![]()
Сауран ауданында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, қылмыстың алдын алу, жол қауіпсіздігін күшейту және нашақорлықпен күрес мәселелеріне ерекше мән беріліп отыр. Аталған бағыттар аудан әкімдігі жанындағы комиссиялар мен ведомствоаралық штаб отырыстарында жан-жақты қаралды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайтылмақ
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында бизнестің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдар, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің ашықтығы, сондай-ақ жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талқыланды.
Кәсіпкерлік және туризм бөлімі кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне кері әсер ететін факторларға тоқталып, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Ал Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов ауылдық елді мекендерге келген мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету кезінде мемлекеттік қызметтердің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету шаралары жөнінде баяндады.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жолдас Мирзабеков өз саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, көрсетілетін қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды таныстырды.
Жиын қорытындысында жауапты бөлімдерге анықталған тәуекелдерді азайту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен ашықтығын арттыру, кәсіпкерлерге негізсіз әкімшілік кедергілер келтіруге жол бермеу және тиісті шараларды қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.
Құқық бұзушылықтың алдын алуға кешенді тәсіл қажет
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тағы бір маңызды бағыты – құқық бұзушылық профилактикасы. Осыған байланысты аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Жиында қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол-көлік оқиғаларын азайту мәселелері қаралды. Аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Алмат Абидинов ауыр санаттағы қылмыстардың, соның ішінде кісі өлтіру, зорлық-зомбылық, ұрлық, алаяқтық және интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Жол қауіпсіздігі мәселесіне де басымдық берілді. Аудан жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қауіпсіздік талаптарын сақтау және тиісті инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар жөнінде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жолдас Мирзабеков ақпарат берді.
Сонымен бірге отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың себептері мен алғышарттарын жою мәселесі назардан тыс қалмады. «Отбасын қолдау орталығы» КММ директоры Айжан Канетова отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік және профилактикалық қолдау шаралары туралы мәлімет берді.
Аудан әкімі профилактикалық жұмыстың нәтижелілігі нақты іс-шаралармен өлшенетінін атап өтіп, құқық бұзушылықтың әрбір түрінің алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде күшейтуді тапсырды.
Нашақорлықпен күресте алдын алу жұмысы күшейтіледі
Қоғамдық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін келесі маңызды мәселе – есірткі қылмыстары мен нашақорлықтың алдын алу. Осы бағыттағы жұмыстар аудан әкімінің төрағалығымен өткен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штаб отырысында талқыланды.
Аудандық полиция бөлімінің басшысы Алмат Абидинов жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның ішінде есірткі қылмыстарының алдын алу және оған қарсы күрес шаралары қаралды.
Аудандық емхананың бас дәрігері Сапарали Абдиев нашақорлықтың алдын алу, есепте тұрған азаматтарды медициналық емдеу және әлеуметтік-медициналық оңалту бағытындағы жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Бұл ретте есірткіге тәуелді азаматтарға медициналық көмек көрсетумен қатар, олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасаудың маңызы атап өтілді.
Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жумабекова есірткіге қарсы күрес күні аясында аудан көлемінде ұйымдастырылған іс-шаралар мен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын таныстырды.
Штаб отырысының қорытындысымен есірткі қылмыстарының алдын алу, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ есірткіге тәуелді азаматтарды емдеу және оңалту шараларын жүйелеу жөнінде жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Осылайша, Сауран ауданында заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бір ғана саланың міндеті ретінде емес, мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, әлеуметтік және медициналық мекемелердің бірлескен жұмысы ретінде қарастырылуда. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, нашақорлыққа қарсы күресті күшейту – қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастырудың өзара сабақтас бағыттары.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
