Түркістан облысында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай мәлім етті.

Түркістан облысы аумағындағы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Конго-қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу, адамды, жануарларды, үй-жайларды және өзге де аумақтарды жәндіктерден қорғау және жою бойынша бірқатар іс-шаралар тізбегі жоспарланған. Спикердің сөзінше, кенеге қарсы энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында биыл 59 887 литр «Дизицип» сұйығы, 413 372 килограмм «Дельтаметрин» ұнтағы сатып алынды. Осы ретте аудан, қала орталықтарындағы сақтау қоймаларына жеткізілді.

Басқарма тарапынан тек ауыл шаруашылығы жануарларын өсірумен айналысатын үйлердің қоражайларына және жапсарлас аумағына залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

– Залалсыздандыру жұмыстарын екі кезеңде жүргізу жоспарланған. Көктемгі кезеңде 1 498,8 мың ірі мал бүркіліп, 4 776,9 мың ұсақ мал тоғытылды. Сондай-ақ 51 672,1 мың шақырым қоражай және мал иірімдері мен суаттар залалсыздандырылды. Оған 17 сәйкестендірілген ДУК автокөлік, 372 ранцтік аппарат, 17 мотопомпа және 1552 арнайы киім, резеңке етік, 9312 респиратор, 3104 көзілдірік, 7 760 қолғап пен кәсіпорынның 1552 қызметкері жұмылдырылды. Мамандар арнайы қорғаныс киімдермен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда, жалпы 316 ұсақ малды тоғытатын ванна бар. Оның ішінде, 154-і — мемлекеттік, 162-і — жеке меншік. Ал екінші кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары 10 шілдеден басталып, 15 қыркүйекте аяқтау жоспарланған. Осы кезеңде 1 557,7 мың ірі мал бүркіленеді, 4 996,6 мың ұсақ мал тоғытылады және 51 672 мың шаршы метр қоражай және мал иірімдері мен суаттар залалсыздандырылады. Оған дәрі-дәрмек жеткілікті, — деді Ғани Тұрысқұлұлы.

Брифинг барысында Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов жыл басынан бері облыста кене шаққан 985 адам медициналық ұйымға жүгінгенін атап өтті. Ал, 48 науқас күдік тудырып, 9 науқастың диагнозы расталған.

«Аса қауіпті жұқпалы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы инфекциясы адам ағзасына кененің шағуы арқылы енеді. Сондай-ақ, жануарларды күтіп баққан кезде, төрт түлік малдың және науқас адамның қанымен жұғуы мүмкін. Бұл ауруға көбіне малшылар, шопандар және мал күтімімен айналысатын, мал өнімдерін өндіретін адамдар шалдығады», — деді Бахтыораз Елемесов.

Брифингте белгілі болғандай, аудандық, қалалық жұқпалы аурулар бөлімшелері арнайы тасымалдауға арналған термоконтейнерлермен жасақталған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Салтанат Жамалованың айтуынша, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына болжамды, ықтимал жағдай диагнозымен тіркелген науқастардан алынған қан сынамалары облыстық зертханаға сапалы және эпидемиологиялық қауіпсіз жеткізіледі.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырып емделген адамдардың қан сарысуы келісім бойынша дайындалып отырады. Бүгінде «Рибаверин» препаратының 25 350 данасы бар. Облыста иммундық плазманың 31,700 литрі дайындалған. Науқастарға арналған төсек-орын саны – 609. Аса қауіпті аурулардың алдын алу жұмыстары медициналық ұйымдар басшыларының қатаң бақылауында тұр. Осы ретте мамандар тұрғындарды Конго-Қырым қанды безгегінен сақтануға шақырды.

Атап өтерлігі, жуырда ветеринария саласындағы қордаланған мәселелерді ортаға салған басқарма басшысы Ғани Құрманбай оларды шешу үшін алдағы жылдарға бюджеттік бағдарламаға енгізуді ұсынған болатын. Облыста 186 ветеринариялық бекет бар. Олардың біразы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді қажет етеді. Көктемгі кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары барысында өңірдегі 6 миллионға жуық мал басы мен 50 мың шаршы метр қоражайлар мен жапсарлас аумағы залалсыздандырылған. Энзоотиялық аурулардың алдын алуға қажетті дәрі дәрмектермен қамтылып, сәйкестендірілген 17 дана ДУК автокөліктері, 372 дана ранцтік аппарат, 17 дана мотопомпа және 1500-ден астам қызметкер жұмылдырылып, мамандар арнайы қорғаныс киімдермен қамтамасыз етілген. Іс-шараның екі кезеңінде 4 миллионға жуық мал басын бүрку және 100 мың шаршы метрге жуық қоражайлар мен жапсарлас аумақты залалсыздандыру жоспарланған.

– Ветеринарияны сапалы жаңа деңгейге көтеру керек. Құрған есепке құрылған баяндама кімге керек? Түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз. Кезінде бұл саланың маңыздылығы басым еді. Қазіргі жағдай сын көтермейді. Бізде саны бар, сапасы жоқ бақылаушылар көп. Бірақ нәтиже жоқ. Статистикалық дерек пен дерекқор базасындағы мал басы санында айырмашылықтар тіркеліп, екі түрлі дерек қалыптасқан. Бұл мәселені реттеуді тапсырамын. Былтыр осы салада жаңа басқарма құру туралы өтініш айтқан еді. Сол сұраныстарды қарастыра келе, басқарма құрылды. Енді мүмкіндікті пайдаланып, жұмысты күшейткен жөн. Бір жүйеге қою керек. Көрші мемлекеттер мен шетел тәжірибесін де ескеріңіздер, – деген-ді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде атқарылған ветеринариялық іс-шараларға талдау жүргізіліп, нәтижесі ортаға салынды. 2022 жылы өңірде 1 035,2 мың ірі қара мал басы, 4530,1 мың ұсақ мал тіркелген. Олардан 247 мың тонна ет және 767 мың тонна сүт өндірілген. Облыста жануарлар мен адамға ортақ 16 түрлі аса қауіпті ауру түрі тіркелген. Осы аурулардың алдын алу үшін, уақытылы ветеринариялық шаралар яғни, диагностикалық зерттеу мен вакцинациялау атқарыла отырып, эпизоотиялық тұрақтылық қамтамасыз етілуі қажет.

Талдау барысында ветеринариялық шаралар бойынша бірқатар кемшіліктер тіркелген. Вакцина егу бойынша да олқылықтар анықталған. Мәжілісте анықталған кемшіліктер сала мамандарының кей дерекқордың дұрыс жүргізбеуінен және ондағы ақпараттың жаңартылмауынан, жүктелген функцияларды дұрыс немесе уақтылы орындамауынан туындағаны айтылған болатын.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.