Түркістан облысы: Отырар ауданының әкіміне ақтөбеліктер «ағын суды пайдалану барысында кезекшілік ұйымдастырылса» деген өтінішін айтты

Бүгін Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың халықпен кезекті кездесу жиыны Ақтөбе, Шілік ауыл округтерінде жалғасын тапты. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ұзақов Уалихан Жамалханұлы, жауапты сала басшылары қатысты. Қашанда егін егіп, мал шаруашылығын кәсіп еткен ауыл тұрғындары қазіргі таңда қызу жұмыс үстінде.

Алдымен Ақтөбе ауылындағы елді мекенді көгалдандыру бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес 2022-2023 жылдары егілген ағаш көшеттерін аралап көрді. Аймақтағы жасыл аймақта 1500-ға жуық көшет отырғызылған.

Осы тұста тілге тиек етер маңызды мәселе, көктем мезгілінде Жер Ананың босаңсыған сәтін асыға күтетін адамзат айналасын тазалап гүл егіп, ағаш  көшеттерін отырғызып, ауласын, көшесін, ауылын реттей бастайды. Биыл көктемде облыс әкімінің бастамасымен елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жүрді. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген болатын. Жоспарға сәйкес, аудан, қала елді мекендерін көгалдандыруға қажетті көшеттермен қамтамасыз ету облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жүктелсе, елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау қала, аудан әкімдеріне тапсырылған.

Биыл көктемде аталған басқармаға қарасты орман шаруашылығының тұқымбақтарында өсірілген көшеттер межелі жерге жеткізілді. Аймақтағы елді мекендерді көгалдандаруға техникалар тартылып, жұмыс күші жұмылдырылды. 

Әсіресе, Отырар, Келес аудандарында жоспарланған көшет саны толығымен орындалып, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілгенін атап өткен орынды. Ал, Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара, Мақтаарал, Төлеби, Сайрам, Түркістан, Кентау, Арыс, Бәйдібек, Сауран, Жетісай, Түлкібас аудандарында көгалдандыру жұмыстары кейіндеу қарқын ала бастады. Өкінішке қарай, Созақ, Ордабасы аудандарында көгалдандыру жұмыстары біршама қолға алынбай келді. 

Өңірдегі елді мекендерге 250 936 түп көшет тиісті орындарға жеткізіліп, отырғызылды. Отырар, Келес аудандарына тағы да қосымша сұраныс арқылы 11 050 түп көшет үлестірілді. Қазіргі таңда жалпы аудан, қалаларға орман шаруашылығы мекемелерінен 376 151 мың түп көшет тегін үлестіріліп, егілді. Жалпы, облыс көлемінде биыл 1 миллион түпке жуық ағаш отырғызылады деп көзделуде. 

Облыс аймағында жолдар мен аяқжолдардан бөлек, халыққа қызмет көрсету орталықтары, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандары, сондай-ақ, арық-атыздар, мекеме аумағының тазалығына баса назар аударылды. Бұған қоса, республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық маңызы бар жолдар, мемелекеттік мекемелердің алды және көше бойлары мен саябақтар бойын тазартып, жасыл желекке айналдыру мақсатында түрлі сәндік ағаштардың көшеттері отырғызылды. Әрбір көшетті күтіп-баптау жұмыстары тұрғындарға түсіндірілуде. Алдағы уақытта аталған бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде өз жалғасын табады. 

Айта кетейік, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, 17 аудан, қаланың ағаш егілген алқаптары тұрақты түрде тексеріледі. Сондай-ақ, аудандардағы отырғызылған көшеттердің дұрыс егілуін және күтіп-бапталуын арнайы маман қадағалап, тұрақты мониторинг жүргізіледі. 

Бұдан аудан басшысы ауылдарды аралау барысында шаруалармен кездесіп, еңбеккерлердің толғандырған мәселелерін тыңдады. Зейнеткер, «Қанағат» шаруа қожалығының төрағасы Сұлтанхан Күдірбеков мен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Құлман «ағын суды пайдалану барысында кезекшілік ұйымдастырылса» деген өтінішін айтты. Бұл мәселе бойынша ауыл округінің әкіміне тапсырма беріп, жұмыстардың жүйелі атқарылуын өз бақылауына алатынын ескертті.

Бұл ретте ескерер бір жайт бар, соңғы жылдары таулы аймақтардағы мұз бен жауын-шашын деңгейінің төмендігінен Отырар ауданында ағын су жетіспеушілігі орын алып жатыр. Ауданға қарасты Қарғалы ауыл округіндегі дихандардың қауын, жүгері, жоңыршқа алқаптары ағын судан тапшылық көрді. Осы жағдайларды ескере отырып, Отырар ауданының әкімдігі суды көп қажет етпейтін және ғылыммен негіздемесі нақтыланған өнім түрлерін өсіруді ұсынды. «Биыл отырарлық диқандар жаз айларында су тапшылығының салдарынан бос жатқан 160 гектар алқапқа түрен салып, күзгі бидай еккен болатын. Күз және көктемгі мезгілде мол ағын суды тиімді пайдаланған «Біржан-2» ЖШС, «Ақсақал», «Сағындық-М», «Әшірбай» шаруа қожалықтары аңқасы кепкен даланы жасыл желекке бөлеп, мол өнім алуды көздеп отыр. Қазіргі таңда техникалардың дайындығын пысықтаған диқандар алдағы 1 ай көлемінде егінді толық жинап бітіреді», — деді Сәкен Асылханұлы. Айта кетейік, тың тәжірибеге аудандағы өзге ауыл округтерінің диқандары қызығушылық танытса, мамандар бұл жобаның су тапшылығын жоюдың ең тиімді әдісі ретінде бағалап отыр.

Еліміздегі суармалы алқаптардың 4/1 бөлігі Түркістан облысына тиеселі. Сондықтан ағын су мәселесі өте өзекті. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды каналдар қайта жаңғыртылатынын айтқан еді. Сонымен бірге жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшіруді тапсырды. Бұл ретте осы су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану арқылы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларының 80 мың гектарға жуық суармалы жерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беріліп отыр.

Бүгінде өңірде шаруалардың суды қажеттіліктен артық пайдалануына, ағын су ысырабына жол бермеу және су беру тәртібін реттеу үшін облыста нақты тариф бекітілген. Нәтижесінде шаруаларға ағын суды тек қажеттіліктеріне сәйкес бөлу тәртібі енгізілген. Сонымен қатар су шығынын үнемдеу мақсатында «Түркістан» магистральды каналының бір бөлігін темір бетонмен қаптау жұмыстары аяқталып, барлық шлюздардағы су өлшегіштер есепке алынып, су балансын сақтау жұмыстары бір жүйеге келтірілген.

«Тұран су» мекемесінің міндеті – теңгерімдегі ағын су жүйелерін күтіп ұстау, реконструкциялау және егістіктерді ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жүзеге асыру. Облыс әкімінің орынбасары суға жауапты басшыларға жауапты маусымға дайындықты пысықтап, көктемгі кезеңде жауын-шашынның мол түсуі ықтималдығына байланысты алдын алу шараларын күшейтуді және вегетациялық кезеңде шаруашылықтарды қажетті мөлшерде ағын сумен қамтамасыз етуді тапсырған-ды.

Мұнан соң Сәкен Сұлтанханов ауыл округіндегі мектепке дейінгі білім беру ұйымы «Қатира ана» балабақшасының құрылыс жұмыстары мен жаңадан салынатын ауылдық мәдениет үйінің жобасымен танысып, ауыл тұрғындарының талап-тілегін тыңдады. Ауыл халқының басым бөлігі жұмысқа орналасу, суармалы жер, көшелерді асфальттау секілді бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аталған мәселелер бойынша елді мекендегі А.Құнанбаев, Сейілбеков көшелерін орта жөндеу және ішкі көшелерді жарықтандыру жұмыстары ағымдағы жылы іске асатынын айтып, алдағы уақытта елді мекенді көгалдандыру жұмыстары жалғасын табатынын баяндады.

