Түркістан облысы: Жетісай ауданының әкімі егістік алқаптарды аралады

Негізгі табысы агросектормен тікелей байланысты Жетісай ауданында 79 мың гектардан астам жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жұмыс аптасының соңғы күнінде аудандағы егістік алқаптарды аралап, жиналып жатқан бақша өнімдерінің жағдайы мен жазғы вегетациялық жұмыстардың барысымен танысып шықты.

Сала мамандарының мәліметінше, биыл 19,6 мың гектар жерге егілген бақша дақылдарының 14 176 гектары қауын, 5 441 гектары қарбызды құрап отыр. Қазіргі таңға дейін бақша дақылдарынан 561 мың тонна өнім алынып, Ресей, Белоруссия, Қырғызстан елдерімен қатар еліміздің Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сұранысы бар өзге де облыстарға жіберіліп жатыр.

Өткен жылы 15,1 мың гектар жерге бақша дақылдары егіп, 417,8 мың тонна өнім алған жетісайлықтар 2023 жылға қауынның «Валет», «Мырзашөл», «Аэропорт», «Бакинка», «Дакар» және «Жұлдыз» сорттарын, қарбыздың «Холлер», «Талисман», «Сайс», «Каристан», «Екон» және «Виктория» сорттарын еккен.

Сонымен қатар, аудан басшысы мақта дақылының жазғы вегетациялық жұмыстарының барысымен, аудан шаруаларының ағын суға деген сұранысының қанағаттандырылу жағдайымен де танысты. Ағын су мөлшері сұранысты қанағаттандырарлық болғанымен, аудандағы суғарылуы тиіс 45,5 мың гектар мақталық алқаптың небәрі 5 мың гектарға жуығы ғана жазғы суларын алған.

«Суға деген шаруалардың сұранысы толығымен қанағаттандырылып отырғанымен, жазғы вегетациялық жұмыстар көңіл көншітпейді. Бұл бағытта ауылдық округ әкімдері мен жер мамандары, жауапты бөлімдер жұмыстарын жандандырулары керек. Шаруаларға түсіндіріңіздер, кездесіңіздер. Кешікпей жазғы суларын толығымен алып үлгеретіндей жағдай жасаңыздар» — деді аудан әкімі.

Айта кетейік, биыл мақтаның отандық «Мақтарал-4011», «Мақтарал-5027» және «Память Ералиева» сорттары мен Түркия, Өзбекстан және Қытай елдерінен келтірілген сорттарын еккен аудан шаруалары өткен жылғы науқанда 49,5 мың гектарға егілген техникалық дақылдан 129,6 мың тонна өнім алған болатын.

Жалпы, Жетісай ауданы Атамекен ауылдық округіндегі К-25-16 каналының сын көтермес жағдайы көптен бері айтылып келеді. Жалпы ұзындығы 5 шақы­рымға жуық канал 810 гек­тардай егістік алқабына ағын су жеткізеді. Осыдан бес-алты жыл бұрын каналды жөн­деу жұмыстарына 49 миллион тең­ге қаржы қаралған. Алай­да жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілген. Су өткізу деңгейі өте төмен. «Қазсушар» мекемесі қойып берген құбыр тесіліп, су сыртқа ағып жатыр. Шаруалар су ақысын төлесе де, егістік алқаптарын насоспен суаруға мәжбүр. Алайда оған да жетпейтіндіктен, су сорғыларын кезекпен қосады екен. Аудандық мәслихат депутаты Қаршыға Ақтөреева шаруалардың жанайқайын төрт-бес жылдан бері көтеріп жүргенімен, билік тарапынан құлақ асқан жан болмапты. Сондықтан диқандар жыл сайын бірігіп, өз қаржылары есебінен каналды шама-шарықтарынша тазалап, егістік алқаптарын суарып келген. Бұл мәселенің шешімін табуына жуырда шаруалармен кездескен аудан әкімі Серік Мамытов ықпал етпек. Аудан әкімі жауапты сала мамандарына аталған проблеманы қысқа мерзімде шешуді тапсырып, нәтижесін өз бақылауына алатынын айтқан. Облыстағы егіс алқаптарын ағын сумен қамту мәселесіне қатысты кезекті рет жауапты басшылардың басын қосқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды шаруа­ларды ағын сумен қамтуды жүйелеп, тұрақ­ты бақылауда ұстауды тапсырды.

