![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Заң мен тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Нашақорлыққа қарсы штабтың бірлескен отырысы өтті. Жиында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту мәселелері қаралды.
Отырысқа жергілікті өкілді органдардың, құқық қорғау және арнаулы органдардың, әскери басқару құрылымдарының басшылары, аудан әкімдері мен басқарма жетекшілері қатысты.
Күн тәртібінде қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасын іске асыру барысы мен қаладағы криминогендік ахуалға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Полиция департаментінің басшылығы қылмысқа қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы баяндап, Шымкентте бірқатар қылмыс көрсеткішінің төмендегенін жеткізді. Сонымен бірге қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру үшін ведомстволар арасындағы үйлесімді іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін айтты. Әсіресе, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс полицияның рейдтік шараларымен ғана шектелмеуі керек. Тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды да күшейту қажет.
Осыған байланысты тиісті мекемелерге жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша ведомствоаралық іс-шараларды пысықтап, олардың орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Жиында есірткі қылмысына қарсы күрес пен нашақорлықтың алдын алу мәселелері де кеңінен қаралды. Қала басшысы жастар саясаты, денсаулық сақтау, дене шынықтыру, ішкі саясат және білім беру салаларының мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, есірткіге қарсы жобаларды жандандыру жөнінде нақты міндеттер қойды. Атап айтқанда, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, алдын алу шараларының тиімділігін арттыру және түрлі мекемелердің бірлескен жұмысын жолға қоюға бағытталған ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Отырыс қорытындысында айтылған ұсыныстар назарға алынып, оларды ведомствоаралық деңгейде іске асыру бойынша бірыңғай ұсынымдар әзірленді. Қабылданған шаралар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қала тұрғындары үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
