
Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасында Түркістан облысында шитті мақтаны өсіру және терең өңдеу бойынша инвестициялар туралы келісім жасауды мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Толық циклді жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу бойынша қойған тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейді. Жобаның мақсаты – алқапта мақта өсіруден бастап дайын киім өндіруге дейін өндірістің толық циклін қалыптастыру. Нәтижесінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жер алаңында Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру жоспарланып отыр. 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады.
Инвестор – қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd.» компаниясы. Жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде 58 миллиард теңгеден астам инвестиция көзделген, шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 200 миллиард теңгеден асады, бұл туралы бұрын Премьер-министр Олжас Бектенов пен «Xinjiang Lihua» басшысы Чжан Цихайдың келіссөздері барысында уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын.
Бұрын соңды мұндай ауқымда қолданылмаған технологиялық шешімдерді енгізу көзделуде: тамшылатып суарудың тиімділігі жоғары жүйесі бар 196 сорғы стансасын, 500 шақырымнан астам суару және тарату арналарын, үш ірі сорғы кешенін және үш трансформаторлық қосалқы стансаны, тыңайтқыштарды интеграцияланған әдіспен беру жүйесін, сондай-ақ әлемдік жетекші өндірушілердің заманауи ауыл шаруашылығы техникасын – жоғары қуатты тракторларды, мақта жинау машиналарын, бүріккіштер және мамандандырылған құрылыс техникасын пайдалану.
Сонымен қатар кешен аумағында полиэтиленді қайта өңдеу және тамшылатып суаруға арналған құрал мен иілгіш құбырларды шығару бойынша желі құрылады, бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және мақта өсіруден бастап иірілген жіп, маталар мен киімдерді шығаруға дейінгі тұйық өндірістік циклды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 70-75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның 85%-ы экспортталады.
Жобаны жүзеге асыру ел ішінде терең қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға, қосылған құны жоғары дайын тоқыма өнімдерін шығаруды кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл тұтастай алғанда отандық тоқыма өнеркәсібінің өндірістік базасын нығайтады, экспорттық әлеуетті арттырады, сондай-ақ шағын және орта бизнесті – логистиканы, техниканы жөндеуді және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту үшін драйвер болады.
Анықтама үшін айта өтейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мақта дәстүрлі түрде отандық мақта өсіру орталығы болып саналатын Түркістан облысының егіс алқаптарының 15,9%-ын алып жатыр. Биыл 144,5 мың гектар алқапқа дақыл егілді, оның ішінде 50 мың гектар – тамшылатып суаруды қолдану арқылы.
2025 жылы орташа өнімділігі 29,6 центнер/гектар болатын 428 мың тонна шитті мақта жиналды – бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұндай жетістікке суды үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруды қамтамасыз етудің нәтижесінде қол жеткізілді.
Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы бойынша республикадағы жалпы өнім көлемінің 13 %-ы Түркістан облысына тиесілі. Осы жылдың 10 айында бұл салада 1,1 триллион теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 183 миллиард теңгеге немесе 21 пайызға өскен. Су үнемдеу технологиялары 114 мың гектарға енгізілді. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егілді (өсу +34 мың гектар).
Мақта жаңа әдіспен 52 мың гектарға егіліп, өнімділік 2 есеге артты. Мақта-тоқыма кластері бойынша құны 201 миллиард теңгелік 5 жоба іске асуда. Бұл жобалар 7 мыңнан астам жұмыс орны ашуды көздейді.
Жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс жиналды (республикалық үлес – 76%).
Ірі қара мал (ІҚМ) еті экспорты – 27,2 мың тонна, қой еті – 20 мың тонна. ІҚМ етінің 80%, қой етінің 75% экспортын Түркістан облысы береді. Ет кластерінде құны 48,9 миллиард теңгелік 7 жоба іске асуда. Нәтижесінде жылына қосымша 35 мың тонна ет өндірілмек.
АӨК саласында 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасы бойынша 295,5 миллиард теңгелік 78 жоба жүзеге асады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция 155,6 миллиард теңге болды (+1,1 есе). Тамақ өндірісіне 31,5 миллиард теңге инвестиция тартылды (+1,3 есе). Ауыл шаруашылығы экспорты 355,5 миллион доллар болды (+1,1 есе). Жалпы өнім көлемі 1 триллион 86,9 миллиард теңгеге жетті. Жыл соңында өнім көлемі 1 триллион 207 миллиард теңге, НКИ 105%-ға жетеді деп күтіліп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
