Түркістан облысы: Отырар ауданында жоғалған 15 жасар қыз Шымкенттен табылды

Отырар аудандық полиция бөліміне аудан тұрғыны 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Ер адамның айтуынша, таңғы уақытта мектепке шығып кеткен Қарақат есімді 15 жасар қызы үйіне қайта оралмаған екен. Бұл жөнінде Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырар аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының қызметкерлері хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Мектеп оқушысын табу мақсатында қажетті деп танылған барлық жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Аудан полицейлерінің жан-жақты іздестіру жұмыстарының арқасында небары тәулік ішінде қыз Шымкент қаласындағы саябақтан табылды. Осылайша, жоғалған қыз ата-анасына аман-сау күйінде тапсырылды. Тәртіп сақшысының анықтауынша, жасөспірім қыз мектептен шығып, достарымен қыдырмақ болып Шымкент қаласына кетіп қалған.

Өз кезегінде баланың әкесі полицейдің қырағылығына риза болып, алғысын білдірді. «Мен қызымды азанда сабаққа шығарып салған болатынмын. Содан түскі уақытта қызым мектептен келмеді. Қызымды өздігімнен іздеп таба алмаған соң полицейлерден көмек сұрадым. Тәртіп сақшылары дер кезінде қызымды тауып берді. Алғысым шексіз», — деп, жүрекжарды сөзін арнады.

Орайы келгенде назар салар жайт, 2022 жылдың басынан бері Қазақстанда 2075 адам із-түссіз жоғалған. Олардың көбі табылды. Мұндай мәліметті Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы Нұрлан Темірбаев айтты. Нұрлан Темірбаев Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, Қазақстанда 9 айда із-түзсіз жоғалған 2075 адамның 1189-ы табылғанын, 801 адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Хабар-ошарсыз кетудің тағы 59 фактісі бойынша іс басқа себептермен тоқтатылған.

2022 жылы 186 кәмелетке толмаған жасөспірім із-түзсіз жоғалды деп танылса, оның 176-сы табылды, 6-ын әлі іздестіріп жатыр. Олардың екеуі Шымкент қаласында, қалғандары Алматы қаласында, Алматы, Жетісу, Түркістан облыстарында жоғалып кетті.

«Статистикаға сәйкес, көп жағдайда ер адамдар із-түссіз жоғалады. Бұл олардың маусымдық жұмысқа, ұшуға және іссапарға кетуіне байланысты. Әйелдер арасында ішімдікке салынғандар, ал жасөспірімдер арасында тұрмысы нашар отбасынан шыққан балалар жиі жоғалып кетеді. Кәмелетке толмағандардың кетуінің негізгі себептері: ата-аналармен жанжалдар, балалардың бөлек тұруға ұмтылуы. Балалардың ата-анасының жазалауынан қашу немесе компьютерлік клубтарда ойнау үшін үйден, мектептен қашып кету жағдайлары да кездеседі», — деді Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы Нұрлан Темірбаев.

Оның айтуынша, жастар да сайттар арқылы танысып, кездесу ұйымдастырады. Мұндай әрекетке көп жағдайда кәмелетке толмаған қыздар барады екен.

«Ғаламтор арқылы танысқан жігітпен бірге тұруға ниетті екенін ата-анасына, туған-туыстарына айтпай, үйінен кетіп қалады, сонан соң біраз уақыт хабар-ошарын білдірмейді» — дейді Нұрлан Темірбаев.

Ішкі істер министрлігінің өкілі 100 жағдайдың 80-нен астамында хабар-ошарсыз кеткендер табылып, отбасымен қауышатынын айтты.

«ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.