Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 30 жылдығына арналған 30 жобаның он үшіншісі – тарихи Сығанақ қалашығындағы кешенді археологиялық зерттеулерге арналып отыр. Университетіміздің Археология ғылыми-зерттеу институты ортағасырлық Сығанақ қалашығында 2003 жылдан бастап кешенді археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қазіргі таңда, Археология ғылыми-зерттеу институты 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру келісім-шарт негізінде «Тарихи-мәдени мұра нысаны – ортағасырлық Сығанақ қалашығында кешенді археологиялық зерттеулер жүргізу» атты ғылыми бағдарлама аясында зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Биыл үш жылдық ғылыми бағдарламаның екінші кезеңі жүзеге асырылуда.
Зерттеу барысында Сығанақ қалашығының қорғаныс жүйесін, мешіт, медресе, кесенелер құрылыстарын, тұрғын үй кешендерін ашып, зерттеді. Сонымен қатар, ежелгі қалалар арасындағы экономикалық және әлеуметтік-мәдени байланысты анықтап, материалдық және рухани мәдениеттің негізгі элементтерін қайта қалпына келтіруде. Ізденіс барысында пәнаралық зерттеулерді, жаңа компьютерлік технологияларды, қазіргі заманғы құжаттама, картографиялау құралдарын қолданып келеді.