Одан әрі Ақтөбе ауылымен көршілес жатқан Шілік ауылында көгалдандыру жұмыстарын аралап көрген аудан әкімі егілген көшеттердің өнімділігі мен оларды күтіп бастаудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде Шілік ауыл округіндегі саябақтарда 1000-нан аса көшет отырғызылса, олардың 70 пайызы тамырын тереңге жайған. Бұл бағыт бойынша жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеп, аталған жұмыстарға баса мән беру керектігін ескертті.

Ауылдағы «Ардагерлер саябағында» тұрғындармен кездескен аудан басшысы Шілікте ағымдағы жылы іске асатын жұмыстарды атап өтті. Ол өз сөзінде ауыл округіндегі М.Мәметова мен Ардагерлер көшелерін жарықтандыру, «Астана» және «№3» көшелерін орта жөндеу, аяқ жол салу, балалар ойын алаңшасын салу, ауыз су жүйелерін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Ауызсу демекші, Отырар ауданы бойынша 38 елді мекеннің 33 елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған (50306 адам немесе 97,5%). 5 елді мекенде орталықтандырылған ауызсу жүйесі жүргізілмеген. Олар: Бестам, Жанкел, Ызакөл, Сырдария, Ақкөл ауылдары.

2022 жылы Бестам (халық саны — 151), Жанкел (халық саны — 191), Ызакөл (халық саны — 275) елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету жүйелерінің құрылысы басталған, 2023 жылға өтпелі. Сонымен қатар, Қарақоңыр ауыл округіндегі Сырдария (халық саны — 352) елді мекеніне жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

2025 жылы Балтакөл ауыл округіндегі Ақкөл (халық саны — 365) елді мекендерін таза ауызсумен қамтамасыз ету межеленген. Қазіргі таңда облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан геологиялық іздеу барлау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу шаралары ұйымдастырылуда.

Жобаны жүзеге асыру барысында ауызсумен қамтылмаған бес елді мекендегі 1334 ауыл тұрғыны сапалы ауызсумен қамтылып, 2025 жылы аудан бойынша ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту үлесі 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, ауданға қарасты бірқатар елді мекендердің ауызсу жүйелері тозығы жетіп, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етуде. Осыған орай, Жаңа Шілік, Аққұм, Балтакөл, Маяқұм елді мекендерінің  ауызсу жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджет есебінен жобалық сметалық құжаттамалары әзірленіп жатқанын атап өткен жөн.

Қосы ауыл округіндегі кездесулерден соң аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, өтініштерін тыңдады. Қабылдауға жазылғандардың басым бөлігі жұмысқа орналасу, ауыз су жүйелерін жаңарту, суармалы жер алу және де өзге де мәселелер бойынша талап-тілегін айтып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптар алды.

Естеріңізде болса, 2022 жылғы 07 наурыз ҚР Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» жарлығы шыққан болатын. Онда былай делінген еді.

«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17 және 21-баптарына сәйкес және қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан  реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін.
  2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері:

1) жыл сайын 15 қаңтарға дейін мыналарды:

жарты жылда бір рет облыс әкімінің әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесуін;

республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін;

аудан әкімінің әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін;

облыстық және аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданда (шағын ауданда), ауылда, кентте тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін;

ауыл, кент, қаладағы аудан әкімінің тоқсан сайын кемінде бір кездесуін өткізу көзделген әкімдердің халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін (бұдан әрі – күнтізбе) әзірлеп, оны мәслихатпен келісу бойынша бекітіп отырсын.

Қажет болған жағдайда күнтізбені мәслихатпен келісу бойынша түзетуге жол беріледі;

2) жыл сайын 20 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітілген күнтізбені ұсынсын. 