Өңірде биыл 860 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде суармалы жер көлемі – 552 мың гектар. Өңірдегі жалпы суармалы жердің 30%-ы облыстың оңтүстік бөлігі Жетісай, Мақтаарал аудандарына тиесілі. Осы аумақтағы суармалы жерлердің барлығы Өзбекстан Республикасынан келетін трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы сумен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күні сұранысқа сай шаруаларға қажетті суды жеткізу үшін машиналық канал іске қосылып, қосымша қажетті су жеткізілуде. Сонымен қатар облыстың Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласындағы 75 мың гектар суармалы жерлерге шаруалардың сұранысына сәйкес «Қызылқұм» магистралды каналы арқылы секундына 50 текше метр ағын су босатылып отыр. Қажеттілік толықтай қамтамасыз етілген.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды каналдар қайта жаңғыртылатыны туралы айтқан болатын. Мемлекет басшысы сонымен бірге жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшіруді тапсырды. Бұл ретте осы су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану арқылы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларының 80 мың гектарға жуық суар­малы жерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беріліп отыр. Еліміздегі суармалы алқаптардың 4/1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Сондықтан ағын су мәселесі — өте өзекті және тұрақты назарда», — деген-ді Дархан Сатыбалды.

Бүгінде өңірде шаруалардың суды қажеттіліктен артық пайдалануына, ағын су ысырабына жол бермеу және су беру тәртібін реттеу үшін нақты тариф бекітілген. Шаруаларға ағын суды тек қажеттіліктеріне сәйкес бөлу тәртібі енгізілген. Сонымен қатар су шығынын үнемдеу мақсатында «Түркістан» магистралды каналының бір бөлігін темір бетонмен қаптау жұмыстары аяқталып, барлық шлюздардағы су өлшегіштер есепке алынған. Су балансын сақтау жұмыстары бір жүйеге келтірілген. Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде, «Қосқарған» және «Кеңсай-Қосқарған-2» су қоймаларында су жеткілікті. Өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешу үшін бірқатар су нысандарының жобалары әзірленуде. «Бәйдібек ата» су қоймасы салынғанда суару маусымында «Бөген» су қойма­сына 68 миллион текше метр, сондай-ақ аталмыш су қоймасына «Боралдай» су қоймасы жобасы нәтижесінде суару мау­сымында 65 миллион текше метр ағын су қосымша жеткізіледі. Екі қойманы салу есебінен алдағы жылдары Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, су нысандарын қалпына келтіру, мелиоративтік жағ­дайын жақсарту мақсатында, облыс әкі­мі­нің тапсырмасымен 15 су нысанын күрделі жөндеу, 5 нысанды ағымдағы жөн­деу жұмыстарына облыстық бюджеттен 3,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 63 шақырым канал күр­делі және ағымдағы жөндеуден өткі­зіліп, 11,2 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады. Ал «Тұран су» ШЖҚ МКК өз қаржысы есебінен биыл Ордабасы, Сауран аудандары мен Арыс қаласында жоспарланған 230 шақырым каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру мақсатында Сайрам ауданында төтенше жағдай қаупі бар «Ақбай қарасу» каналын, Шардара ауданында каналдарды күрделі жөндеу, Келес ауданында жалпы 75 каналды ағымдағы жөндеу көзделіп отыр. Сондай-ақ 5 ауданда орналасқан 12 су қоймасын аудандық меншіктен облыстық коммуналдық меншікке қабылдау шаралары атқарылуда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов мол өнім алу диқандарға ғана емес, сала мамандарына да үлкен жауап­кершілік жүктейтінін айтады. «Енді егіс көлемін арттырып қана қоймай, сапаға мән беретін кез жетті. Сапалы өнім диқанның маңдай терінің ғана жемісі емес, ол тұқымның сор­ты мен тыңайтқышқа да, суға да тәуелді. Тұ­қым жақсы болмаса алқапты қанша кеңейт­кенімен, өнім молаймайды», — дейді басқарма басшысы. Аталған бас­­қар­маның ресми мәліметтеріне сүйе­н­сек, биыл облыс бойынша егістік­ті әртараптандыруға сәйкес дәнді да­қылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мың гектарға артып, барлығы 318 мың гектарға ұлғайтылған. Ал мал азығы дақылдары алқабы 6,7 мың гектарға көбейіп, 227,7 мың гектарға жетті. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарын егетін алқап 9,7 мың гектарға ұлғайтылып, 129,1 мың гектар болады. Керісінше мақта плантациясы өткен жылмен салыстырғанда 14,9 мың гектарға қысқарады. Майлы дақылдар алқабы да 6,3 мың гектарға қысқартылып, 73,5 мың гектар болады.

Жетісай ауданның су қоры жер үсті мен жер асты суларынан тұрады. Жетісай ауданы аумағындағы су жүйелерінің каналдардың жалпы саны 778 дана, ұзындығы 1533,1 шақырым, арықтар 179 бірлік (ұзындығы 511,4 шақырым). Ағын су жүйелері арқылы аудандағы 86337 гектар көлеміндегі суармалы жерлер жоғарыда аталған каналдардың бойында іргелес жатуына байланысты сумен қамтамасыз етіледі.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы каналы Сырдария өзенінен бастау алып, Ш.Ділдабеков, Ынтымақ, Ж.Ералиев, Абай, Қызылқұм, Атамекен, Мақталы, Жылы су және Қазыбек би ауылдық округтерінің егістік жерлерін суландырылады.

Жетісай ауданы аумағындағы бірнеше ауылдық округтерін қиып өтіп су қашыртқылары Сырдария өзеніне құяды.

Өзбекстан Республикасы аумағынан бастау алатын Достық каналынан таратылған каналдар арқылы ауданның суармалы егістік жерлері ағын сумен қамтылады.

Сондай-ақ бұл каналдардан басқа К-24-1-1-1, К-25, К-25-9, К-26, К-28, К-30, К-30а, К-30-ІІ, К-30-ІV және К-34 сияқты ірі каналдары бар. Осы каналдар арқылы ауданның толық суармалы егістік жерлері сумен қамтылады.

Шыны керек, сала мамандарының айтуынша, соңғы жылдары суармалы егіншілік дамыған еліміздің оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы қатты сезіліп отыр. Осы жылдың вегетациялық кезеңін тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың желтоқсанынан бастап дайындық жұмыстары басталды. Үкімет деңгейінде 2022-2023 жылдардың вегетацияаралық және вегетациялық кезеңдеріндегі жұмыс жоспары бекітілді, оның шеңберінде қазіргі уақытта келесі бағыттарды қамтитын сыртқы және ішкі іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.

Бұл іс-шаралар келесі бағыттарды қамтиды.

  • диқандарды егіндік сумен және жоғарғы ағыста орналасқан су қоймалардан қосымша су жіберуді қамтамасыз ету бойынша іргелес мемлекеттермен жұмыс;
  • гидротехникалық құрылыстардағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары;
  • суару жүйесінің магистралдық және шаруашылықаралық каналдарын тазалау;
  • су үнемдеу технологияларын ендіру.

Бірінші бағыт бойынша, 10 мамырда Душанбе қаласында Мемлекетаралық үйлестіруші Су шаруашылығы комиссиясының 84-ші отырысы шеңберінде Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды режимі келісілді, соған сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде келетін су 4,2 миллиард текше метрді құрауы тиіс, «Достық» каналы бойынша 920 миллион текше метр көлемінде су беру жоспарланған. Қазіргі уақытта жоспарланған су жіберу кестесі толық көлемде орындалмай келеді, осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі бекітілген кестеге сәйкес келетін суды қамтамасыз ету бойынша контр-серіктестермен жұмыс жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар 22 маусымда Қазақстан – Тәжікстан – Өзбекстан үшжақты форматта осы жылдың маусым-тамыз айларына арналған «Бахри-Точик» су қоймасы жұмыс режимінің кестесі бекітіледі деп күтіліп отыр. Оның шеңберінде вегетация шыңына «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне қосымша 490,8 миллион текше метр су түседі деп күтіліп отыр.

