Түркістан шаһары тыңғылықты жүргізілген абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының нәтижесінде жайнап, гүлденіп келеді

Күннің жексенбі екеніне қарамастан, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй құрылыстарының барысын бақылап, бірқатар әлеуметтік нысандардағы жұмыстардың жай-күйімен танысты.

Алдымен қала басшысы әкімдік тапсырысы аясында салынып жатқан жалпы«Жібек жолы» тұрғын үй кешеніндегі құрылыс жұмыстарын аралады. Аталған кешенде 10 көп қабатты тұрғын үй бой көтеріп жатыр. Оның ішінде 6 тұрғын үйден сатып алынатын арендалық бағыттағы 512 пәтер пайдалануға берілмек. Ал қалған 4 тұрғын үйдегі 432 пәтер «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген ипотекалық кредиттік бағдарлама аясында тұрғындарға ұсынылады.

Құрылыс нысандарын аралау барысында қала әкімі тұрғын үйлердің сапасына ерекше мән беріп, мердігер мекеме басшыларымен кездесті. Кездесу барысында анықталған кемшіліктерді жою, құрылыс жұмыстарын белгіленген талаптарға сай әрі уақытылы аяқтау қажеттігін қатаң ескертті.

Сонымен қатар Әзімбек Пазылбекұлы ипподромға апаратын жол бойындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен де танысты. Аталған аумақта 1500 дана ағаш отырғызылып, су ұңғымасы қазылып, автоматты суару жүйесінің құрылысы жүруде және биіктігі 2 метр болатын қоршаулар орнатылу үстінде.

Аралау барысында қала басшысы денсаулық сақтау нысандарын да аралап, 1-ші мөлтекауданда орналасқан №3 қалалық аурухана мен Н. Сандыбаев көшесіндегі №6 отбасылық ауруханасында болды. Алдағы жылға жоспарланған ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша сала мамандарымен кездесіп, халық денсаулығы әрдайым басты назарда болуы тиіс екенін, келушілерге барынша қолайлы жағдай жасалуы қажет екенін атап өтті.

Сонымен қоса-қабат, Әзімбек Пазылбекұлы биыл қолға алынған 32 көп қабатты ескі тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңғырту және әрлеу жұмыстарының орындалу барысын да бақылады.

Қала әкімі аталған жұмыстардың жүру қарқыны мен сапасы тікелей бақылауында екенін, барлық жауапты мекемелерге белгіленген жоспарларды сапалы іске асырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.

Жалпы, қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы аймақтағы алдағы уақытта жүзеге асырылуы жоспарланған құрылыс, абаттандыру және инфрақұрылымдық жобалардың дайындығымен танысу мақсатында бірқатар нысандарды жиі-жиі аралап тұрады. Нысандарды аралау барысында қала басшысы жобалардың бастапқы ұсыныстарын қарап, тұрғындардың пікірін тыңдауды да естен шығармайды.

Мәселен, түнеугүні Әзімбек Пазылбекұлы М.Пошанов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыруға арналған жоба ұсынысымен танысты. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аула аумағын әрлеу, құрылыс жұмыстарын қажет ететін бөліктері мен жарықтандыру, балалар ойын алаңын жаңарту және көгалдандыруды күшейту мәселелерін қарады. Әзімбек Пазылбекұлы жауапты мамандарға тұрғындар көтерген мәселелерді ескерген толыққанды жоба әзірлеуді, сондай-ақ аула қауіпсіздігі мен функционалдығын басты назарға алуды тапсырды.

Сондай-ақ, қала басшысы Усманов көшесіне аллея аумағын қарап, демалыс аймағы тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз және қала сәулетіне сай болуы керектігін атап өтті. Жауапты мамандарға біртұтас концепциясын әзірлеуді және қажетті техникалық құжаттамаларды дайындауды жүктеді.

Аралау барысында сонымен қатар қала басшысы Кентау тас жолы бойына веложол салу бойынша ұсыныспен танысты. Веложол салу – қаладағы экологиялық мәдениетті арттырып, тұрғындар үшін жаңа қауіпсіз бағыт қалыптастыруға бағытталған бастама екенін атап өткен қала басшысы жауапты мамандарға қажетті инфрақұрылым мүмкіндіктерін және қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, жоба әзірлеуді тапсырды.

