![]()
Түркістан қаласында тұрғындарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына да тұрақты бақылау жасалуда.
Биыл қалада 6 865 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Тоғыз айға белгіленген 6 069 жұмыс орнының орнына нақты 8 219 жұмыс орны құрылып, жоспар 135,4 пайызға орындалды. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды. Жиында Өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу барысы мен жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері қаралды.
Мансап орталығының мәліметінше, тұрақты жұмыспен қамту бойынша тоғыз айға 3 083 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, нақты 3 407 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бағыты бойынша жоспарланған 1 159 орынның орнына 2 844 жұмыс орны ашылып, көрсеткіш 245,4 пайызды құрады. Субсидияланатын жұмыс орындарына 1 756 азамат қамтылып, жоспар 110,1 пайызға орындалды.
Ұлттық жобалар аясында жоспарланған 19 жобаның барлығы іске асырылып, нәтижесінде 136 жаңа жұмыс орны құрылды. Инвестициялық жобалардағы жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылды. «TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы 13 инвестор жобасында 2 441 штаттық бірлік қарастырылған. Қазіргі таңда оның 518-і бойынша азаматтар жұмысқа орналасқан.
Қала әкімі жауапты сала басшыларына инвестициялық жобалар бойынша жұмысты күшейтіп, бос жұмыс орындарын “Enbek.kz” жүйесіне уақтылы енгізуді, жұмыс орындарының нақты іске қосылуын қамтамасыз етуді және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту көрсеткішін арттыруды тапсырды.
Әлеуметтік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз ету бағытында да бақылау күшейтілген. Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспананың жалдау ақысына берілетін субсидиялардың заң талаптарына сай әрі мақсатты төленуін қамтамасыз ету үшін қала әкімінің өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылған.
Қолданыстағы тәртіп бойынша жалға алынған тұрғын үй ақысының 50 пайызы мемлекет бюджетінен субсидияланса, қалған 50 пайызын жалға алушы өз қаражаты есебінен төлейді. 2026 жылдың басынан бері Түркістанда мұндай қолдауды алатын 271 отбасы есепке алынған.
Жүргізілген зерделеу барысында субсидия алушылардың белгіленген талаптарға сәйкестігі, жалға алушы мен жалға берушінің нақты тұруы, тұрғын үйдің пайдаланылуы және төлемнің мақсатты жұмсалуы тексерілді. Нәтижесінде талаптарға сәйкес келмеген жағдайлар бойынша 58 отбасыға қатысты бас тарту туралы актілер толтырылды. Қазіргі таңда талаптарға сай келетін 213 отбасы тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызын мемлекет тарапынан субсидиялау түріндегі қолдауды алып отыр.
“Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдауды шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау. Осы бағыттағы бақылау жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады”, — дейді жауаптылар.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