Шу және Талас өзендерінің бассейіндері бойынша мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы нысандарының су беру кестелері бекітілді. Мәселен, 2023 жылдың вегетациялық кезеңінде Шу өзені бойынша жалпы келетін судың көлемі – 153,95 миллион текше метрді, Талас өзені бойынша 178,42 миллион текше метрді құрап отыр.

Түркістан облысы бойынша сәуір айынан бастап Шардара су қоймасына су аз келуде. Осы жылдың 1 сәуірі мен 30 маусымы аралығында Шардара су қоймасына 2,23 миллиард текше метр су түседі деп күтілген (МҮСК болжамды кестесіне сәйкес), бірақ іс жүзінде 1,291 миллиард текше метр (58%) су түсті.

Сондай-ақ, Қазгидромет пен Узгидрометтің болжамы бойынша вегетациялық кезеңге Сырдария бассейні өзендеріндегі су көлемі нормадан төмен және нормаға жуық болады деп күтілді. Осыған байланысты Сырдария өзенінен тұрақты суаруға су пайдалану лимиті Бассейндік инспекция арқылы қысқартылды. Түркістан облысының әкімдігіне ылғал сүйгіш дақылдарды қысқартуды, сондай-ақ Мақтаарал және Жетісай аудандарында күріш екпеу туралы ұсыныстар берілді.

Осыған қарамастан, биыл Түркістан облысы бойынша күріш егу алаңы 2022 жылмен салыстырғанда 2,35 мың гектарға, яғни 1,5 мың гектардан 3,853 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл ретте, Жетісай ауданында күріш алқабы 5,5 есе, Мақтаарал ауданында 15 есеге ұлғайды.

Сонымен қатар мақта егістігі бастапқыда жоспарланғаннан 5,29 мың гектарға, яғни 79,7 мың гектардан 84,990 мың гектарға дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ облыста су шаю және сумен ылғалдау жұмыстары су тасқыны азайғаннан соң бір айдан кейін басталды, бұл наурыз айында Шардара су қоймасынан машиналық су беру каналын қосу қажеттілігіне әкелді. Ылғал сүйгіш дақылдар алқаптарының ұлғаю себебінен суға деген қажеттіліктің артуына байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі мамыр айында егістік суының тапшылығы шиелінісін төмендету мақсатында машиналық каналды қайта қосуға мәжбүр болды.

Сонымен қатар Министрліктің ұсынымын орындамау салдарынан, «Тұран Су» коммуналдық кәсіпорнымен Арыс өзенінің ағын режимін дұрыс реттемеу себебінен Отырар ауданын егістік суымен қамтамасыз ету мәселесі өткір көтерілді. Қазіргі уақытта ЭТРМ судың барынша жетіспеушілігін болдырмау үшін Бадам су қоймасынан санитарлық су жіберуге мәжбүр, әйтсе де тәжірибе бойынша одан су жіберу шілде мен тамыз айларында жүзеге асырылуы керек болатын.

Сонымен қатар Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан облыс әкімдіктері қосымша келесі шараларды қабылдауы қажеттігі  айтылып отыр:

  1. қалыптасқан жағдай және қабылданып жатқан шаралар бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет;
  2. «Қазсушар» РМК филиалдарымен бірлесіп, су берудің онкүндік жедел кестелерін құра және сақтай отырып, жоспарлы тәулік бойы су пайдалануды, коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалануды ұйымдастыру қажет;
  3. «Қазсушар» РМК-мен келісілген гидротехникалық құрылыстардың жұмыс режимін қамтамасыз етуге және Министрліктің ұсынымдарын қатаң сақтау қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігі оңтүстік облыстардың суармалы жерлерінде су үнемдеу технологияларын енгізуді ұлғайту жөніндегі жұмысты жандандыру және суармалы жерлердің мелиоративтік жай-күйіне мониторингті күшейту қажет.

Ал Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биылғы көктемгі егіс жұмыстары барлық өңірлерде оңтайлы агромерзімде сәтті аяқталды. Суармалы егіншілікті дамытуға ерекше назар аударылады, өйткені ол су тапшылығы циклінің жалғасуы және жаһандық климаттың өзгеруі жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы өндірісінде маңызды рөл атқарады.

