![]()
Түркістан қаласында тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік және тұрғын үй нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қалада ана мен балаға арналған жаңа медициналық орталықтың құрылысы аяқталуға жақындаса, «Қаратау» тұрғын үй кешеніндегі 880 пәтерлі 22 үйдің құрылысы да соңғы кезеңге жетті.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жаңа ана мен бала орталығының құрылыс барысымен танысып, әлеуметтік маңызы жоғары нысанда атқарылып жатқан жұмыстарды саралады. 80 төсек-орынға арналған екі қабатты орталықты қазан айында пайдалануға беру жоспарланған.
Заманауи талаптарға сай салынып жатқан медициналық нысанда жүктілік патологиясы бөліміне арналған 30 және босанғаннан кейінгі бөлімге арналған 50 төсек-орын қарастырылған. Сонымен қатар мұнда 6 босандыру залы, операция және реанимация залдары, ана мен балаға қажетті жағдай жасалған палаталар орналасады. Орталық медициналық құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етілуде.
Құрылыс алаңында қала әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдерінің қатысуымен көшпелі жиын өткізіп, нысанның құрылыс барысын, инфрақұрылымдық мәселелерді және алдағы жұмыстарды талқылады.
Қаладағы тұрғын үй құрылысы бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асуда. «Қаратау» тұрғын үй кешені аясында 5 қабатты 22 тұрғын үй салынып, тұрғындарға жалпы 880 пәтер ұсынылады. Кешен орналасатын жер учаскесінің аумағы 8,4 гектарды, ал пәтерлердің жалпы ауданы 49 626,5 шаршы метрді құрайды.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалған. Нысанда абаттандыру және инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Пәтерлердің 220-сы бір бөлмелі, 440-ы екі бөлмелі, 220-сы үш бөлмелі болып жоспарланған. Бұл тұрғындардың әртүрлі қажеттілігіне сай баспана таңдауға мүмкіндік береді.
Түркістандағы тұрғын үй құрылысының жалпы қарқыны да жоғары. 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында қалада 125,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 85,9 мың шаршы метрі көпқабатты тұрғын үйлердің үлесіне тиесілі. Жыл басынан бері 1 397 азамат баспаналы болды.
Осы жобалар Түркістанда тұрғындардың әлеуметтік қажеттіліктерін өтеуге бағытталған жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Бір жағынан, ана мен бала денсаулығына қажетті заманауи медициналық инфрақұрылым қалыптасса, екінші жағынан, тұрғын үй қорын арттыру арқылы азаматтардың баспана мәселесін шешуге мүмкіндік кеңейіп келеді.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
