Түркістан облысының әкімі Қытайға сапары барысында 20-дан астам компания басшыларымен кездесті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында шетелдік инвестицияларды тарту және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Бейжіңдегі жетекші компаниялардың басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп жатыр.

Инвестициялық әріптестікті нығайту және заманауи өндіріс ошақтарын ашу үшін аймақ басшысы кәсіпкерлерге өңірдің әлеуетін таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Қытай тарапы Түркістан облысының мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, түрлі салада ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға қызығушылық танытып отыр.

Бизнесін таныстырған барлық кәсіпкерлерге алғыс айтқан Нұралхан Оралбайұлы әр инвестормен жеке жұмыс істейтінін жеткізді. Мұндай кездесулердің жаңа жобаларды іске асыруға жол ашатын айтып, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы мен іскерлік серіктестігінің дамуын үлгі етті. Облыс әкімі инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Жаңа инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін қажетті қолдауды көрсететінін жеткізді.

– Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасында өте жоғары деңгейде дипломатиялық байланыс орнаған. Қос мемлекеттің басшыларының өзара тығыз байланысы, достығы жаңа жобаларды жүзеге асыруға серпін беруде. Түркістан облысында өндіріс орындарын көбейтуге, жаңа зауыттар мен фабрикалар салуға мүдделіміз. Өңірдің табиғи климаттық жағдайы қолайлы, ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Жібек жолының бойында орналасқан аймақтың кадрлық әлеуеті жоғары және қажетті жұмыс күшін ұсына алады. Қазіргі уақытта біздің облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өңіріміздің негізгі инвестициялық алаңдары – 15 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектар алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Жобаларды талқылап, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деген Нұралхан Көшеров инвесторларды облысқа шақырды.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы өнімдерін және азық-түлікті қайта өңдеуге арналған жабдықтар, ауыл шаруашылығы бұлтты платформасы, ауылшаруашылық суару, ауыл шаруашылығын автоматтандыру бағытында әлемдік рейтингте көш бастаған компания басшыларымен кездесті. Сондай-ақ мақта шаруашылығындағы “ақылды агротехнологияны” дамыту бойынша жаңа жобалар қаралды.

Бұл бағыттар бойынша өңірдің кәсіпкерлері серіктес болуға дайын. Жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға қатысты бірқатар бастамалар ортаға салынды. Азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорын салу жоспары талқыланды. Бұдан бөлек, кездесуге қатысқан инвесторлар теңіз өнімдерін өңдеу саласында бірлескен жобаны қаржыландыруға ниетті.

Кездесуде сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы бейнебақылау және жасанды интеллект желісін дамыту бойынша ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы таныстырылды.

Қытайлық компаниялармен іскерлік кездесулер барысында кәсіптік білім беру саласын дамыту жолдары талқыланды. Өңір басшысы техникалық мамандықтарды дамыту үшін серіктестік орнатуға мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді.

– Ұлы Жібек жолы құрылған сәттен бастап дамып, өркендеп келе жатқан екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың орны ерекше. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиясы екі ел арасындағы қатынастардың сенімді дамуына бағыт-бағдар беріп отыр. Өңірлік әріптестігі нығайту мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан өңірінде логистикалық орталық жасауға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің біздің өңірге келіп инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға ниет білдіргендеріңізге алғыс білдіремін. Біздің облыста жұмыс істеуге ниетті барлық компанияларға барынша қолдау көрсететінімізді атап өткім келеді,– дейді Нұралхан Көшеров.

Еске салайық, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Делегация сапар барысында шетелдік инвестицияларды тарту және өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында қытайлық ірі компаниялармен екіжақты кездесулер өткізеді, сондай-ақ бірқатар маңызды меморандумдарға қол қойылады. Бұл келісімдер өңір экономикасын дамытуға, инвестициялық әріптестікті нығайтуға, заманауи өндіріс ошақтарын ашу арқылы өңір халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Аймақ басшысы кәсіпкерлерге өңірдің әлеуетін таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге шақырады. Облыс әкімі бастаған делегация жұмыс сапарының алғашқы күні Қытай елінің астанасы Бейжіңде бірқатар инвесторлармен кездесті. Олардың басым бөлігімен Түркістан облысында бірлескен жобалалар басталып кеткен.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You