Түркістан облысы: Білім беру нысандарының инфрақұрылымын дамыту облыс әкімінің назарында тұр

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды білім беру инфрақұрылымын дамытуға байланыста таяуда арнайы жиналыс өткізді. Саладағы өзекті мәселелер талқыланған отырыста әкім жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Жалпы, Түркістан облысындағы жалпы 912 мемлекеттік мектепте 500 мыңға жуық бала оқиды. Дәлірек айтсақ, оның 159-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан, оның ішіндегі 35 мектепте оқушылар саманнан салынған ғимаратта білім алады. Сонымен қатар 5 үш ауысымды және 4 апатты мектеп бар. Облыста 35 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның үшеуі «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында, ал 32 мектеп республикалық бюджет есебінен бой көтеріп жатыр. Былтыр 20 мектеп тапсырылған. Биыл қалған 15 мектептің 13-і пайдалануға берілетін болады, екеуі 2025 жылға өтпелі.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдары облыста жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Құрылысы жүріп жатқан 29 мектеп биыл пайдалануға берілсе, келер жылы тағы да 34 мектептің құрылысы аяқталады.

Ұлттық жоба еліміздегі оқушы орындарының тапшылығын шешуге, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін жоюға бағытталған. 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті, ал 2025 жылы 152 мектепті қолданысқа беру көзделген. Мектептер құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Мектептердің 163-ы немесе 44 пайызы ауылдық жерлерде салынады. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 трлн теңге, оның ішінде:

  • 2023 жылға – 500 млрд теңге
  • 2024 жылға – 976,3 млрд теңге
  • 2025 жылға – 909,4 млрд теңге бөлінген.

Таяуда өткен Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев заманауи, эргономикалық және қауіпсіз білім беру кеңістігін құру үшін қажетті нормативтік-құқықтық база әзірленіп, жаңа форматтағы мектептерді салуға қойылатын талаптар бекітілген айтқан еді. Нақтырақ айтқанда:

Біріншіден, мектептерді жобалаудың нақты үлгілік тапсырмалары әзірленіп, бекітілді.

Екіншіден, эргономиканың талаптарына, сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастыру кезінде білім алушылар мен педагогтердің қажеттіліктеріне жауап беретін технологиялық жабдықтар мен жиһаздардың толық тізбесі рәсімелді.

Үшіншіден, бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптар, спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылды.

Төртіншіден, қазіргі заманғы техникалық құралдарды енгізу есебінен қауіпсіздік шаралары арттырылып, лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету, күзет қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді.

Бесіншіден, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру көзделді.

Алтыншыдан, мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау талабы енгізілді.

Жетіншіден, оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар, қосымша киім ілетін орын қарастырылды.

Аудандық білім бөлімдері тарапынан 68 мектептің құрылысын және қосымша ғимарат салуға ұсыныс берілген екен. Зерделеп, талдау нәтижесінде бекітілген талапқа сәйкес бірінші кезеңде 26 мектептің құрылысын салу туындап тұрғаны анықталған. Сонымен қатар 2024-2026 жылдары облыста 6 мыңнан астам оқушы орын тапшылығын, апат алдындағы, үш ауысымды мектептердің мәселесін жою және ғимараты ыңғайластырылған мектептердің орнына 23 мектептің құрылысын салуды жеке кәсіпкерлерге ұсынылды. Осы ретте 300 орынға дейінгі мектептерді салуды жеке инвесторлар есебінен немесе мемлекеттік-жекешілік әріптестік тетігі арқылы іске асыру жопарланып отыр.

Жиналыста 2022 жылдан бері тапсырылған 4 мектеп құрылыс пен жылу жүйесіндегі ақаулардың кесірінен әлі тапсырылмай отырғаны айтылды. Облыс әкімі мәселені шұғыл шешуді міндеттеді.

– Мектеп тапшы болып отырғанда, сіздер дайын мектепті тапсыра алмай отырғандарыңыз қалай? Сонда осы уақытқа дейін неге үнсіз отырсыздар? Шұғыл түрде барлығын анықтап, шешу керек. Бір апта уақыт беремін. Маған сылтау айтып, ақталудың қажеті жоқ. Қолдарыңыздан келмейді ме, оны айтыңыздар. Мердігерлердің кінәсі болса, оны да анықтау керек, — деді Дархан Сатыбалды.

Облыста 1900-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген 121 мектеп күрделі жөңдеу жұмыстарын қажет етеді. Оған қажетті қаржы көлемінің жалпы сомасы 88 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда 60 мектептің құжаттары дайын. 2024 жылға 19 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы 7,2 миллиард теңге қаржы қаралды.

Облыс әкімі күрделі жөндеуді қажет ететін кей білім ошақтарының тым қымбатқа бағаланғанын айтып, жөндеуге қаралған қаражатын қайта қарап шығуды тапсырды.

Осы тұста атап өтер мәселе, облыс көлемінде білім саласында 2020-2022 жылдан бері          17 мектептің құрылысы түрлі себептерге байланысты тоқтап тұрған. Жобалау-сметалық құжаттамасы ескіріп, құрылыс материалдары мен жабдықтарының қымбаттауына байланысты
14 мектепке түзету енгізілді.

