Түркістан облысы: Отырар ауданында 25 қазан — Республика күні салтанатты түрде аталып өтті

Терең мазмұны мен маңызы жағынан жоғары деңгейдегі сан алуан, саяси, рухани тұрғыдан айрықша құнды, ауқымды іс-шаралар көптеп өткізіліп жатқан тәуелсіз елімізде араға жылдар салып, Мемлекет басшысының Ұлытаудағы алғашқы құрылтайдағы ұсынысымен ұлттық мереке ретінде мәртебелі орнына қайта қонған Республика күнінің маңызы зор.

Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы зарыға күтіп, аңсаған арман-тілектеріне, азаттық пен бостандыққа, тәуелсіздікке деген ұмтылыстарына алғашқы жарқын жол ашқан мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған тарихи күн шынында да қастерлі де қасиетті болуға тиіс.

Осындай орны өзгеше биік құтты мерекеге бүкіл еліміздегі сияқты киелі Отырар ауданында да ерекше мән, көңіл бөлінген сән-салтанатты жағдайда, жоғары деңгейде аталып өтті. Қастерлі мерекенің құрметіне орай бірқатар нысандар халық игілігіне пайдалануға берілсе, әртүрлі тақырыптағы қызықты да мазмұнды өткен іс-шаралар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй, рухани азық сыйлады. Аудандық мәдениет сарайында өткен мерекелік салтанатты кешті солардың ішіндегі ең шоқтығы биік іс-шара болды десек қателеспейміз.

Сахна шымылдығы түріліп, асқақ мерекенің айбынын асырған мемлекеттік әнұранның үні сәулетті сарайды кернеді. «Менің Отаным – менің республикам» атты тақырыпты басты ұран еткен салтанатта аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов жұртшылықты айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады. Мерекелік жиында ауданның қос басшысы бір топ көпбалалы, алтын құрсақты аяулы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдарын, күні кеше ғана өткен аудандық мәслихат сессиясының шешімімен «Отырар ауданының Құрметті азаматы» атанған жандарға тиісті төсбелгілері мен куәліктерін тапсырды. Жиында сондай-ақ өмірдегі өнегелі жолдарымен, еңбектегі ерен жетістіктерімен құрметке бөленіп жүрген лайықты азаматтар облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Халқымыздың киелі айтыс өнерінде жүйелі жыр жолдарын өрнектеп топ жарып жүрген белгілі айтыскер ақын Дәурен Ақсақалов жырдан шашу шашқан кеште сөз алған жерлесіміз, көрнекті ғалым, Түркістан облысы мен Отырар ауданының Құрметті азаматы Құлбек Ергөбек құттықтау лебіздерін білдіріп, бірқатар ой-пікірлері мен ұсыныс, тілектерін ортаға салды.

Мазмұнды өткен мерекелік салтанаттың соңы аудан өнерпаздарының қызықты, әсерлі концерттік бағдарламасына ұласып, Ескендір Хасанғалиевтің қуатты «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

Иә, осылайша Республика күні қайта оралды. Парламент депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Енді 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке ретінде атап өтіледі, ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні болып қала береді. «Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», — деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Расында да, бұл — өте маңызды тарихи шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шын мәнінде осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді ұлттық мереке ретінде бекіту — мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан алғанда маңызды қадам. Себебі 1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол кезден бастап Қазақстан егеменді елге айналуының алғышартын бастап кетті. Еліміздің жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді.

1992 жылдан бастап тойланып, 2001 жылы мемлекеттік мерекелер қатарына енгізілген Республика күні, 2009 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталды.

Биыл Ұлттық құрылтай жиынында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мерекені қайта атап өтуді ұсынған болатын.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды, — деді ол.

Оның сөзінше, Республика күнін қайтарудың маңызы зор. «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, — деді Мемлекет басшысы.

1990 жылғы Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды.

Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланған болатын. Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.

«Республика күнін тойлау неліктен алынып тасталды?» деген мәселеге келсек, көп сарапшының пікірінше, Егемендік туралы декларацияда Қазақстанның емес, ҚазКСР-інің егемендігі жарияланды. Декларацияға сәйкес адамдарда КСРО азаматтығын сақтап қалу құқығы болды. Сонымен қатар ол Қазақстанның халықаралық қатынастардағы дербестігіне кепілдік бере алған жоқ. Мемлекет КСРО-дан шығуға құқылы болғанымен, іс жүзінде оның құрамында болды. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Заң қабылданғаннан кейін ғана Қазақстан әлемдік қоғамдастық мойындаған тәуелсіз мемлекеттің заңды рәсімделген мәртебеге ие болды.

Ал ұлттық мерекенің мемлекетік мерекеден айырмашылығы қандай? Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал Тәуелсіздік күні Мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл дегеніміз –  қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.