Түркістан облысы: Сауран ауданында кіші футболдан аудандық турнир өтті

Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Сауран ауданының жастары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында кіші футболдан аудандық турнир өтті.

25 қазан — Республика күніне орай ұйымдастырылған жарыстың ашылу салтанатына Сауран ауданы әкімдігі “Ішкі саясат бөлімі” ММ-нің бас маманы М.Құлымбетов және Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Айгерім Ералықызы қатысып, сайысты ашып беріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тартысты өткен доп додасына Сауран ауданының 12 ауылдық округі бойынша өткен іріктеу сайысынан финалға жолдама алған 6 команда қатысып, өз белсенділіктерін көрсетті. Ойын соңында озық шыққан командалар жүлделі орындарға ие болып, арнайы Диплом және Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қоса бағалы сыйлықтар да табысталды.

Топ жарып, қарсыластарына дес бермей, әдемі ойын өрнегін көрсеткен:

Шаға ауылдық округі — І орын;

Ескі Иқан ауылдық округі — ІІ орын;

Шорнақ ауылдық округі ІІІ орынды иеленді.

Жалпы, спорт — мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын, халықтың жанкүйерлік рухын көтеретін көрсеткіш. Сондықтан еліміз спортты дамытуға айрықшы көңіл бөлуде. Мәселен, он тоғыз жылдан бері елімізде спорт күні белгіленіп атап өтілуде. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде әр сала бойынша спорттық жарыстар өткізіліп, халықты салауатты өмір салтына тарту мақсатында түрлі шаралар өткізіледі. Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісін спорт күні ретінде халық асыға күтеді.  

Спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар көз алдымызда ұйымдастырылуда. Сондықтан жыл өткен сайын баласын спорттың әртүрлі саласына жетектеп әкелетін ата-аналардың саны артып келеді. Әрине, халықты спортшыларымыздың халықаралық дәрежеде жеткен жетістіктіктері де ынталандырары анық. Осы орайда еліміздің спортшылары соңғы онжылдықтарда халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында еліміздің намысын жыртып, үздік нәтижелерді көрсетіп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Мемлекет басшысының өзі спортшыларымызды халықаралық жарыстарға шығар алдында арнайы шақырып, сәттілік тілеп шығарып салуының өзі спорт саласының мемлекетіміздің басты назарында екенін айқындайды. Мәселен, жақында ғана шахматшы қыздарымызды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қабылдаған кездесуден соң Үндістанда өткен 44-ші шахмат олимпиадасында спортшы қыздарымыз үздік нәтиже көрсетіп, ел үмітін ақтады.

Еліміз беделді халықаралық жарыстарды өткізетін елге айналып, арнайы спортшыларға арнап қалашықтар тұрғызып, спорттық нысандар санын көбейтуде. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамуының ғана көрсеткіші емес, оның әлемдік мойындалуын көрсетеді.

Атап өтер жайт, елімізде Дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылға арналған арнайы кешенді жоспар да әзірленген. Спортты жүйелі дамытуды көздеген кешенді жоспарда мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары толық ескерілген. Саланың басы қасында жүрген мамандар арқылы толықтырылған кешенді жоспар еліміздің спорт саласын жаңа деңгейге көтереді деген үміт зор! Кешенді жоспар 34 тармақ пен 5 негізгі бағыттан тұрады. Атап өтсек, нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету, мектеп және студенттік спорт, спорт желілерін кеңейту, салауатты өмір салтын насихаттау және кеңінен тарату, спорттық-бұқаралық іс-шаралары көбейту көзделген. Бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатындардың санын арттыру мақсатында да көптеген жұмыстар істелуде.

Президент бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгілеп отыр. «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын. Сондықтан қолға алынған шаралар өз деңгейінде атқарылса, талай игі іске мұрындық болары анық. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында бүгінде еліміздегі балаларды арнайы спорттық үйірмемен қамту жұмыстары да жүргізілуде. Балаларды спортқа тарту мақсатында аталмыш жоба жемқорлардың жемсауында кетпес үшін барынша пысықталуда. Жалпы еліміздегі спортты дамыту үшін жасалып жатқан шаралар алдағы уақытта өз жемісін береріне сенім мол!

Президент бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгілеген соң, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бұл бағытта қандай шараларды жүзеге асыру көзделгенін айтты. Дәурен Абаевтың сөзінше, біріншіден спорттық инфрақұрылым қажет. «Елді мекендерде спорт залға қажеттілік 1,5 миллион шаршы метр жоғары, 935 мың шаршы метр қолданыста бар. Демек, спорт алаңдарының тапшылығы 39 пайыз немесе 574 мың шаршы метр.

