Түркістан шаһарында ламинат өндіретін заманауи зауыт іске қосылды

Loading

Түркістандағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Qaz Natural Laminat» ЖШС-нің заманауи ламинат өндіретін зауыты іске қосылды. Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандырып, өңдеу өнеркәсібін және импортты алмастыруды дамытуды тапсырған болатын. Осыған орай облыстың экспорттық және импорттық әлеуетіне кешенді талдау жүргіздік. Соңғы үш жылда өңірімізге 1,5 триллион теңгенің импорттық тауары жеткізілді. Оның ішінде 2025 жылдың өзінде 880 миллиард теңгенің өнімі сырттан әкелінген. Жүргізілген талдау нәтижесінде 73 миллиард теңгенің импорттық тауарын өзімізде өндіруге мүмкіндік бар екенін анықтадық. Осы бағытта өткен жылы жалпы құны 176 миллиард теңгені құрайтын 31 инвестициялық жобаны іске қостық. Қазір импортты алмастыруға бағытталған жалпы құны 280 миллиард теңге болатын тағы 39 жоба жүзеге асырылуда. Бүгін іске қосылып отырған ламинат зауыты – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Біз өңірде импортты алмастыратын өндірістерді көбейтіп, инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауды, өндірістік инфрақұрылымды дамытуды алдағы уақытта да жалғастырамыз. Бұл жоба Түркістан облысының өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Жобаның жалпы құны – 5 миллиард теңге. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 840 мың шаршы метр ламинат шығаруға жетеді. Жобаның алғашқы кезеңінде 65 тұрақты жұмыс орны ашылды. Өндірістің екінші кезеңі толық іске қосылғаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтылатындар саны 150 адамға дейін артады.

Жаңа өндіріс орны еліміздің құрылыс материалдары нарығын отандық өніммен қамтамасыз етуге, импорт үлесін азайтуға және ішкі сұранысты өтеуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта кәсіпорын өнімдерін Орталық Азия елдері мен басқа да сыртқы нарықтарға экспорттау жоспарланып отыр.

Өз кезегінде «Qaz Natural Laminat» ЖШС директоры Луо Ионг жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Түркістан облысының әкімдігіне және барлық серіктестерге алғыс білдірді. Оның айтуынша, кәсіпорында халықаралық стандарттарға сай заманауи технологиялар қолданылып, жоғары сапалы өнім өндіріледі. Алдағы уақытта өндіріс көлемі кезең-кезеңімен ұлғайтылып, экспорт географиясы кеңейтіледі деп күтіліп отыр.

“Бүгінде Түркістан қаласы – өндіріс пен инвестиция қатар дамып жатқан өңір. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау, жаңа кәсіпорындар ашу және тұрақты жұмыс орындарын көбейту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда”, — дейді шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін күшейту және импортқа тәуелділікті азайту – Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет өңдеу өнеркәсібін қолдау, арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін арттыру және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Нәтижесінде 2025 жылы Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі алғаш рет 28 триллион теңгеден асып, сала ұлттық экономиканың басты драйверлерінің біріне айналды.

Бұл үрдісте Түркістан облысы да қарқынды дамып келеді. Өңірде соңғы жылдары өнеркәсіп өндірісінің көлемі тұрақты өсіп, инвестициялық белсенділік айтарлықтай артты. 2025 жылы облысқа негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асып, тарихи рекорд жаңарды. Сонымен қатар өңірде импортты алмастыруға бағытталған ондаған өндірістік жоба іске асырылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Соның ішінде «Turan» арнайы экономикалық аймағы өңдеу өнеркәсібінің жаңа өсу нүктесіне айналып, құрылыс материалдары, машина жасау, химия және басқа да өндіріс салаларына инвесторларды тартуда маңызды рөл атқарып келеді.

Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде іске қосылған «Qaz Natural Laminat» зауыты тек жаңа өндіріс орны ғана емес, отандық құрылыс индустриясының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын стратегиялық жоба. Бұл кәсіпорын ішкі нарықты сапалы қазақстандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Түркістанның өндірістік әрі инвестициялық орталық ретіндегі беделін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You