
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Үндістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сайлас Тангалмен кездесті. Кездесуде әріптестікті нығайту, экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдету, инвестиция тарту мүмкіндіктері қаралып, келіссөздер жүргізілді. Облыс әкімі Түркістанның тарихи мәніне тоқталып, инвестициялық әлеуеті туралы баяндады.
– Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік сипатында дамып, экономика, қорғаныс және мәдениет салаларын қамтиды. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнатылған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 3,8 миллион АҚШ долларын құрады. Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Мұнда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген ұлы тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Үндістанда Тәж-Махал кесенесі бар. Осы ретте біздің халықаралық әуежайдың мүмкіндігін пайдаланып, әуе рейсін ашу жолын қарастыруды ұсынамыз. Өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Мұнда 20 индустриалды аймақ және аумағы 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді, оның қатысушыларына салықтық жеңілдіктер мен жобаларын барынша тиімді іске асыруға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар біз «Шағын өнеркәсіптік парктерді» дамытуды жалғастырамыз. Түркістан облысы – еліміздегі ең тартымды туристік бағыттардың бірі. Мұнда тарихи және мәдени ескерткіштер, әсем табиғи ландшафттар және сауықтыру орындары шоғырланған. Біз шетелдік компаниялардың өңірде жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Үндістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сайлас Тангал туризм және ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерге қызығушылық танытты.
– Түркістан мен Шымкенттің туристік орындарын аралауға болатын арнайы турпакет әзірлеуді ұсынамыз. Өйткені Түркістан өңірінде тарихи және туристік орындар көп екенін білдік. Тарихи шаһар өте ұнады. Екіншіден, біздің елде тоқыма мен мақта кластері жақсы дамыған. Осы бағыттағы жобаларды қарастыруға дайынбыз. Индустриалды аймақтар мен инвесторларға жасалатын қолдаулар туралы толық мәлімет алып, әріптестікті нығайтуға күш саламыз, – деді елші.
Атап өтерлігі, сарапшылар Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты сауданың 2024 жылғы 1 миллиард АҚШ долларынан алдағы уақытта 3 миллиард долларға дейін өсу әлеуетінің бар екенін айтты. Сонымен қатар Үндістанның Қазақстан экономикасына құйған инвестиция көлемі 41%-ға артып, соңғы 20 жылда 525 миллион доллардан асқанына назар аударған жөн. Ал 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 547 миллион АҚШ долларынан асты. Бүгінде Қазақстан аумағында фармацевтика, пайдалы қазбалар өндіру және азық-түлік өнімдерін өндіру салаларында 600-ден астам үнді компаниясы жұмыс істейді.
Екіжақты ынтымақтастық үкіметаралық комиссия жұмысы арқылы жалғасып келеді. 1993 жылы құрылған бұл комиссия сауда, технология, өнеркәсіп, мәдениет және басқа да салаларды қамтиды. Қорғаныс, терроризмге қарсы күрес, IT, ғарыш, көлік және тоқыма өнеркәсібі бойынша жұмыс істейтін тоғыз бірлескен жұмыс тобы бар. Жақын уақытта Чабахар порты, фармацевтика және денсаулық сақтау салалары бойынша үш жаңа жұмыс тобын құру жоспарланған. Коммерциялық ынтымақтастықты арттыру үшін FICCI мен Қазақстанның Халықаралық сауда палатасы бірлескен Іскерлік кеңес құрып, ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты мен инвестициялық жобаларды қолдауда белсенді жұмыс істеп келеді.
Анықтама бере кетейік, Үндістанның сауда-өнеркәсіп палаталарының федерациясы (FICCI) 1927 жылы құрылды және Үндістанның ең ірі және көне жоғарғы іскерлік ұйымы болып табылады. FICCI құрамына жеке және мемлекеттік коммерциялық компаниялар, сондай-ақ Үндістанның әртүрлі штаттарының халықаралық компаниялары және өңірлік сауда-өнеркәсіп палаталары кіреді — барлығы 300 мыңға жуық мүше.
Сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастық БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Үндістан» диалогы аясында да белсенді дамып жатқанын атап өткен жөн.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