Спорттық инфрақұрылым жетіспеушілігін шешу мақсатымен 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жобасы жүзеге асырылды.

Үкіметке 2025 жылға дейін спорттық инфрақұрылымды дамытудың арнаулы жоспары ұсынылды. Құжат аясында 140 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр», — деді министр. Екіншіден, мемлекеттік спорттық тапсырысты реттеу керегін айтты. 2021 жылдың 1 мамырынан бастап спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру механизмі енгізілді. Соның нәтижесінде 4 пен 17 жас аралығындағы 217 мың бала мен жасөспірім тегін спорт секцияларына қатысып жүр екен. «Алайда бұл механизм әлі де жетілдіруді қажет етеді. Ең алдымен, қаражат тапшылығы. Бірқатар аймақ бір жылға бөлінген ақшаны бір тоқсанда жұмсап тастаған», — деді ол. Үшіншіден, Абаев 2021 жылдан бастап дене шынықтыру сабақтарына ұлттық спорт түрлері міндетті компонент болып енгізілгенін айтты. «Төртінші. Жыл сайын оқушылар мен студенттер арасында спорттық лигалар өтеді. Бесінші. 3,5 мың негізгі елді мекеннің барлығы 2025 жылға дейін штаттағы спорттық нұсқаушымен қамтамасыз етіледі. Алтыншы. Сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау», — деді министр.

Дәурен Абаев 2020 жылдан бастап мамандандырылған мектептер мен колледж қызметкерлерінің еңбекақысы жыл сайын 25 пайызға өсіп келе жатқанын айтты. Ол 2023 жылы бұл көрсеткіш 100 пайыз боларына сенімді. 

2025 жылы спортпен шұғылданушылар санын 50%-ға дейін жеткізу қажет. Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі пайым, қағидаттар мен тәсілдер дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында көрініс табатын болады. Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді.

Республика бойынша орта есеппен халықтың 35%-ы спортпен айналысуға тартылған. Маңғыстау, Атырау және Ақмола облыстарының көрсеткіштері жоғары. Республикалық маңызы бар қалаларда спортпен шұғылданушылар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында аз.

«2025 жылы спортпен шұғылданушылар санын 50%-ға дейін жеткізуіміз керек. Бұл көрсеткішке қол жеткізу салауатты өмір салты мен спорттың пайдасын насихаттау, сырқаттанушылықтың алдын алу, спорттық инфрақұрылымды кеңейту және, әрине, бұқаралық спорт саласын қаржыландыруды ұлғайту бойынша үлкен жұмысты талап етеді», — деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысы барысында.

Үкімет басшысының айтуынша, аталған мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәсіби спорт түрінен бұқаралық спортқа 21 млрд. теңгеге жуық қаражат қайта бағдарланған, оның 6 млрд теңгесі мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыру үшін пайдаланылған.

«Мемлекеттік тапсырыс мыңдаған балаларға спорт секцияларында тегін айналысуға мүмкіндік берді. Секцияларға бару шығыстары бюджеттен төленеді. Өткен жылы республика бойынша мұндай мүмкіндікті 162 мың бала алды. Ал биылғы қамту 275 мыңға дейін жетеді. Мемлекеттік тапсырыспен қамтудың ең жоғары көрсеткіштері — Алматы қаласы мен Алматы облысында. Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары артта қалып отыр. 4,9 млрд. теңге көлеміндегі қайта бағытталған қаражаттың бір бөлігі спорт инфрақұрылымын салуға және жөндеуге бағытталды», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, Премьер-Министр атап өткендей, өткен жылы республика бойынша 41 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді, оның 32-сі аудан орталықтары мен ауылдарда ашылған. Әлихан Смайылов ауылдарды спорт нұсқаушыларымен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп жатқанын айтты.

«Спортпен шұғылданатын балалар санының артуы жалпы ұлттың сауығуына, спортпен кәсіби түрде айналысқысы келетіндердің санының кеңеюіне, халықаралық аренада елімізді даңқтауға әкеледі. Бұқаралық спортты дамытудың пайымы, қағидаттары мен тәсілдері 2025 жылға дейінгі дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасында көрініс табады», — деп толықтырды Үкімет басшысы.

Осыған байланысты Әлихан Смайылов:

  • Мәдениет және спорт министрлігі Білім министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөле отырып, балаларды тегін спорт секцияларымен қамтуды;
  • Мәдениет және спорт министрлігі Білім министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, мұқтаж елді мекендерде спорттық инфрақұрылым салу жоспарын қабылдауды;
  • Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық экономика, Ақпарат министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, салауатты өмір салтын насихаттау мен қалыптастыру, сырқаттанушылықтың алдын алу жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.