Бұл өз кезегінде жергілікті бюджетке қосымша жүктемеге алып келген, ол дегеніңіз қосымша 12 миллиард теңге қаржы бөлуді талап етеді.

Тиісті жұмыстардың жүргізілуі есебінен 2023 жылы 5 мектеп құрылысы аяқталды, қалғандарын биыл тапсыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, 2022 жылы білім бойынша қарыздарды өтеуге қосымша 47,1 миллиард теңге бөлінді (педагогтердің еңбекақысы – 37,6 миллиард теңге, балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты орналастыруға – 9,5 миллиард теңге).

1-4-ші сыныптағы оқушылардың барлығы (200 051 бала) тегін ыстық тамақпен қамтылды. Мемлекеттік мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.

1 409 мектепке дейінгі ұйымда 157 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды қамту                  98,9 пайызды құрады.

1 032 мектепте 520 мың оқушы білім алады (мемлекеттік – 909, жеке – 123).

Облыста демографиялық оң ахуалға байланысты оқушы орынға тапшылық бар (35 мың орын). Аталған мәселені шешу үшін 4 бағытта жұмыс жүргізілуде:

— бюджет және «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы жалпы 35 мектеп құрылысы жүргізілді (10 300 орын), оның 20-ы тапсырылды (5 300 орын);

— «Жайлы мектеп» жобасымен 3 жылда жалпы 63 мектеп салынады (49 мың орын);

— жеке инвестиция есебінен 35 мектеп салынды (6 230 орын).

Шалғайдағы елді мекендерде тұратын оқушыларды тасымалдау үшін арнайы жабдықталған 101 автобус алынды.

Ұстаздардың білімін арттыру мақсатында 100 мұғалімді Жапония, Оңтүстік Кореяға оқу-тәжірибелік семинарға, 50 мұғалімді «Болашақ» стипендиясымен шет елдерде тәжірибеден өткізу жоспарланып отыр.

Қорыта айтқанда, Түркістан облысында апат алдындағы, үш ауысымды және ғимараты ыңғайластырылған білім ордаларының мәселесін шешу үшін 23 мектеп салу керек. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, былтыр жобалық қуаттылығы 6230 оқушыны қамтитын 35 жекеменшік мектеп пайдалануға берілген. Облыста 33 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдары облыста 63 мектептің құрылысы жүргізіледі. Ал 2024-2026 жылдары облыста 6512 орын тапшылығын жою, апат алдындағы, сонымен бірге үш ауысымды және ғимараты ыңғайластырылған мектептердің мәселесін шешу үшін 13 аудан, қалада 23 мектеп салу керек.

Қазіргі өзіңде 4 кәсіпкер Арыс қаласы мен Бәйдібек, Келес, Сарыағаш аудандарында мектеп салуға ұсыныс білдірген.

Жекеменшік мектеп демекші, Түркістан облысында биыл 50-ден астам мектеп бой көтереді. Алдағы уақытта облыста бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасады. Бүгінгі таңда облыстағы 133 жекеменшік мектепте 34 362 астам оқушы білім алуда. Қысқа уақыттың ішінде өңіріміздегі жекеменшік мектептер желісінің артуы мектеп тапшылығын қысқартуға үлкен үлесін қосуда.

Мәселен, биыл қаңтар айында Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылында Әбілқайыр Оспанов атындағы «SEA BILIM» жалпы орта мектеп пайдалануға берілді. Айтулы білім ордасының ашылу салтанатына ел ақсақалдары, ұстаздар мен оқушылар және ата-аналар қатысты.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтап, оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» дей келе білім сапасын жақсарту, ұстаздар мен оқушыларға қолдау көрсетуді тапсырды. Жекеменшік секторды білім саласына инвестиция салуға шақырды. Инвесторлар қаржысымен мектеп салуда Түркістан облысы көш басында тұр. Осы тапсырманы орындау мақсатында өңірде білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бір дәлелі – бүгін Ордабасы ауданында жаңа мектептің ашылу салтанатының куәсі болып отырмыз. Баршаңызды қуанышты сәтпен құттықтаймын. Осы мектептен білімді, дарынды оқушылар шыға берсін! – деді Дархан Сатыбалды.

Салтанатты жиында мектептің лентасы қиылып, іс-шараға қатысушылар оқу кабинеттерін, асханасын, спорт зал мен кітапханасын аралады. Құрылысы былтыр басталып, тапсырылған 1350 орындық мектеп заманауи пән кабинеттерімен жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалған.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлар есебінен салынатын мектептерді тек тапшы аймақтарға орналастыру керектігін айтты.

«Жайлы мектеп» жобасы арқылы салынатын білім ұяларының маңына жекеменшік мектептерді салудың мәні жоқ. Егер білім ұясы жеткілікті аймаққа салынса, ол мектепке оқушы табу қиынға соғады. Жауапты басқарма, аудан әкімдері осы мәселені терең зерделеп, бірлесе жұмыс атқарыңыздар. Әрбір құрылысты бақылау, қадағалау керек», – дейді Дархан Сатыбалды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin