімізге қажетті электр қуатының 75%-ын сыртқы көздерден тасымалдауға мәжбүрміз. Аталған мәселені шешу үшін маңызды жобаларды қолға алдық. Сонымен бірге күн, су және жел электр станцияларын көбейту бағытында да инвесторлармен келіссөздер жүргізілді, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Қуат көздеріне қатысты ауқымды жобаларға тоқталсақ, «Самұрық-Қазына» қорының көмегімен Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын бу-газ станциясының құрылысы басталды. Жоба құны – 800 миллиард теңге. Келесі жылы құрылысын аяқтау жоспарлануда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы жеке инвестор есебінен Кентау қаласында қуаты 240 МВт болатын газ турбина станциясы салынады. Жалпы құны – 155 миллиард теңге. Бүгінгі таңда конкурстық рәсімдер мен келісімшарт түзу жұмыстары аяқталды. Нысан құрылысын 2 жылда аяқтау жоспарланған. Түлкібас ауданында 320 МВт болатын бу-газ және Сауран ауданында 485 МВт болатын 2 күн электр станциясының жобалары әзірленуде. Іске асыру мерзімі – 2025-2027 жылдар.

Бәйдібек ауданында қуаттылығы 350 МВт болатын жел электр станциясының құжаттары рәсімделуде. Іске асыру мерзімі – 2026-2028 жылдар. Аталған жобаларды іске асыру есебінен экономикаға жалпы 1,8 триллион теңге инвестиция тартылып, 2,4 ГВт электр қуаты өндіріледі. Нәтижесінде өңір жаңа өндірістерді ашуға қажетті электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

Орайы келгенде айта өтейік, өңірде тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету бойынша, электр энергетикасын өндіру және тиімді пайдалану саласында бірқатар жұмыстар атқарылды. Тұрғындарды 2025–2026 жылдардағы жылу беру маусымында жылумен қамтамасыз ету бойынша жылу желілерін реконструкциялауға облыстық бюджеттен 3 нысанға 2,3 миллиард теңге қарастырылып, бөлінген қаражат толық игерілді. Аталған қаражат есебінен 42 шақырым жылу желілері толықтай қайта құрылды. Жылу желілерінің реконструкциялау жұмыстары:

  • Магистралды жылу желілерін реконструкциялау бойынша 1 шақырымы;
  • Ішкі орам жылу желілерін реконструкциялаудың І кезегі 6 шақырымы;
  • Ішкі орам жылу желілерін реконструкциялаудың ІІ кезегі 35 шақырымы 2026 жылға жалғасады.

Бұдан бөлек, стансаның жабдықтарында, турбоагрегаттарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның нәтижесінде электр энергиясын өндіру көлемі 5 МВт-тан 10 МВт-қа дейін артты. 2024–2025 жылдары Кентау жылу энерго орталығында 6 қазандықта толық реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 8 қазандыққа басқарудың автоматтандырылған жүйесі орнатылып, жалпы жылу беру процестері автоматтандырылды.

Түркістан облысында өндірілетін электр энергия көлемін ұлғайту мақсатында 2025-2028 жылдары Сайрам ауданында 1 000 МВт бу-газ стансасы, Түлкібас ауданында 320 МВт, Кентау қаласында 240 МВт (МЖӘ арқылы) газ турбина стансаларын салу көзделген. Оған қоса, 2026-2028 жылдары Сауран ауданында қуаты 485 МВт (2 жоба) күн, Бәйдібек ауданында қуаты 350 МВт жел электр стансаларын салу жоспарлануда. 2025 жылы Төлеби ауданында 110 кВ «Алатау» (іске қосылды), Жетісай ауданында 110 кВ «Жетісай» қосалқы стансаларының (РБ, ОБ есебінен) іске қосылады.

Сонымен қатар Ордабасы ауданында 220 кВ «Бадам» қосалқы стансасының құрылысы 2025 жылдан бастап іске асырылуда. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС 2025 жылы инвестициялық бағдарламасына сәйкес, 6 дана – 110-35 кВ-тық қосалқы станса, 356,8 шақырым – 110–0,4 кВ электр желісін, 89 дана – 10/0,4 кВ трансформатор қондырғыларына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде 2025-2026 жылдарға 4,6 миллиард теңге қаралып, 48,7 шақырым құрайтын жоғары кернеулі әуе электр желілерін реконструкциялау жұмыстары іске асырылуда. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС 2025-2029 жылдары жалпы 113,1 миллиард теңге келесі жұмыстар жоспарланған. Атап айтқанда:

— 778,9 шақырым – электр желілеріне;

— 23 бірлік – қосалқы стансаларына;

— 343 бірлік – трансформаторға реконструкциялау жоспарланған.

