
Шымкент қалалық №2 ауруханасының неврология бөлімінің дәрігерлері 25 жастағы бойжеткеннің өмірі үшін күресіп, оны аман алып қалды. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген науқасқа Гийена–Барре синдромының жедел қабыну демиелинизациялық полинейропатиясы диагнозы қойылған.
Бұл — адам ағзасының иммундық жүйесі шеткі (перифериялық) жүйке жүйесін бөгде зат ретінде қабылдап, оған шабуыл жасайтын аутоиммунды ауру. Көбінесе ол респираторлық немесе жедел ішек инфекцияларынан кейін дамиды.
Аталған дертке шалдыққан бойжеткеннің аяқ-қолы әлсіреп, жалпы әлсіздік күшейген, тыныс алуы қиындаған. Аурудың асқынуы салдарынан науқас өздігінен қозғалу қабілетінен айырылған.
Дәрігерлер науқасты шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызып, жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Ол жерде 17 күн бойы қарқынды ем жүргізіліп, пациенттің өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті медициналық шаралар жасалды. Нәтижесінде дәрігерлер бойжеткенді аман алып қалып, ауыр мүгедектіктің алдын алды.
Науқастың емдеуші дәрігері — 10 жылдан астам тәжірибесі бар бірінші санатты невролог дәрігер Арайлым Байтуреева. Оның айтуынша, қазіргі таңда бойжеткеннің жағдайы жақсарып, оңалту кезеңіне ауыстырылған. Пациент алдағы уақытта дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады. Ол өз өмірін сақтап қалған медицина қызметкерлеріне шынайы алғысын білдіруде.
Айта кету керек, науқасқа көрсетілген барлық медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүзеге асырылған. Ең бастысы — мұндай жағдайларда дер кезінде медициналық көмекке жүгіну науқастың өмірін сақтап қалудың негізгі кепілі.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.
