Түркістанда Абай мұрасы ұлықталып, жастарға «Абай жолы» тарту етілді

Loading

Түркістан қаласында ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай тағылымы мол рухани-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Абай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған жиындарға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Алдымен Түркістан төріндегі Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Абай күнінің мән-маңызына тоқталып, ұлы ойшыл мұрасының жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін атап өтті.

– Абай күні – данышпан ақынның есімін ұлықтайтын ғана емес, халқымыздың рухани жаңғыруын, ұлттық болмысы мен білім-парасатын айшықтайтын мереке. Абайды тану – өзімізді тану, Абайды оқу – елдің ертеңіне қызмет ету. Ұлы Абай елді бірлікке, білімге, еңбекке үндеді. Оның тағылымы бүгінгі қоғам үшін де аса маңызды, – деді облыс әкімі.

Іс-шара барысында Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының оқушылары өнер көрсетіп, ақын шығармаларынан әдеби композиция ұсынды. «Көзімнің қарасы» әні орындалып, көпшілікке Абайдың шығармашылық әлемін кеңірек танытатын «Абай әлемі: Ойдан – өнегеге» атты кітап және сурет көрмесі таныстырылды.

Абай мұрасын жастар арасында насихаттауға бағытталған кездесу Түркістан қаласының Мәдениет үйінде де жалғасты. Оған қаланың белсенді жастары мен пробация қызметінің есебіндегі жастар қатысып, ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылығы туралы тағылымды мәліметтер алды. Іс-шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қатысып, Абай күнінің жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды сіңірудегі маңызын атап өтті.

Кеш барысында ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі адамгершілік, білім, еңбек, елдік ұстанымдар кеңінен дәріптелді. Жастарға Абайдың шығармаларын оқу арқылы рухани дүниесін байытып, ұлттық мәдениетке деген құрметін арттырудың маңызы түсіндірілді.

Ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен зиялы қауым өкілдері жастар мен қала тұрғындарына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының көптомдығын тарту етті.

Абай мұрасын ұлықтауға арналған бұл бастамалар ұлы ақынның шығармаларын кейінгі буынға жеткізіп, оның адамдық және ұлттық құндылықтарын қоғам өміріне кеңінен енгізуге бағытталған рухани сабақтастықтың маңызды көрінісіне айналды.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

 

Ad Widget

Recommended For You