Сонымен қатар Сайрам ауданында 220 кВ «Ақсу», Сарыағаш ауданында, «Жібек жолы», Отырар ауданында «Шәулдір» қосалқы стансалардың құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар энергетика саласында цифрландыруды іске асыру мақсатында 146 қосалқы стансаға жоғарғы деңгейдегі 959 дана және төменгі деңгейдегі 92 913 дана «АСКУЭ» есептегіш құралдарын орнату қарастырылған. Нәтижесінде, 2029 жылға қарай электр желілері мен стансалардың тозу деңгейі 57%-дан 52,8%-ға төмендеп, қосымша 330 МВт электр энергия пайда болады деп жоспарланған.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жобаның бәрін дер кезінде іске асырып, экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет»

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Жобаның бәрін дер кезінде іске асырып, экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет. Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мысалы, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергияның үлесін едәуір арттырады.

Бірақ Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін өзгерту емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы.

Осы орайда, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұруымыздың мән-маңызы айрықша.

Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба «Росатоммен» бірге жүзеге асырыла бастады.

Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек.

Жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуде елдеріміздің атом саласындағы стратегиялық серіктестігі туралы уағдаластыққа қол жеткіздік.

Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын. Бұл ұстаным еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына сай келеді.

Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан. Сондықтан оның табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Өзіміздің табиғи артықшылықтарымызды ел игілігіне дұрыс пайдалана білу керек», — деген болатын.

Осыған орай биыл қазан айының 28-сінде Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов энергетика саласындағы 2035 жылға дейінгі міндетті атады. Ол атағандай, бүгінде энергетика саласы әлемдік экономикада маңызды рөл атқарады. Электр энергетикасының дамуы ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарынан бастап шағын бизнеске дейін бүкіл өнеркәсіп саласының өсу қарқынына тікелей әсер етеді.

«Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына өте ауқымды міндет қойып отыр. Яғни 2035 жылға дейін жалпы қуаты 26 ГВт болатын жаңа энергия көздерін іске қосуымыз керек», — деп атап өтті О.Бектенов.

Ол үшін дәстүрлі генерациямен қатар, жаңартылатын қуат көздері және атом энергиясы сияқты баламалы энергетиканы дамыту бағытында да белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі таңда электр энергиясының негізгі генерациясын көмір станциялары өндіреді. Сондықтан біз алдағы уақытта дәстүрлі энергетиканы дамытуға да баса мән беретін боламыз. Сонымен бірге қолданыстағы энергия көздері мен коммуналдық желілерді жаңғырту және кеңейту шаралары іске асырылып жатыр», — деді Премьер-министр отырыста.

Оның айтуынша, республиканың батыс аймағын Бірыңғай энергетикалық жүйемен біріктіру, сондай-ақ оңтүстік аймақтың желілерін күшейту қолға алынды.

«Осы міндеттерді жүзеге асыру еліміздің барлық өңірін энергиямен сенімді түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрбір пайыз қосылған қуат көзі экономиканың өсуіне, жаңа инвестициялардың келуіне жол ашады», — дейді Үкімет басшысы.

Ал 17 желтоқсан күні Энергетиктер күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Президенті атынан кәсіби мерекесімен құттықтап, сала қызметкерлері мен ардагерлеріне мемлекеттік наградалар табыс ету барысында: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің алдымызға энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша стратегиялық міндет қойды. Осы орайда өндіріс орындарының тиімді жұмысы, шағын және орта бизнестің дамуы, коммуналдық сектордың тұрақтылығы және азаматтарымыздың тұрмыс сапасы бірінші кезекте энергетиктердің табанды еңбегімен тікелей байланысты екенін атап өткім келеді», — деді.

Премьер-министр энергетика саласындағы негізгі жетістіктерді атап өтті. Онда бүгінгі таңда 53 мыңнан астам маман: монтерлер, электротехниктер, инженерлер, операторлар және басқа да кәсіп өкілдері еңбек етеді.

Еліміздің Бірыңғай энергетикалық жүйесі ірі инфрақұрылымдық кешен ретінде тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Биыл электр энергиясын өндіру көлемін 122 млрд киловатт-сағатқа дейін ұлғайту жоспарланған (2024 жылы – 117,9 млрд киловатт-сағат). Президент тапсырмасы бойынша электр энергетикасы саласын жаңғырту және дамыту бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде энергия өндіруші кәсіпорындардың жобалық қуаты мен сенімділігі артып, жылу электр стансаларының орташа тозу деңгейі 61%-ға дейін төмендеген.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы генерация секторына капиталдың нақты ағынын қамтамасыз етті. Мәселен, биылдың өзінде электр стансаларын жаңғыртуға шамамен 350 млрд теңге бағытталды. Оңтүстік аймақтың электр желісін күшейту және Батыс Қазақстанның энергия жүйелерін Бірыңғай энергетикалық жүйемен біріктіру жөніндегі жобаларды жүзеге асыру басталды.

Сондай-ақ Олжас Бектенов 2025 жыл энергетика саласы үшін сапалы өзгерістерге толы болғанын атап өтті. 

Ал бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Оған Экология және табиғи ресурстар, Энергетика министрліктерінің, Павлодар облысының және Алматы қаласының әкімдері, ірі энергетикалық кәсіпорындардың басшылары мен сарапшылар қоғамының өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысының энергетика саласын жаңғырту бойынша «ең үздік қолжетімді техникаларға» көшу және орнықты даму есептілігін (ESG) кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға назар аударылды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанның энергетика саласына ластаушы заттардың жалпы көлемінің жыл сайынғы шамамен 39%-ы тиесілі екенін баяндады. Өңірлер арасында ластаушы заттар көлемінің басым бөлігі Павлодар облысына тиесілі, ондағы негізгі ластаушылар – Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2. Сонымен қатар, Алматы қаласында да ауаның ластануының жоғары деңгейі сақталып отыр. 

Эмиссияларды қысқарту мәселелері бойынша «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ және «Алматы электр стансалары» АҚ басшылары тыңдалды. Орнықты даму қағидаттарын сақтау мақсатында үш нысанда эмиссияларға мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесі (МЖАЖ) енгізіледі. Деректер Экология министрлігіне нақты уақыт режимінде беріледі. Толық қосылу 2026 жылға жоспарланған.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Президенттің «таза көмір» технологияларын пайдалану жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы хабардар етті. Мәселен, жүргізіліп жатқан жаңғырту шеңберінде жаңа кәсіпорындар неғұрлым қатаң экологиялық стандарттар мен талаптар негізінде жұмыс істеуде.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша міндеттер қойды. Біз «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын дәйекті түрде жүзеге асырып келеміз, онда ауаның ластануын азайту және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша негізгі индикаторлар айқындалған. Оларға қол жеткізу – барлық жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тікелей міндеті. Өз кезегінде кәсіпорындар қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуды және күл-қоқыс қалдықтарын қайта өңдеуді қамтамасыз етуі қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Одан бөлек Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына энергетика саласын түпкілікті жаңғырту міндетін қойды.

«Таза көмірдің» заманауи технологияларына тез көшу керек. Бұл көмір электр стансаларының тиімділігін арттырады және қоршаған ортаға зиянды заттар бөлуді азайтады. Әсіресе біз осындай қорға ие бола тұра, көмір генерациясынан бас тарта алмаймыз, бұл – объективті шындық. Сондықтан оны қолдана беретініміз анық. Бұл ретте көмірден энергия өндіретін барлық қуат көздері заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Жаңа технологиялар көмірді жағу кезінде зиянды қалдықтар көлемін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Энергия көздерін жаңғыртудағы әрбір жұмыстың нәтижесі ластаушы заттарды ең аз бөлу талаптарына сәйкес болуға тиіс. Бұған ұмтылу керек және осы басты межеден ауытқымау қажет. Біздің алдымызда үш ЖЭО салу бойынша және Екібастұздағы жаңа энергоблоктар бойынша үлкен жобалар тұр. Бұл жаңа жобалардың барлығы зиянды қалдықтарды мүлдем шығармайтындай жаңа талаптар бойынша жүзеге асырылады», — деп атап өтті Премьер-министр.

Жиын қорытындысы бойынша Олжас Бектенов заманауи «таза көмір» технологияларына жедел көшуге қатысты шара қабылдауға тапсырма берді. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу жобаларын жүзеге асыру кезінде тек қана таза технологиялар қолданылуы керек.

Энергетика министрлігіне энергетика секторын цифрландыру бөлігінде ЖИ-дің озық технологияларын, сондай-ақ салада қолдану үшін қолда бар отандық цифрлық шешімдерді зерделеу тапсырылды.

Бұдан басқа, қайта өңдеу мен кәдеге жаратудың заманауи технологияларын енгізу арқылы барлық қалдықтарды кейіннен қайталама айналымға тарта отырып, барлық өнеркәсіптік қалдықтарды түгендеуді жүргізу тапсырылды.

Қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін Қазақстандағы ең ірі ТОП-50 компания «ең үздік қолжетімді технологияларды» енгізу негізінде кешенді экологиялық рұқсаттар алу рәсімін бастады. Бүгінде тиісті жол карталары жүзеге асырылуда.

Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке экологиялық талаптарды күшейту, таза технологияларды жедел енгізу және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You