![]()
Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жұмыстар атқарылуда.
Осы бағытта Кентау қаласында абаттандыру және көгалдандыру шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Қаладағы орталық көшелер, саябақтар мен аллеяларға біржылдық гүлдер отырғызылып, қала келбетін көркейту бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Сонымен қатар жасыл желектерді күтіп-баптау, суару және жаңа көшеттер отырғызу жұмыстары да тұрақты түрде атқарылып жатыр.
Бұдан бөлек, қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау мақсатында көшелер мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту, ретке келтіру шаралары ұдайы ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға коммуналдық қызмет мекемелерімен қатар, еріктілер мен қала тұрғындары да белсенді түрде атсалысуда.
“Айта кету керек, таза әрі көрікті қала қалыптастыру – баршаға ортақ міндет. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады”, — дейді жауаптылар.
Сонымен қатар Ордабасы ауданының экологиялық ахуалын жақсарту, жасыл желек көлемін арттыру және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейту мақсатында да ауқымды тазалық шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Таза аула» апталығы шеңберінде өтті. Экологиялық акция Темірлан ауылындағы Самал ықшамауданында өтіп, онда 300-ден астам адам қатысты. Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бірдей атсалысып, өз үлестерін қосты.
Игі бастамаға аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, құқық қорғау органдарының басшылары мен денсаулық сақтау саласының өкілдері, жастар, спорт бөлімінің қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер, ауыл тұрғындары, коммуналдық сала жұмысшылары мен қоғамдық ұйым өкілдері белсене қатысты.
Экологиялық акция нәтижесінде Темірланның кіреберіс аумағы жасыл белдеуге толықты. Онда Қырым қарағайы, павлония, багрянник, қызғалдақ ағашы және түрлі жеміс ағаштары егіліп, барлығын қосқанда 1200 түп ағаш отырғызылды. Тазалық жұмыстарына 7 техника жұмылдырылып, 16 тонна қоқыс шығарылды. Болашақта бұл аумақ тұрғындар үшін жайлы демалыс аймағына айналады деп күтіліп отыр.
Бәйдібек ауданында да табиғатты қорғауға бағытталған «Бұлақ көрсең, көзін аш» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Іс-шараға «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мен Боралдай филиалының өкілдері қатысып, «Бұлақ көрсең, көзін аш» акциясына белсенді атсалысты. Жалпы шараға 50-ге жуық қызметкер қатысты. Акция барысында Бәйдібек ата кесенесі маңындағы бұлақ көзі тазартылып, айналасы ретке келтіріліп, жиналған қоқыстар шығарылды. Нәтижесінде табиғи су көзінің маңы айтарлықтай жаңарып, таза кейіпке енді.
Іс-шараға қатысушылар табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, мұндай бастамалардың экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызына ерекше тоқталды. Халқымыз «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп бекер айтпаған. Табиғатты аялау, оның ішінде су көздерін қорғау – болашақ ұрпаққа аманат. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экологиялық акция алдағы уақытта да жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
