
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмаджан Анартаев ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын жеткізіп, арнайы сый-сияпат табыстады.
Облыс әкімі ғасыр жасаған ардагерге елге сіңірген ерен еңбегі мен майдандағы ерлігі үшін ризашылық білдірді. Ақсақалмен әңгімелесіп, оның өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге екенін атап өтті.
– Сіздердің ерліктеріңіздің арқасында бүгінгі бейбіт күнге жетіп отырмыз. Ұрпаққа үлгі болған ғибратты ғұмырыңыз үшін алғысымыз шексіз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Мереке қарсаңында ардагерге Мемлекет басшысының құттықтау хаты мен 5 млн теңгенің сертификаты тапсырылған болатын. Қария көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, елдің тыныштығы мен бірлігі үшін ақ батасын берді.
Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күнімен құттықтауында:
“Қымбатты отандастар!
Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін біз майдан даласында Отан үшін от кешіп, ерлік жасаған жауынгерлерге және тылда табанды еңбек еткен ардагерлерге шынайы ризашылық сезіммен тағзым етеміз. Қасіретті жылдардың барлық ауыртпалығын қайыспай көтеріп, Жеңіске жеткен аға буынға айрықша құрмет көрсетеміз.
Еліміз ортақ Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде миллиондаған отандасымыз жанқиярлықпен шайқасты, аянбай жұмыс істеп, әскерді керек-жарақпен қамтамасыз етті.
Жүзден астам жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды, бес жүз адам Батыр атағын алды, ондаған мың азамат жауынгерлік ерлігі және қажырлы еңбегі үшін марапатталды.
Біз аға буынның өшпес даңқын ешқашан ұмытпаймыз. Жаужүрек сардарлар мен сарбаздардың құрметіне мемориалдар орнатылды, кітаптар шығарылып, фильмдер түсірілді, сондай-ақ көшелерге, мектептерге, музейлерге, әуежайларға, әскери бөлімдер мен институттарға ел қорғаған ерлердің есімі беріліп жатыр.
Қаһарман ардагерлеріміздің ерен ерлігінің мән-мағынасын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – бүгінгі буынның қасиетті парызы.
Біз ержүрек майдангерлердің қайтпас қайсарлығы мен асқақ рухының арқасында дербес әрі бейбіт елде өмір сүріп келеміз, сондай-ақ, төл мәдениетімізді дамытып, қазіргі заманның игілігін сезініп отырмыз.
Қазақстанды бүкіл әлем біледі және құрметтейді. Біз жаңа Конституция ережелеріне сәйкес Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз.
Ата заңымыз ешкімді ұлтына, наным-сеніміне қарай бөліп-жармайды, барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бірдей қорғайды.
Ұлы Жеңіс күні – ең алдымен, жауынгерлік ерлігі мен жігерлі еңбегінің арқасында мамыражай заманға жеткізген батырларымыздың есімін ел жадында жаңғырту күні. Бұл – ұлан-асыр тойға емес, мәнді әрі мағыналы ойға шақыратын мереке.
Халқымыздың бейбіт өмірге және өсіп-өркендеуге ұмтылысының айқын көрінісі іспеттес көк байрағымыз әрдайым ашық аспан астында желбіресін!
Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!” – деп, игі тілегін арнады.
Ахмаджан Анартаев 1926 жылы 10 қарашада Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әскер қатарына шақырылғанға дейін «Жұмысшы» ұжымында еңбек етті. 1944 жылғы 5 мамырда Сайрам аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, №64 атқыштар полкінде қатардағы жауынгер ретінде қызмет атқарды. Майдангер Польшаны азат ету жолындағы шайқастарға және Германия аумағындағы ұрыстарға қатысқан. 1949 жылғы 10 сәуірде елге аман-есен оралып, зейнеткерлікке шыққанға дейін А. Науаи атындағы ұжымда жүргізуші болып еңбек етті. Ол ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және мерейтойлық 8 медальмен марапатталған.
Бүгінде 100 жасқа таяған қария — 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсіріп, 35 немере, 101 шөбере және 50 шөпшек сүйіп отырған ардақты ақсақал.
Шара барысында әскери оркестр мерекелік көңіл күй сыйлап, майдангерге ерекше құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының небәрі 3 ардагері қалды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдардың саны – 1 462, тыл ардагерлерінің саны – 2 082.
Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысының ардагерлері өңірдің үш ауданында, атап айтқанда, Сайрам, Сарыағаш, Жетісай аудандарында өмір сүріп жатыр. Оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Биыл ардагерлерге 5 миллион теңгеден тапсырылды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдарға, тыл ардагерлеріне, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне де заң шеңберінде бірреттік әлеуметтік көмек қарастырылғанын атап өткен жөн.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
