Түркістан облысының әкімі «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жұмысты жандандыру керектігін айтты

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда мақұлданған жобалар көрсеткіші бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастап тұр. Бірақ әлі де мәселелер көп. Жұмысты ширатып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту керек. Бұл түйткіл бойынша бүгін арнайы мәжіліс өткізілді. Жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды. Жобаны жүзеге асыруда кемшілікке бой алдырған әкімдер мен мекеме басшыларын сынға алып, есептерін тыңдады.

– «Ауыл аманаты» бойынша жобаларды қаржыландыру көрсеткіші төмен. Уақыт өтіп жатыр. Жоспарға енгізілген барлық ауылдарда жобалар толық жүзеге асып, елдің табысы артуы тиіс. Жауапты басқарма басшылары, сіздер ауыл шаруашылығындағы проблемаларды анықтап, шешу жолдарын ұсыныңыздар. Тұрғындарға идеялар беріп, жобаны жүзеге асыруға, өз кәсіптерін бастауға көмектесіңіздер. Белсенді тұрғындар өздері ізденіп, несиесін алады. Бірақ тұрғындардың бәрі ондай белсенді емес. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес берген жөн. Аудан, қала әкімдері, былай отыра беруге болмайды. Ізденіңіздер, «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру керек. Қаржыландыруға жауапты «Ырыс» қаржы ұйымы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылары да жұмысты ширатсын. Аз ғана жобаны игере алмай отырсыздар. Шаруалардың, тұрғындардың жобалары жылдам қаржыландырылсын, – деді Дархан Сатыбалды сөзін шегелей.

Мәжілісте өз кезегінде Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов пен Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың есептері тыңдалды.

Жоба арқылы 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 миллиард теңгенің жобалары мақұлданған.

Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Жоспарды орындамаған және төмен нәтиже көрсеткен басшыларға шара көріледі.

Қалай болғанда да, «Ауыл аманаты» — ауылдарды сақтап қалуға мүмкіндік беретін ауқымды жоба. «Ауыл аманатының» аясында қолға алынып отырған іргелі жобалардың бірі – «Тауарлы несие» бағдарламасына ауыл тұрғындарының сұранысы жоғары. Бұрын-соңды болмаған тауарлық несиенің мақсаты – мал басын өсіру және ұлғайту. Осы арқылы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік ынта-жігерін, табыс табуға деген қызығушылығын арттыру.

Ауыл азаматтары үшін жобаның шартына қысқаша тоқталсақ:

— ірі қара малдың аналығы бес бастан;

— қой аналығы он бастан;

— биелер бес бастан бастап беріледі.

Осы несие түріне қол жеткізу үшін не істеу керек?

Біріншіден, тауарлы несие алғысы келген азамат жергілікті атқарушы органға қандай малдың түрі, қанша бас керектігін айтып, өтінім береді.

Екінші қадам, жергілікті атқарушы орган қарыз алушыдан тиісті құжаттарды алғаннан кейін тауарлық несие беруші операторды анықтайды.

Үшіншіден, тауарлы несиені мақұлданғаннан кейін қарыз алушы мен қарыз беруші арасында тауарлық несие беру туралы екіжақты шарт жасалады.

Тауарлы несиемен берілген малды мақсатты пайдалану мәселесіне келсек, алынған мал 7 жылдан аспайтын мерзімге беріледі. Төлдердің белгілі бір мөлшері қарыз берушіге қайтарылады. Берілетін төл 50% аспайтындай болуы шарт. Тағы бір тиімділігі, несие берілген соң 1 жылға дейін каникул алуға болады. Бұл — бизнесті дамытып алуға жақсы мүмкіндік.

«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру тәжірибесі барлық өңірге кеңінен таралуы тиіс. Биыл оған 100 миллиард теңге бөлінді, соның есебінен ауылда көптеген кәсіпкерлік бастаманы қолдау жоспарланып отыр. Келесі жылы тағы 100 миллиард теңге бөлеміз. Жобаның арқасында ауылдық елді мекендерде өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсармақ. Осы қарқынмен бұл жұмысты жалғастыру қажет», — дейді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Жоба туралы өзге мәліметтер

Барлық процесс мемлекеттік жауапты мекемелердің қатысуымен жүргізіледі. Мысалы, аудандардың, ауылдық округтердің әкімдері, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган және қарыз беруші тауарлық несиенің нысаналы пайдаланылуын бақылау және оны қайтаруға кепілдік беру үшін жыл сайын комиссия құрамымен жылына кемінде 2 рет қарыз алушыға барады. Тауарлы несиенің нысаналы (нысаналы емес) пайдаланылуын растайды. Егер тауарлық несие мақсатсыз пайдаланылса, қарыз алушы алған малын қарыз берушіге толық қайтаруы тиіс. Тауарлы несиені қайтаруды бақылау міндеті аудандардың, ауылдық округтердің әкімдеріне, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті органдарына жүктеледі.

Жалпы сала мамандары «Ауыл аманатын» іске асыру ауылдарды сақтап қалуға және халықтың қалаға көші-қонын азайтуға, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба екенін айтып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.