Түркістан облысы: Отырар ауданында 870 түп есірткі тәркіленді

«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Отырар ауданы Босаға ауылы маңындағы алаңда кезекті есірткі егістігі анықталды.

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы жасағы және Түркістан облысы полиция департаментінің полицейлері бірлесіп әрекет етіп, 850 түп өсіп тұрған және 20 түп шабылған өсімдік, 5 дана ыдыстағы марихуанаға ұқсас есірткі затын тәркіледі.

 «Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігі «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша тіркелді. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Ол зерттеу қорытындысына сәйкес, жалпы салмағы 15 келіден асатын «кептірілген марихуана» болып шықты» — делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Қызылорда облысының екі тұрғынын ұстаған.

Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Жалпы, нашақорлық және есірткіге қарсы күрес әлем елдерінде қай кезде де өзекті мәселе саналып келеді. Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіргеніне қарамастан, есірткіге есі кеткендердің қарасы азаймай тұр. Биыл 27 мамыр күні нашақорлыққа қарсы айлықтың ашылу іс-шарасында Үкімет басшысының сол тұстағы орынбасары Ералы Тоғжанов маңызды мін­дет­терді атап өтті. Бұл іс-шара 26 маусым — Халық­ара­­лық нашақорлыққа қарсы күрес кү­ніне орайластырылған. Осы­дан­ 35 жыл бұрын, яғни 1987 жыл­дың 26 маусымында БҰҰ Бас Ас­самблеясының шешімімен бұл күн на­шақорлықтың жаһандық қауіп-қа­те­рін тани отырып, есірткісіз қоғам құру туралы шешімді атап көрсету үшін белгіленген еді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлі­меттері бойынша, соңғы 10 жылда есірт­кіге тәуелді адамдардың саны 22 пайыз­ға өскен. Әлемде шамамен 275 мил­лион нашақор адам бар. Есірт­кі жыл сайын 500 мыңнан астам адам­ның өліміне себепші болып отыр.

19 миллион халқы бар Қазақстан үшін есірткіге елітудің көрсеткіштері ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қа­тер төндіреді. «Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, елімізде 18,5 мыңнан астам нашақор тіркеуде тұр, оның ішінде 1,5 мыңы әйел, сондай-ақ 94 жасөспірім тізімге енген. Бірақ бұл нақты тіркеуде тұрғандардың саны, ал шын ахуалға келетін болсақ, нау­қас­тар саны бұдан бірнеше есеге асып кетеді», — деді Ішкі істер министрлігі Есірт­кі қылмысына қарсы іс-қимыл де­партаментінің басқарма басшысы Бақытжан Әбдірахманов.

Министрлік өкілінің айтуынша, есірткіге тәуелділікті жою мақсатында құзырлы органдардың бірлесе еңбек етуінің арқасында көптеген ауқымды іс-шара атқарылған. Атап айтқанда, ел көлемінде «Есірткіге тәуелділік, жас айырмашылықтары, жыныстық ерекшеліктері» тақырыбында оқу семинары, есірткі және психоактивті заттарды сатудың және медициналық емес мақсатта тұтынудың жолын кесу жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшін жауапкершілік мәселесі туралы көңіл көтеру орындары мен түнгі клубтардың басшыларымен кездесулер ұйымдастырылған. Сондай-ақ «Есірткіге қарсы насихат», «Есірткі қыл­мысы үшін жауапкершілік» бук­леттерін, жадынамаларын тарату, отбасы құндылықтарын дамыту үшін балаларды кино, музейге, театрларға және басқа да мәдениет орындарына апару, мектептер, колледждер­дің оқушылары үшін балалардың тіке­лей қатысуымен қызметтік иттер­дің мүмкіндіктерін көрсете оты­рып, «Есірткісіз саламатты болашаққа бір­­­ге» кинологиялық орталықтарына экскурсия және тағы басқа спорт­тық-мәдени іс-шаралар ұдайы өткізі­ліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыс­тар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.