ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН МЕРЕКЕЛЕУ БАРЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Биыл наурыз айында Түркістанда мәдени және туристік іс-шараларды ауқымды етіп өткізу жоспарланып отыр. Ал оның өту барысы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде пысықталды. Өңір басшысы Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.
– Жалпы Наурыз мейрамын мерекелеу кезінде аудан, қала әкімдіктері мен барлық басқарма атсалысыңыздар. Жай ғана өте салмасын. Тиянақты етіп аудан, қалада да бірдей өтсін. Бұл мерекемен шектеліп қалмай, жоспарлы іс-шаралар назардан тыс қалмау керек. Қолөнершілер мен суретшілер көрмесін де жасақтауымыз керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев баяндама жасады. Басқарма басшының айтуынша, былтыр Наурыз мерекесінің атап өтілуі қоғам арасында қызығушылық тудырған. Биылдан бастап Наурыз мерекесі тек батыс өңірінде емес, барлық аймақта «Көрісу» дәстүрінен бастау алады. Қазіргі кезде мерекелік іс-шаралар жоспары жасалып отыр. ҚР Президенті Әкімшілігінен келген нұсқаулыққа сәйкес Наурыз тойы биыл да Түркістанда рухани-тарихи елорда атауының мазмұнын терең қалыптастыру мақсатында 10 күн атап өтілмек.
Мереке кезінде түрлі мәдени-көпшілік шаралардан бөлек, «Түркістан – Самарқанд – Түркістан» бағытында әуе рейсі іске қосылады. Сондай-ақ облыс әкімдігі мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен Түркістан облысы мен Жамбыл облысы ақындары, термеші, жыршылары арасындағы командалық өнер додасы ұйымдастырылады. «Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» туристік маусымның ашылу өтпек. Сонымен қатар Түркістан өңіріне Еуропадан журналистер келеді деп күтілуде.
Наурызды бір күн емес, тұтас ай бойы тойланатын үрдістер бар екені мәлім. Ұмыт болған ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, дәріптеуді бағыт ете отырып өткізілетін 10 күндік іс-шаралар облысқа туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай 6 наурыз күні облыс әкімінің қатысуымен Түркістан музыкалық драма театрында «Көктемдегі кездесу» музыкалық-поэтикалық қойылымы өтеді. Аталған қойылымды «Конгресс холл» кешенінің «Jana lep!» өнер ұжымы сахналайды. Шара барысында қоғамның түрлі саласында үлгіге айналған ардақты аналар марапатталып, құрмет көрсетіледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin