Түркістан облысында жастардың мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашу көрсеткіші ұлғайды

Түркістан облысында өңір басшысының тапсырмасымен жастар саясатын жүргізу, жастарға қолдау көрсету жұмыстары жаңаша форматқа көшіп, жұмыс тәсілі өзгертілген. Бұл әрекеттер өз жемісін бере бастады. Мәселен, өңірде 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 654 353 немесе халық санының 30%-ын құрап отыр. Оларға жан-жақты қолдау көрсету, жастар саясаты саласындағы жұмыстарды жандандыру – уақыт талабы. Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, NEET санатындағылар үлесін төмендету, сондай-ақ ауылдағы жас буынды қолдау қарастырылған.

Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауында тұр. Және аталған саладағы жұмыстарды күшейтуді ұдайы назарда ұстауда.

– Ауқымды іс-шараларды облыс орталығында ғана емес, шалғай аудандарда, елді мекендерде де тұрақты өткізу керек. Жастар арасындағы өзекті мәселелерді жедел анықтап, алдын алу және профилактикалық жұмыстарды жандандырыңыздар. Екіншіден, колледждерге бөлінген мемлекеттік грант иегерлері талапқа сай білім алып, мамандыққа ие болулары керек. Оқу барысын қатаң қадағалаңыздар. Жастарды жан-жақты қолдау жалғасады, – дейді облыс әкімі.

Бұрын «Жастар ресурстық орталықтарының» жұмысында іс-шаралық формат басымдыққа ие болса, қазір орталық қызметкелері елді мекендер мен қалаларды аралап, замандастарымен етене жұмыс жүргізуде. 2023 жылы NEET санатындағы жастар үлесін азайту мақсатында 12 мемлекеттік бағдарлама аясында 38 757 жасты жұмыспен және оқу гранттарымен қамту жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік бағдарламаларға жалпы 31236 жас тартылған.

2023 жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасын» жүзеге асыру мақсатында 33 252 (46,1%) жас жұмыспен қамтуға жолданды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 10 016 (47,5%) адам жолданып, жұмыспен қамтылды. Биыл «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1989 өренге жұмыс орны бөлінген. Есептік кезеңге сәйкес, бағдарлама бойынша 955 жас қамтылған.

«Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасына республикаға 3653 грант берілген болатын, соның ішінде қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша аудан, қаладан 864 талапкер жіберілді. Бұл бағытта да жұмыс жалғасып жатыр.

Түркістан облысының «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жастарға арналған жеңілдетілген шағын 2,5% несие беру бойынша 2023 жылы 594 жасқа несие беру жоспарланып отыр, жалпы қаражат көлемі 2 миллиард 970 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда облыс көлемінде аудан, қалалық «Жастар ресурстық орталықтарына» бекітінген апталық жоспарға сәйкес 2,5 пайыздық шағын несие бойынша 325 кездесу және ашық есік күні өткізілген. Бүгінгі күнге дейін несие бойынша 648 өтінім беріліп, 407 өтінім комиссия мүшелерінен өтіп, оның ішінде 172 жас несие алған.

Жастар арасында келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алу мақсатында кездесулер, семинар-тренингтер тұрақты өтуде. Талантты жастарды қолдау және жастарды жан-жақты дамыту бағытында облыс көлемінде бүгінгі күнге дейін 1958 іс-шара өткізіліп, 130 678 жас қамтылды. «Өз кәсібіңді аш» атты тақырыбында TEDx форматында жастарды кәсіпкерлікке ынталандыруға бағытталған экскурсиялар, танымал кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп жатыр.

Айта өтейік, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам капиталын тиімді дамытудың аясында әлеуметтік қолдау нақты және межелі болуы тиіс екенін мәлімдеген-ді.

«Қазіргі әлеуметтік кепілдік көлемі қысқартылмауы керек, керісінше шын мәнінде мұқтаж адамдардың пайдасына қайта бөлінуі тиіс. Мемлекет бұл көмекке аса мұқтаж адамға көмектесетін болады. Бәрінің негізінде ескертпелі әлеуметтік саясат жатуы тиіс, ол қолдауға арналған жәрдемақыларды төлеуге емес, өнімді жұмыс орындарын құруға бағытталуы тиіс», — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілген.

«Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады» — дейді Президент.

Бұлардың барлығы да жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар болмақ.

«Жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінді. Қаражат аймақтарға берілді. Қазір бизнес саласындағы үздік идеяларды таңдап алу үшін конкурстар басталды. Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет. Әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керек», — дейді мемлекет басшысы.

Бір жылдың ішінде жасы 29-дан аспаған кәсіпкерлердің саны 36%-ға өскен. Осылайша жас кәсіпкерлердің үлесі 18%-ға артып отыр. Сәуір айында елімізде жасы 29-ға толмаған бизнесмендердің саны 211,9 мыңға жеткен, яғни, бір жылда бірден 36,4%-ға артқан.

Бұл кезеңде жалпы жеке кәсіпкерлердің саны 8,3% өсіп, 1,2 миллион адамға жеткен. Бір жыл бұрын олардың жалпы кәсіпкерлердің арасындағы үлесі 14,5% болса, биыл 18,2%-ға жетіп отыр.

Жынысқа қарай жіктесек, жас кәсіпкерлер арасында ерлердің саны басым – 109,1 ер, 102,8 мың әйел. Алайда ауылдағы жас кәсіпкерлердің үлесі әлі де болса аз. Жастар санатына жататын 158,4 мың кәсіпкер қалада тіркелген. Ал ауылдағылардың үлесі — 25%-дың айналасында. Бірақ биыл ауылдағы жас кәсіпкерлердің саны да айтарлықтай өскен – 30,9% немесе 53,4 мың.

Жастар арасында бөлшек және көтерме сауда ең тартымды сала болып тұр. Мұнда 73,6 мың адам кәсіп ашқан.

Өңірлер арасында Алматы (33 мың) және Нұр-Сұлтан (24,7 мың) қалаларында жас кәсіпкерлер көбірек тіркелген. Тізімнің соңында Солтүістк Қазақстан (2,6 мың), Павлодар (5 мың) және Ақмола (5,5 мың) облыстары тұр. Бір қызығы 6 өңірде жас кәсіпкерлердің арасында әйелдердің үлесі басым. Әсіресе Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары алғашқы үштікте. Ал Солтүстік Қазақстан (39,2%) және Түркістан (40,5%) облыстарында нәзік жанды кәсіпкерлердің үлесі аздау.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin