
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте осы бағыттағы жұмыстар талқыланды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі мәлімет ұсынды. Оның айтуынша, өткен аптаның өзінде өңір елді мекендерінде 114 тазалық іс-шарасы өткізіліп, оған 32 945 тұрғын қатысқан. Нәтижесінде 171 тонна қоқыс шығарылған. Бағдарлама аясында бекітілген жоспарлардың орындалуы тұрақты бақылауда. Өңір басшысы жұмыс қарқынын түсірмеу керектігін айтты.
– «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар көктем мен жазда ғана емес, жылдың 4 мезгілінде де жалғасады. Әлі де тазалық бойынша мәселелер бар. Оны аудандарға іссапар барысында көріп жүрміз. Жұмысты жүйелей түсу керек, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.
Өткен ай соңындағы тазалық іс-шараларына тоқталсақ, Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кең көлемді экологиялық акция ұйымдастырылды. Шара барысында 11 000 түп ағаш отырғызылып, 3 000-ға жуық тұрғын мен мекеме қызметкерлері қатысқан. Сонымен бірге 18 тонна қоқыс жиналды. Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілген. Бүгінгі күнге дейін 101 билборд орнатылып, 609 бейнеролик әзірленген.
Аймақта экологиялық мәселелерге қатысты хабарламаларды қабылдайтын «TazaQazBot» жүйесіне бүгінгі күнге дейін 3 423 өтінім түскен. Оның 3 420-сы орындалған. Осыған байланысты аудан-қала әкімдіктеріне платформаны халық арасында кеңінен насихаттау тапсырылды. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты жыл басынан бері 27 137 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 554,1 миллион теңге айыппұл салынған. Оның 317,9 миллион теңгесі өндірілген. Ауыл округі әкімдері де өз құзыреті аясында шара қабылдап, 2025 жылдың басынан бері 505-бап бойынша 4 745 хаттама рәсімдеп, 41,9 миллион теңге айыппұл салған. Өндірілген қаржы көлемі 21,3 миллион теңгені құрады.
Атап өту керек, бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов те Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізу, ағаш отырғызу, заңсыз қоқыс алаңдарын жою, ҚТҚ өңдеу жобаларын жүзеге асыру туралы баяндамасы тыңдалды. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша сөз сөйледі.
«Президентіміздің “Таза Қазақстан” бастамасы кең ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Мәселе тек ағаш отырғызу және қоқыс тазарту туралы болып отырған жоқ. Табиғатты қорғау идеясына бүкіл қоғамды біріктіру, жайлы да таза қоршаған орта қалыптастыру ісіне әрбір адамның белсенді қатысуы – біздің жұмысымыздың басты нәтижесі болуға тиіс. Табиғи байлықты сақтау, ауа мен судың тазылығын қамтамасыз ету, ресурстарды ұтымды пайдалану – біздің алдымызда тұрған басым міндеттер. Мемлекет басшысының бастамасы бір күндік науқан емес, жаңа экологиялық мәдениетті, сондай-ақ азаматтарымыздың күнделікті өмір салтын қалыптастыруға бағытталған тұрақты жұмыс», — деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл республика бойынша 1 250 экологиялық іс-шара өткізілді, оның ішінде аумақтарды жинау, көгалдандыру және экологиялық ағарту жұмыстары жүргізілді. 2,8 миллионнан астам ағаш отырғызылды, 1 миллион гектардан астам жер тазартылды, шамамен 800 мың тонна қалдық жиналды. Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясының нәтижесінде коммуналдық шаруашылықтың жүргізіліп жатқан қызметімен бірлесіп қалалар мен ауылдарда 3,8 миллион ағаш отырғызылды. Бүгінгі таңда 18 миллион-нан астам ағаш отырғызылды, бұл Президенттің 2025 жылға дейін елді мекендерде 15 миллион көшет отырғызу міндетіне жауап береді.
Заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмыстары жалғасуда. Құқық қорғау органдарымен бірлесе 1 300-ден астам мобилді топ жұмыс істеуде. Биыл ғарыштық мониторинг арқылы 3 833 полигон анықталды, олардың 80%-ы жойылды. 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы 12,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жыл басынан бері @TazaQazBot телеграмм-чат платформасы арқылы 24 мыңнан астам өтінім түсті, оның 23 мыңнан астамы орындалды. Келіп түскен өтініштердің дені аумақтарды тазарту (8524), тұрмыстық қоқыстарды шығару (1709), көшелерді абаттандыру (1675) және жолдарды жөндеу (1480) жұмыстарына қатысты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
