Түркістан облысы: Сарыағаш ауданында 10 жылдық тәжірибесі бар жеке кәсіпкер жаңа әдіспен құлпынай өсіріп жатыр

Түркістан облысының оңтүстік аудандары егістік егуге қолайлы. Сондықтан бұл аудандардағы кәсіпкерлер соңғы жылдары жаңа әдістерді тиімді пайдаланып келеді. Сарыағаш ауданының Тегісшіл ауылдық округіне қарасты Мәдениет елді мекенінде кәсіпкер жаңа әдіспен құлпынай өсіруді қолға алған.

10 жылдық тәжірибесі бар жеке кәсіпкер А.Шимбергенов Италия және Голландия елінде осы саладағы кәсіби мамандармен тәжірибе алмасқан. Қазіргі таңда жоба технологиясы бойынша құлпынайларды ашық далада тығыз орналастыру және тамшылатып суарудың автоматты жүйесі арқылы өсіру жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Мұнда 15 тұрақты, 40 маусымдық түрде тұрғындар жұмыспен қамтылған. Жеке кәсіпкердің айтуынша, 24 гектар аумақта өсірілуі жоспарланған құлпынай күннің нұрымен және арнайы тігілген көрпешелердің көмегімен жылытуды қажет етеді.

Аудан басшысы Арман Абдуллаев шаруашылық жұмыстарымен танысып, Тегісшіл ауылдық округі жаңа жұмыс орындарымен толығып келе жатқанын тілге тиек етті.

Жалпы, Сарыағашта аудан көлеміндегі егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз етілуін жақсарту және суды үнемдеу мақсатында бірқатар су шаруашылығы нысандарына күрделі жөндеу және механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Аудан басшысы Арман Абдуллаев іссапармен Дербісек ауылдық округінің аумағында орналасқан №57 каналды тазалау жұмыстарына арнайы барып, тексерді. Қазіргі таңда аталған канал маңына 6 дана шлюз орнату жұмыстары жүргізілуі жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың қазан айында басталып, қараша айында аяқтау көзделген.

Сондай-ақ тазалау жұмыстарына қажетті құрылғылардың сапасын тексеру мақсатында аудан басшысы мердігер мекеме өкілі және аудандық «Су шаруашылығы» КММ өкілімен арнайы құрылыс құрал-саймандарын сату орталығына барып, бақылады. Сонымен қатар жауапты мердігер өкіліне, тиісті бөлім өкіліне тазалау жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Жалпы құлпынай күй талғамайтын, яғни кез келген жерде өсе беретін және климатқа онша тәуелді емес жидек. «Виктория» сұрыптысының биіктігі 30-35 сантиметрге жетеді. Жапырақтары үшқұлақты қалың болып келеді. 100 грамм құлпынайда 36,9 ккал калория бар. Сондықтан да ол диеталық тағам түріне кіреді. Құлпынай дәмді жидек қана емес, тамаша десерт әрі емдік тағам болып саналады. Оны жеген адамның асқа деген тәбеті ашылады. Ас қорыту жүйесі жақсарады. Құлпынай сонымен бірге тер шығаратын, несеп айдайтын қасиетке де ие. Сол үшін құлпынай өсіру ауыл шаруашылығындағы табысты кәсіптің біріне жатады.

Қазақстанда бұл жидектің «Елизавета ханшайым», «Зенга Зенгана», «Русановка», «Источник», «Эверест» және «Фестивальная» сұрыптары өсіріледі. Олардың ішінде «Виктория» да бар. Бұл сұрыптардың барлығының да түсімділігі жоғары. Және зиянкестерге төзімді боп келеді. Агрономдар құлпынайдан жақсы өнім алу алдымен сұрпына, содан соң күтіміне байланысты екенін айтады.
Құлпынай егілетін жылыжай берік болуы тиіс. Яғни онда температуралық режим жыл бойы бірқалыпты деңгейде сақталып тұруы керек. Сондықтан жылыжайға автоматты жылыту жүйесін орнатқан жөн. Ондағы температура 20-25 градустан аспауы қажет. Ауа ылғалдылығы да өсімдіктің вегетациялық кезеңіне байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, тұқым еккенде 80-85, тамырынан енді өсіп шыққан кезде 75, гүлдегенде 70 пайызды құрауы тиіс.

Қыс мезгілінде өсірілген құлпынайға тәулігіне 14-17 сағат күн түсіп тұрса, өнімділігі жоғары болады. Өйткені күн сәулесі фотосинтез процесін қарқындатып, жидектің жылдам өсуі мен тез жетілуіне оң әсерін тигізеді. Егер ауа райы бұлыңғыр болса, қолдан жарықтандырып, өсімдікке түсетін жарық сәулені үзбеген жөн. Есеп бойынша 1 шаршы метрге 1 шам орнатылады және ол көшеттен 1 метр биікте орналасады.

Жылыжайда құлпынай тұрақты түрде суарылып отырады. Су шығынын үнемдеу үшін тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Бұл әдістің тиімділігі сол, өсімдік уақытылы суарылады әрі тіршілік нәрі әрбір көшеттің тамырына дейін барады. Жылыжайда құлпынай жыл бойы өсіріледі. Дегенмен қаңтар, ақпан айларында жерді демалдырып, топырақты құнарландырып алған абзал.

Бүгінде ішкі нарықта жергілікті тауар өндірушілер тұтынушыларды отандық өніммен толық қамтамасыз ете алмай отырғаны шындық. Тек күзгі жиын-терім науқанында сәл де болса құлпынайға деген сұраныс азаюы мүмкін. Басқа кезде сауда нүктелерінде шетелдік өнімдер самсап тұрады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ауыл шаруашылығы саласының мамандары қосалқы шаруашылықты дамытып, адамдарды жаппай диқаншылықпен айналысуға шақырады.

Егер есігінің алдында 5-6 сотық жері бар қала тұрғындары әртүрлі дақылдар егіп, жақсы өнім алып жатса, бұл біріншіден, өзін және отбасын табиғи әрі экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз еткені, екіншіден, бәрі өзінен болып тұрған соң баға тұрақсыздығы, инфляция дейтіндер қалтасына, отбасылық бюджетіне оншалықты әсер ете қоймайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin