Түркістан облысы: Ордабасы ауданындағы индустриялы аймақта 1 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр

Соңғы жылдары Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында ауыз толтырып айтатын көрсеткіштер жетіп-артылады. Мәселен… Биыл Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында спорт кешенінің құрылысы басталды. Көлтоған елді мекеніндегі орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Темірлан ауылына ауыз су жүйесі жүргізілді. Жолдар жөнделді.

Төрткүл ауылын табиғи газбен қамту мәселесін шешу үшін бюджеттен 829 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл жыл соңына дейін осы мәселені шешу үшін 75 жедел-жәрдем автокөлігін сатып алу жоспарланған. Ұялыжар ауылынан талапқа сай 9 гектар жерге жеке кәсіпкер есебінен полигон салыну үстінде. Бұдан бөлек, ауданда заңсыз жер қойнауын пайдалану мәселесі бойынша тексеру барысында қыш зауыттың аумағынан топырақ қазу фактісі анықталды. Жер қойнауына келтірілген залал көлемі зерделеніп, құжаттар құзырлы органдарға жолданды.

Бұдан бөлек ордабасылық шаруалар 9 жылға созылған жер дауының шешілгеніне қуанышты. Өндірістік кооператив мүшелері 24 рет рет соттасып, енді ғана мәмілеге келген. Мәселе шешілді. Қос тарап келісіп, шығындар өтелген.

Спорт алаңын салып беруді сұраған тұрғынға облыс әкімі бұл шараларға аудан басшылығына жергілікті кәсіпкерлерді тартуды тапсырды. Туған жерді түлетуге қол ұшын созып жүрген азаматтардың артқанын айтты. Сондай-ақ кездесуде өндірістік қоқыс мәселесі көтерілді. Бұл жағдай құзырлы органдардың бақылауында.

Ауданның негізгі капиталына жыл басынан бері ауданға 14 млрд. теңге инвестиция тартылды. Өнеркәсіп саласында биыл 6 айда 14,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ауыл шаруашылығы өнім көлемі биыл 6 айда 19 млрд. теңгені құрады. 71,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

Өңірлік өнім көлемі 6 айда 48,3 млрд. теңгені құрады. Биыл 6 айда құрылыс көлемі 6 млрд. теңгеден асты. Шағын және орта бизнес нысандары 13 мыңнан асты. Ордабасы ауданында осы жылы 2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Бюджеттің өзіндік кірістері былтыр 4,5 млрд. теңгені құрады. Биыл 6 айда 2 млрд. теңге түсіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе өсті.

Әрине, бюджеттің өзіндік кірістері әлі де жеткіліксіз екендігі жасырын емес. Бұл түсімдер ауданның әрі қарай дамуына өз септігін тигізеді. Өзіндік кірістерді арттыру үшін аудан басшылығы, ауыл әкімдері аянбай жұмыс істеуі керек. Ал ол үшін 5 жылдық жоспар құру керектігі облыс әкімі Дархан Сатыбалды тарапынан ескертілді. Әр әкімге қойылар басты талап – халықтың табысын арттыру, тұрмысын жақсарту, қордаланған мәселелерін шешу.

«Тәуелділіктен арылуы үшін біздің өңір, әр аудан өзін өзі қамту деңгейін нығайтып, арттыра түсу қажет. Сондықтан бюджет кірісін арттыру — біздің басымдықты міндеттеріміздің бірі. Біздің мақсатымыз – облысымыздың әрбір елді мекенін дамыту. Осыған орай, назарды тек облыс орталығына ғана аудармай, қалған 16 аймақты да көркейту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау біз үшін өте маңызды. Жергілікті әкім, өз кезегінде, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеруге бар күш жігерін жұмсау керек. Барлықтарыңызды, ауданды дамыту жолында аудан әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз, — дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Аудандағы су нысандарының су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 7,2 млрд. теңге бөлініп, 9 каналды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Қараспан су торабымен (құны – 1,2 млрд. теңге), Қараспан магистралді каналына (құны – 3,5 млрд. теңге) күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Биыл 2 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталатын болады. Қалған каналдарды келесі жылы пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Биыл 21 каналдың 44,5 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Ағымдағы жылдың соңына дейін ауданда инвестициялық құны 10,8 млрд. теңгені құрайтын 8 жобаны іске асырып, 328 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Биыл 6 айда 1,2 млрд. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 72 жұмыс орны ашылды. Екінші жартыжылдықта құны 9,6 млрд. теңгеге 6 жобаны іске қосу жоспарланған.

Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 27 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 1 млрд. теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілу үстінде. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда ауданға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, құрылған жұмыс орындарының саны 150-ден асады.

Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Соңғы 3 жылда 685 гектар жер жаңа үйлерді салу үшін инфрақұрылыммен қамтылып (ауыз су, электр желісі), 1 851 жер телімі бөлінді. Темірлан елді мекеніндегі 70 гектар аумақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің (ауыз су, электр желісі) құрылысы жүргізілуде (жалпы құны: 234,3 млн. теңге). Ағымдағы жылдың қыркүйек айында нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, жер кезегінде тұрған 261 адамға жер беріледі.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл жалпы құны 150 млн. теңгеге 11 ойын, спорт алаңшалары пайдалануға беріледі.

Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 55 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. 2025 жылы аудан тұрғындары таза, сапалы ауыз сумен 100% қамтылады деп болжанған. Аудан бойынша 25 елді мекеннің газ жүйесінің құрылыстарына биыл 3,8 млрд.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 17 елді мекен газға қосылады. Тағы 15 нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқан жайы бар.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қажымұқан ауылындағы С.Ысмайлов мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде ауданда жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарлануда.

Жалпы, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, оның ішінде турникет жүйесімен, бейне-бақылаумен, дабыл кнопкасымен, күзетпен қамту үшін 293 млн. теңге бөлінді. Ыстық тамақпен 1-4 сыныптарының оқушыларын қамтамасыз ету үшін 425 млн. теңге бөлінді. Яғни, биыл бірінші рет осы мақсатта 718 млн. теңге бөлініп, оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталып отыр.

Биыл екі елді мекенде медициналық пункттер ашылды. Төрт ауылда фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту»ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар Ордабасы ауданында 3 медициналық нысан салу жоспарланып отыр.

Еске салайық, Ордабасы ауданы — Түркістан облысының оңтүстігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлік. 1964 жылы құрылған. 1993 жылға дейін «Бөген ауданы» деп аталып келді. Аумағы 2,7 мың шаршы шақырым. Орталығы — Темірлан ауылы. Биылғы дерек бойынша халқының саны 127719 адамды құрайды.

Ордабасы ауданың жер бедері жазық. Оңтүстік бөлігі солтүстігіне қарағанда біршама көтеріңкі және бұл бөлігі Арыс өзенінің салаларымен сай-жыраларға тілімденген. Ауданның ең биік жері Қайнар ауылының шығысында (383 метр). Ауданның климаты континенттік. Қысы қысқа, жұмсақ, жазы ұзақ, ыстық және аңызақты. Қаңтар айының жылдық орташа температурасы: -3-5°С, шілдеде: 26-28°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері — 200-380 милиметр. Желдің басым бөлігі шығыс, оңтүстік-шығыс бағыттан соғады. Орташа жылдамдығы — 3-5 м/с. Желдің әсерінен жазда ауданның гидротермиялық көрсеткіші төмендеп (0,3-0,4), ылғалдылық мөлшері кемиді де аңызақ, құрғақ және ыстық кезең қалыптасады. Аудан арқылы Арыс және оның салалары — Боралдай (оң саласы), Бөржар, Бадам, Шұбарсу, тағы басқа өзендері ағып өтеді. Ауданның орталық бөлігінде Бөген бөгені салынған. Одан Арыс-Түркістан каналы тартылған. Бөгеннің оңтүстігін бойлай Арыс каналы жүргізілген.

Өсімдігіне келсек, қияқ, қоңырбас, солтүстігінде бозжусан басым көкпек, сар-сазан, баялыш, күйреуік өскен. Ауданның солтүстігінде бозжусан, ши аралас эфемероидті өсімдіктер өседі. Дәрілік өсімдіктерден күріш қонағы, қара меңдуана, тұмаршөп (жұмыршақ), тағы басқа кездеседі. Аудан халқы көп ұлтты. Оның басым бөлігін қазақтар құрайды. Ірі елді мекендері: Темірлан, Төрткөл, Сыпатаев, Бадам, Бөген, Қайнар, Қарааспан, Шұбар, Қарақұм, тағы басқа. Ауыл шаруашылықтарына жарамды жердің аумағы 246,5 мың гектар. Егіс аумағының құрылымында дәнді дақылдар мен бұршақ (37,0%) басым. 24,8%-ы мақтаға тиесілі. Ауданда облыстағы барлық мүйізді ірі қараның 7,3%-ы, қой мен ешкінің 5,9%-ы, жылқының 6,6%-ы, құстың 9,1%-ы өсіріледі. Аудан орталғы — Темірлан ауылынан Түркістан қаласына дейінгі арақашықтық — 126 шақырым, ал Шымкент қаласына дейінгі қашықтық 45 шақырым, Аудан аумағы арқылы Шымкент-Қызылорда темір жолы және Шымкент-Түркістан-Қызылорда автомагистралі өтеді. Қазіргі таңда Батыс Қытай — Батыс Еуропа жолы өтіп жатыр, бұл жол бұрын Ұлы жібек жолы болған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin