
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәдениет саласының өкілі, дәстүрлі ән өнерін насихаттап жүрген әнші, термеші Татьяна Бурмистровамен кездесті.
Кездесу барысында ұлттық өнерді дамыту, дәстүрлі ән мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелері талқыланды. Әсіресе, қазақтың төл мәдениетінің ажырамас бөлігі саналатын терме мен дәстүрлі ән жанрын кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Татьяна Бурмистрова – ұзақ жылдар бойы қазақтың дәстүрлі ән өнерін дәріптеп келе жатқан өнер иесі. Ол тек орындаушы ретінде ғана емес, ұлттық мәдениеттің жанашыры ретінде де танылған. Биыл әншінің өнер жолында жүргеніне 50 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында алдағы шығармашылық жоспарлары мен мәдени іс-шаралар жөнінде ұсыныс-пікірлер айтылды. Облыс әкімі өңірде мәдениетті дамытуға, оның ішінде дәстүрлі өнерді қолдауға басымдық берілетінін атап өтті. Кездесу соңында тараптар ұлттық өнерді өркендету жолында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде уағдаласты.
Мәдениет демекші, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні мерекелік іс-шара аясында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы бірлесіп, мазмұны терең, тағылымы зор игі бастаманы жүзеге асырды. Бұл күні 120 дана кітап қала тұрғындары мен қонақтарына тегін таратылды. Бұл тек кітап тарату акциясы ғана емес, әр оқырманға бағытталған рухани сый, білімге бастайтын ізгі қадам, кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайтатын маңызды бастама болды. Таратылған кітаптар әртүрлі жанрды қамтып, оқырмандардың сұранысына сай іріктеліп ұсынылды. Әр кітап – жаңа ойға жол ашатын, танымды кеңейтетін, рухани дүниені байытатын құндылық. Игі іс Ұлттық кітап күні аясында кітаптың қоғамдағы орнын айқындап, оқырман мәдениетін дамытуға және рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға өз үлесін қосқаны сөзсіз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