Мәселен, облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша биыл 1,58 миллион гектар суармалы жер өңделеді. Былтырғы алынған су көлеміне сүйенетін болсақ, 1,58 миллион гектар жерді суару үшін 11,4 миллиард текше метр су қажет болса, оның негізгі үлесі күріш және азықтық дақылдарды суаруға пайдаланылады. Сондай-ақ 1 миллион 126 мың гектар немесе жерлердің 71%-ы жерүсті әдісімен суарылады, 97,9 мың гектары – күріш алқаптарын су жаю арқылы, 278,6 мың гектар алаңда немесе 17,6%-ында заманауи тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері пайдаланылады.

«Суды көп қажет ететін және монодақылдардың алаңдарын әртараптандыру бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда. Мәселен, биыл өзге де жоғары рентабельді дақылдарға көшу есебінен мақта алаңы 14,8 мың гектарға азайды. Сонымен қатар күріш егістері бойынша күрт төмендеу әлі байқалған жоқ. Негізгі себеп – дақылдың әлеуметтік маңыздылығы, сондай-ақ Қызылорда облысында топырақтың тұздануы», — дейді Е. Қарашөкеев.

Ауыл шаруашылығы министрі су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстарға тоқталды.

Біріншіден, инвестициялық субсидиялау шеңберінде фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі.

Екіншіден, ҚР-да жобаларды өз қаражаты есебінен іске асыру мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, израилдік «METZERPLAS» компаниясы осы күзде тамшылатып суаруға арналған құбырлар шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қытайдың VODAR компаниясы мен түріктің AFKO компаниясы жаңбырлатқыш машиналар шығаратын зауыттар ашуды жоспарлап отыр.

Үшіншіден, су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылады, мұнда бір текше метр суға бөлінетін субсидиялардың мөлшері тарифтердің пайыздық қатынасына қарай 50%-дан 85%-ға дейін сараланған түрде белгіленеді.

Мемлекет басшысы өз жолдауларында әрқашан су ресурстарының есебіне ерекше көңіл бөліп келеді. Осыған байланысты және Су кодексінің талаптарына сәйкес Сумен жабдықтауды субсидиялау қағидаларына су көлемін есепке алу аспаптары мен қондырғыларының көрсеткіштері бойынша бөлу нүктесінде диқандарға жеткізілген судың көлемін айқындау бөлігінде өзгеріс енгізілді.

Бұдан басқа, Аудиторлық палатаның нұсқамасына сәйкес суару әдістеріне байланысты су беру бойынша субсидияларды саралау жұмысы жүргізілуде, яғни субсидияларды бұрынғы деңгейде су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алатын болады. Бұйрықтың тиісті жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр.

«Сонымен қатар фермерлердің ұңғымаларды бұрғылау шығындарын өтеу үлесін жергілікті бюджет есебінен 80%-ға дейін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Мүдделі тараптармен келісілгеннен кейін аталған өзгерістер заңнамада белгіленген тәртіппен инвестициялық субсидиялау қағидаларына енгізілетін болады. Осыған байланысты, су беру, сондай-ақ суды есепке алу бойынша қызметтер көрсету мәселелері Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бекітілгенін ескере отырып, оларға облыс әкімдіктерімен бірлесіп фермерлер арасында есепке алу аспаптарын немесе өлшеу аспаптары мен қондырғыларын таңдау және орнату бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз», — дейді Е. Қарашөкеев.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша соңғы 5 жылда орта есеппен 1,2 миллион гектар суарылып келеді. Сумен жабдықтаудың болмауы нәтижесінде жыл сайын шамамен 300 мың гектар суарусыз пайдаланылады, яғни суды арналар арқылы тасымалдау кезінде нормативтен тыс үлкен шығындар орын алады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес суды ұтымды пайдаланбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алайда, бүгінгі таңда су шаруашылығы ұйымдарын суды ұтымсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тарту туралы бірде-бір факт жоқ.

Сонымен қатар қазіргі уақытта жекелеген өңірлердегі суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету жағдайы алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл негізінен мемлекетаралық бірлескен су шаруашылығы нысандарынан судың тұрақсыз жеткізілуіне байланысты.

Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі облыстар әкімдіктерімен бірлесіп, желіні жабуға көше отырып шаруашылықаралық және шаруашылық ішіндегі арналарды қайта құру жөніндегі арнайы бюджеттік бағдарламаны әзірлеу жөніндегі жұмысты жеделдету қажет.

Су ресурстарын басқару мәселелері Экология министрлігінің құзыретіне өткеніне қарамастан, Министрліктің атына шаруалардан хаттар мен өтініштер келіп түсіп жатыр. Егістік суын беру бойынша қызметтер көрсету рәсімдерінің қолжетімділігін, ашықтығын және оңайлатылуын қамтамасыз ету мақсатында Министрлік Экология министрлігіне облыстар әкімдіктерімен бірлесіп:

  • диқандарға су беру қағидаларын бекітуді;
  • диқандарға су беру процесін автоматтандыруды;
  • коммуналдық және жеке су шаруашылығы ұйымдарын құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды;
  • суару тәсілдері бойынша тарифті бекіту, яғни су үнемдеу технологияларын пайдаланушылар үшін бір тариф, жер үсті суару әдісі үшін басқа тариф қарастыруды ұсынады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі облыстар әкімдіктерімен бірлесіп суару мақсаттары үшін жер асты суларына геологиялық зерттеу жүргізуді қамтамасыз етуі қажет.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, биыл 860 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның 489 мың гектары — суармалы жер. Облыстың басым бөлігінде вегетациялық маусым қалыпты деңгейде жүргізіліп келеді.

Қазіргі таңда шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ететін Бөгенсу қоймасында 173 миллион текше метр су бар. Ал, Өзбекстаннан бастау алатын «Зах», «Ханым», «Үлкен Келес» магистралды каналдары арқылы секундына 65 текше метр ағын су жоспарға сәйкес жеткізіліп отыр.

Бұл ретте, облыстың оңтүстік аймақтарын ағын сумен қамтамасыз ететін «Достық» мемлекетаралық магистралды каналынан ағын су жыл сайын бекітілген лимиттен кем алынып келеді. Нәтижесінде, Мақтаарал, Жетісай аудандарында суармалы жерлерде ағын су тапшылығы орын алып отыр. Аталған аудандар «Достық» каналына тікелей тәуелді.

Жыл басынан бері 603 миллион текше метр ағын су алу жоспарланса, нақты алынғаны 434 миллион текше метрді құрайды немесе 28%-ға аз босатылған.

Осы мәселені шешу үшін Шардара су қоймасынан Машиналық канал арқылы «Достық» магистралды каналына қосымша 40 миллион текше метр ағын су тасталынды.

Сондай-ақ биыл 22 маусымда Қазақстан-Өзбекстан-Тәжікстан арасында үкіметаралық келісөздердің нәтижесінде, «Бахри-Точик» («Қайрақұм») су қоймасынан «Достық» магистралды каналына вегетациялық кезеңде 491 млн текше метр су босату жөнінде үш жақты келісім жасалып, кесте бекітілді.

«Облыстың оңтүстік аймақтарын ағын сумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, облыстағы су нысандарының 75%-ының тозығы жетіп, су шығыны 40%-ды құрап отыр. Бұл мәселені шешу үшін су нысандарын кезең-кезеңмен бетонмен қаптап, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет», — дейді Д. Сатыбалды.

Оның мәліметінше, Машиналық каналды күтіп ұстау шығыстарына осы жылға 464 миллион теңге қаржы қаралған, дегенмен, бұл қаржы вегетациялық маусымды оңтайлы өткізу үшін жеткіліксіз болып тұр.

Ол өз кезегінде облыстағы су нысандарының басым бөлігі республикалық меншікте екенін ескере отырып, салалық Министрлікке аталған мәселелерді бақылауға алу бойынша тиісті тапсырма беруді сұрады. 

Сонымен қатар облыстағы вегетациялық маусымды қалыпты деңгейде өткізу үшін әкімдік тарапынан барлық қажетті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.