Тұқымбақта 700 мың біржылдық гүлдер, 1 миллион түп жапырақты ағаш көшеті, 500 мың түп қылқанжапырақты ағаш көшеті өсіріледі

Бүгінде қала аумағын көгалдандыруды қамтамасыз ететін арнайы тұқымбақ жұмыс істеп тұр. Тұқымбақ аумағында ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауға арналған арнайы жылыжайлар қарастырылған. Бұл жылыжайларда көшеттердің өсуіне қажетті агротехникалық талаптар сақталып, жыл он екі ай бойы үздіксіз өсіру үрдісі жүргізіледі. Өскіндер белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін қала көшелеріне, саябақтар мен аллеяларға отырғызылып, абаттандыру жұмыстарына пайдаланылады.

Бүгінде Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласының аумағында жаңа тұқымбақтың жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде жобаны жандандыру және жасыл желек көлемін арттыру бағытында кешенді шаралар қолға алынған.

«SK GeoKart» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы аясында облыс орталығындағы 10 гектар аумақта арнайы тұқымбақ іске қосылды. Тұқымбақта көшет отырғызу жұмыстарының іске асуын бақылау мақсатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы барып, өндірістік және агротехникалық процестермен танысты. Қала аумағын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын тиімді іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Тұқымбақ аумағында ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауға арналған жылыжайлар орнатылған. Мұнда өсімдіктердің дұрыс дамуына қажетті агротехникалық талаптар қатаң сақталып, жыл бойы үздіксіз өсіру жұмыстары жүргізіледі.

Жоспар бойынша тұқымбақта 700 мың біржылдық гүлдер, 1 миллион түп жапырақты ағаш көшеті, 500 мың түп қылқанжапырақты ағаш көшеті өсіріледі. Сонымен қатар раушан гүлдері мен әртүрлі бұталар өсіріліп, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған тұрақты жасыл қор қалыптастырылмақ.

Нысандарды аралаған қала басшысы барлық ұсынылған жобалардың сапалы жоспарланып, талапқа сай, тұрғындар үшін қолайлы орындалуы қажет екенін, сондай-ақ, әзірленген жобаларды қоғаммен талқылау мүмкіндігін қарастыруды атап өтті.

Әуежай мен Саттарханов даңғылы бойына 15 000 түп раушан гүлі отырғызылды

Қалай десек те, Түркістан қаласында инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру бағытындағы ауқымды жұмыстар жоспарға сай жүзеге асып келеді. Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы аймақтағы бірнеше маңызды нысандардың құрылыс, көгалдандыру және инженерлік жұмыстардың орындалу барысын осы айдың басында да аралап, жұмыс қарқынымен танысты. Алдымен жаңа қала аумағындағы құрылыс алаңдарында құрылыс қалдықтарын толық жою және нысандардың сыртқы қоршауларын ретке келтіру жұмыстары назарға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапасы мен мерзімі қатаң бақылауда болып, жауапты сала өкілдерімен тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілетін болады.

Қаладағы негізгі магистралды бағыттардың бірі – Саттарханов даңғылы мен Әуежай тас жолы бойында да көгалдандыру жұмыстары қызу қарқынмен жалғасып жатыр. Жалпы әуежай мен Саттарханов даңғылы бойына 15 000 түп раушан гүлі отырғызылды.

Сондай-ақ, Жібек жолы тұрғын үй кешеніне апаратын 26-көшеде жол-құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жол сапасы, инфрақұрылымдық стандарттардың орындалуы және жұмыс кестесіне сәйкестігі мұқият тексеріліп, тараптардан тиісті ұсыныстар берілді.

Айта кетейік, 5,2 гектар аумақты қамтитын «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылысы да белсенді түрде жүріп жатыр. Арендалық және кредиттік үйлерден тұратын бұл жобада 344 пәтер қамтылған. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталған, нысанды сапалы әрі белгіленген мерзімде бітіру бағытында жұмыстар жалғасуда.

Аралау барысында қала басшысы арнайы 5000 орындық мешіттің құрылыс, абаттандыру жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда қасбет және мұнара толық дайын, инженерлік жүйелер тартылып, терезелер орнатылған. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 30-дан астам жұмысшы мен 9 техника жұмылдырылған. Алдағы уақытта мешіт аумағында жасыл желек көлемін арттыру жоспарлануда. Абаттандыру аумағы – 4,2 гектар.

Қазіргі таңда Түркістан қаласына кіреберісте салынып жатқан 5 мың орындық мешіттің 85% құрылысы аяқталған. Көрші Өзбекстан мемлекетінің Түркістанға тартуы ретінде бой көтерген бұл мешіттің іргетасы 2019 жылы қаланған. «Бүгінде мешіттің күмбезі мен мұнаралары қойылып, ішкі әрлеу жұмыстары біткен. Тек сыртқы қасбеті мен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл желтоқсан айының соңына дейін мешітті пайдалануға беру жоспарланып отыр», — дейді Түркістан облыстық дін істері басқармасының өкілдері.

Шығыстық нақыштағы еңселі мешітте 8 мың жамағат (мешіт іші — 5 мың орын, сырты — 3 мың орын) бір мезгілде сәждеге бас тигізіп, құлшылық ете алады. Жерінің аумағы — 7,7 гектар. Жоба құны – 32 миллиард теңге. Ислам орталығының жалпы аумағы – 4650 шаршы метр. Биіктігі 61 метрлік мұнаралармен көмкерілген мешіт қазіргі заман талабына сай озық үлгіде салынуда. Құрылыс жұмыстарын «МонтажСтройКом Экстра» ЖШС мердігер мекемесі атқарып жатыр. Қазіргі уақытта сыртқы қасбет пен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

 Жалпы, бүгінде елімізде 2964 мешіт бар болса, соның 744-і — Түркістан облысында. Өңірдегі мешіттер саны республикадағы көрсеткіштің 26%-ын құрайды.

Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы негізі жолдардың бірі — Айналма жол бойына қоршау орнату және Бейімбет Майлин көшесіндегі реконструкциялау жұмыстарының мәселесі қаралып, тиісті сәулеттік ұсыныстар зерделенді.

Аралау соңында Әзімбек Пазылбекұлы Өндірістік парк пен арнайы экономикалық аймақ аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды аралап, инфрақұрылымды ретке келтіру және тазалық деңгейін күшейту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Бүгінде мұнда 5000 түп ағаш отырғызылып, кіші өндірістік 5 ғимараттың құрылысы мен абаттандыру жұмыстары жүргізілу үстінде.

Бір қуантарлығы, киелі шаһардың көгалдануына бүгінде барлық мекемелер мен ұжымдар, жастар мен еріктілер, тұрғындар қал-қадерінше үлестерін қосып жатыр. Жуырда қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен облыстық сот төрағасы Айдос Едігеұлы бастаған сот қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 150 дана қарағай ағаштарын отырғызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде экологиялық мәдениетті арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға және аумақтарды абаттандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» атты кең ауқымды республикалық экологиялық акциясы мен «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан өңірінің судьялары мен сот қызметкерлері, қаланың экологиясын дамыту мақсатында 150 дана қарағай ағаштарын отырғызып, қаланы көгалдандыруға үлестерін қосты. Игі шара жаңадан бой көтерген ғимараттың аумағында өткізіліп, қаланың жасыл қорын арттырды. Мұндай шаралардың табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және жас ұрпаққа экологиялық мәдениетті насихаттауға қосар маңыздылығы орасан.

Иә, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде экологиялық мәдениетті арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүйелі түрде іске асырылып келеді. Осы бастама аясында 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай «Парасат» саябағында ағаш егу шарасы өткенінен де хабардармыз.

Іс-шараға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов пен облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Абылайхан Наурызбаев пен Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер және ерікті жастар қатысты.

Акцияның негізгі мақсаты – қоғамда экологиялық жауапкершілікті күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға бағытталған игі бастамаларға жұмылдыру. Сонымен бірге, қала аумағында жасыл желекті көбейту, экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындар үшін қолайлы демалыс аймақтарын арттыруға үлес қосу көзделді. Іс-шара барысында қатысушылар саябақ аумағына бірнеше жүз түп көшет отырғызды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар табиғатты қорғау санасын нығайтып қана қоймай, қоғамдағы ашықтық пен парасаттылық қағидаттарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

«Жалпы, Түркістан қаласында экологияны жақсартуға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жыл бойы жалғасын табатын болады», — дейді жергіліктің биліктің жауаптылары.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You