  1. Барлық деңгейдегі әкімдер:

1) халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде күнтізбеден тыс халықпен кездесу өткізсін;

2) техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, халықтың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда міндетті түрде пікір білдіру мүмкіндігімен онлайн-трансляциялар, сондай-ақ қажет болған жағдайда бейнеконференцбайланыс ұйымдастыру арқылы кездесулер өткізуді қамтамасыз етсін;

3) кездесу үшін жоспарланған уақыттың төрттен бірден аспайтын бөлігін баяндаманы таныстырумен, уақыттың қалған бөлігін «сұрақ-жауап» форматында өткізсін;

4) халықпен кездесулер өткізгенге дейін:

проблемалық мәселелердің пулын жасау үшін жергілікті қоғамдастық жиналысы және қоғамдық кеңестер мүшелерінің қатысуымен халықтың сұраулары мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия құруды;  

ашық деректердің интернет-порталына және әкімдердің блог-платформасына, сондай-ақ коммуникацияның басқа да нысандарында халықтан келіп түскен сұраулар мен ұсыныстарды жинауды және талдауды;

бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өңірлік баспа басылымдарында, радиода, ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында, ашық деректер интернет-порталында, сондай-ақ әкімдіктердің (әкімдер аппараттарының) ресми аккаунттарында, әлеуметтік желілерде және барлығына қолжетімді жерлерде ақпараттық-насихат  жұмысын жүргізуді;

әкімнің халықпен кездесуін өткізу туралы хабарландыруды:

облыс, республикалық маңызы бар қала және астана, аудан, облыстық және аудандық маңызы бар қала әкімі өткізетін кездесу күніне дейін екі апта бұрын;

ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан әкімі өткізетін кездесу күніне дейін бір апта бұрын ұйымдастыруды қамтамасыз етсін;

5) халықпен кездесулер өткізгеннен кейін:

жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура және ішкі істер органдарының басшылық құрамымен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңестер мүшелерімен, жергілікті зиялылармен бірлесіп, азаматтарды жеке қабылдауды өткізсін;

проблемалық мәселелерді қаржыландыру мүмкіндігін мәслихат сессиясында қарай отырып, жүйеге келтірсін;

кездесулер мен азаматтарды қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей, өткізілген кездесулердің қорытындылары туралы ақпаратты, проблемалық мәселелердің тізбесін, проблемалық мәселелерді шешудің нақты мерзімдерін, жауапты орындаушыларды көрсете отырып, оларды шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастыруды қамтамасыз етсін;

тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу барысы туралы ақпаратты ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырсын.

  1. Әкімдіктер мен әкімдер аппараттары кездесулерге мүдделі тұлғалардың ауқымды аудиториясын, оның ішінде мәслихат депутаттарын, партиялар, қоғамдық ұйымдар мен оппозиция өкілдерін тартсын.
  2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) жыл сайын есепті жылдан кейінгі 1 ақпанға дейін өңірлердің бекітілген күнтізбелерін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынуды;

2) жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына және 15 тамызына дейін орталық атқарушы органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар деңгейінде шешуді талап ететін проблемалық мәселелердің тізбесін және оларды шешу жөніндегі ұсыныстарды жинауды;

3) әкімдердің халықпен көшпелі кездесулерінің қорытындысы бойынша халық көтерген мәселелерді шешу жолдары мен олардың орындалу барысын көрсете отырып, олардың ішінен  құзыретіне кіретін проблемалық мәселелердің тізбесін орталық атқарушы органдардың, ұлттық холдингтердің, компаниялардың ресми интернет-ресурстарында орналастыруды және тоқсан сайын жаңартуды қамтамасыз етсін.

  1. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.
  2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін».

Міне, осы жарлықтан кейін барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен байланысы бұрынғыға қарағанда едәуір жақындай түскен.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.