
Отырар аудандық мәдениет сарайында республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы жоғары деңгейде өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген жыршы-термешілер ұлттық өнерді дәріптеп, сөз құдіретін насихаттады.
Байқаудың негізгі мақсаты ұлттық тәрбиені, халықтық өнерді насихаттау, тіл мәдениетін дамыту, дәстүрлі ән-терме өнерін дәріптеу, ұмыт бола бастаған шығармаларды жаңғырту, жас орындаушылардың шығармашылығын шыңдау және өнер иелері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау болып табылады. Өнер додасына қатысушылар дәстүрлі терме орындаудағы шеберліктерін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың Бас жүлдесін Лес Ернұр (Түркістан облысы) иеленсе, І орынмен Қуаныш Алғазиев (Қызылорда облысы) марапатталды. ІІ орын Нұрәли Есхат (Жетісу облысы) пен ақмолалық Есімхан Жасұланға бұйырды. Ал ІІІ орынды қызылордалық Сырсұңқар Базарбайұлы, павлодарлық Базарбай Азамат және түркістандық Сатыбалды Мағжан өзара бөлісті.
Сонымен қатар арнайы жүлделер де табысталды. Атап айтқанда, Құлыншақ Кемелұлы атындағы арнайы жүлдені — Ергат Тәжібаев, Майлықожа Сұлтанқожаұлы атындағы арнайы жүлдені — Серікбай Ықылас, ал Қызыл Жырау атындағы арнайы жүлдені Айдана Шымболат иеленді.
Айта кетейік, өнер сайысы ұлттық руханиятты ұлықтап, дәстүрлі терме өнерінің мәртебесін арттыруға зор үлес қосты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
