Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында ауданның апталық жиналысы болып өтті. Мәжілісті аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев ашып, жүргізіп отырды. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап өтсек, 1-ші шілдеге аудан бюджетінің орындалуы бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов мәлімдеуінше, Сауран ауданы бойынша 2023 жылдың 26 маусымдағы жағдайға қарасақ, кірістер бойынша жоспар 113,6%-ға орындалып, 307 443,2 мың теңге артық түскен. Есепті кезеңде аудандық бюджет жоспары 98,9%-ға орындалып, 13 135,6 мың теңге жоспардан кем түскен. Оның ішінде ірі кәсіпкерлік субъектілерінен және мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс салығы 171,5 мың теңгеге, төлем көзінен салық салынатын табыстардан ұсталатын жеке табыс салығы 100 647,7 мың теңгеге, әлеуметтік салық 12 837,1 мың теңгеге кем орындалғанын жеткізді. Бұл бойынша тиісті жұмыстарды атқармаған ауылдық округтер мен дербес бөлімдерді жекелеп атап өтті.
Аудан бойынша инвестиция көлемін арттыру мақсатында атқарылған жұмыстар туралы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Сұлтанғали Шакиров мінберге шықты. Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Сұлтанғали Шакировтың хабарлауынша, аудан көлемінде инвестиция көлемін арттыру бағытында жоспарға сәйкес, 2023 жылға негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 30,1 млрд теңге болып бекітіліп, нысаналы индикаторлар белгіленген. 2023 жылдың қаңтар-мамыр айына аталған жоспар 164,0 пайызға немесе 9 миллиард 078,2 миллион теңгеге орындалған. Сонымен қатар, 2023 жылдың қаңтар-маусым айларына болжам бойынша 10 миллиард 630,2 миллион теңгеге есеп тапсырылған.
2023 жылы туризм саласындағы негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 1 миллиард теңге болып бекітіліп, нысаналы индикаторлар белгіленген. Биыл 5 айдың қорытындысымен жалпы құны 663,6 миллион теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба іске асырылып, 20 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, жыл соңына дейін жоба құны 2 миллиард 974,0 миллион теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылмақ. Аталған жобалар іске қосылған жағдайда 80 жаңа жұмыс орны ашылатынын мәлім етті.
Ал күн тәртібіндегі үшінші мәселе — ортақ жайылымдағы жерлерді мемлекетке қайтару барысы, елді мекен шегіндегі жерлерді аукционға қою бойынша аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Шохан Алиханов баяндама жасады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Нәтижесінде мыңдаған гектарлы жерлер мемлекетке қайтып жатыр. Бұл шаруа үшін де, мемлекет үшін де тиімді. Есесіне ортақ жайылымды жерлердің аумағы ұлғаяды. Сауран ауданында да жайылымның жетіспеуі ауыл шаруашылығы саласы үшін өзекті мәселе болып отыр. Билік пен тұрғындар ортақ шешімге келіп, тұрғындар өз жерлерінің белгілі бір мөлшерін мемлекетке қайтарып жатыр.
Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты елді мекендерде 29 жер иеленушілердің жалпы алаңы 3957,51 гектар жер учаскесі анықталып, ортақ жайылымға қайтару бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі таңда Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғындары Юлдаш Сатибалдиевке тиесілі жалпы алаңы 143,91 гектар, Закир Сатибалдиевке тиесілі жалпы алаңы 92,76 гектар, Елмурат Мехмановқа тиесілі жалпы алаңы 131,18 гектар, жалпы аумағы 367, 85 гектар жер учаскелерін өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды.
Жер – халықтың бірден-бір қажеттілігі. Жерді халық ортақ игілігіне пайдаланғаны абзал. Ал, ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – жайылымды игеру. Ел Президенті де сол үшін осы мәселеге маңыз беріп отыр.
Майдантал ауылдық округі бойынша 6 061 гектар ортақ жайылымдық жер бар. Тағы да 3800 гектар жайылымдық жерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға ауыл тұрғындарын жайылымдық жерлермен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Өз сөзінде «Мен жайылымдық жер мәселесіне ерекше нараз аударғым келеді. Бұл жерлер бірінші кезекте ауыл тұрғындарына қол жетімді болуы керек» деп, мәселенің маңыздылығын нақтылаған. Бүгінгі таңда Сауран ауданында жайлымдарды халыққа қайтару жұмыстары қарқынды жүруде. Атап айтқанда, «Қолжетімді жайылым» жобасы аясында аудан прокуратурасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе іс-шаралар жоспары әзірленіп, әрбір елді мекенді жайылыммен қамтамасыз ету сызбалары дайындалып, қажетті жайылым жер телімдері қайтарылуда.
Бұл ретте аудан прокуратурасы арқылы ауыл тұрғындарының ауыл маңындағы жайылымға деген мұқтаждықтарын шешу мақсатында енгізілген қадағалау актілерінің нәтижесінде Жаңа Иқан ауылдық округінде 4072,2 гектар/29, Майдантал ауылдық округінде 3 788,2 гектар /27, Жібек жолы ауылдық округінде 12 350 гектар /52, Оранғай ауылдық округінде 1 274 гектар /23, Бабайқорған ауылдық округінде 1 147 гектар /6, Иассы ауылдық округінде 1 022 гектар /7, Ескі Иқан ауылдық округінде 7 935 гектар /167, Шаға ауылдық округінде 14 853 гектар /103, Үшқайық ауылдық округінде 4 920 гектар /18, Жүйнек ауылдық округінде 4 462 гектар /38 мемлекет қорына қайтару туралы аудан әкімінің қаулысы шығып, ортақ жайылымға енгізілуде. Жалпы алаңы 55 950 гектар /471 ортақ жайылымға алынуда.
Ағымдағы жылдың аяғына дейін аудан прокуратурасы арқылы елді мекендерді жайылыммен толық қамтамасыз ету жоспарлануда. Жайылым жер телімдерін қайтару аудан прокуратурасының ерекше бақылауына алынған.
Осындай-осындай нақты әрекеттердің нәтижесінде Сауран ауданында нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған жайылым жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, ортақ жайылым жер көлемі ұлғайып келеді.
Сауран ауданына қарасты ауылдық округтерде нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жерлерді ҚР Жер кодексінің 82-бабына сәйкес, өз еркімен қайтару бойынша ауыл әкімдерімен бірлесіп, меншік иелеріне заң шеңберінде түсіндірме жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 29 жер иеленуші жер телімдерінен бас тартып, жалпы көлемі 665,63 гектар жер телімі мемлекеттің арнайы жер қорына алу туралы Сауран ауданы әкімдігінің қаулысы қабылданды.
Сонымен қатар, ҚР Жер кодексінің 92-бабына сәйкес, пайдаланылмай жатқан, яғни, игерілмей жатқан жерлерді анықтау мақсатында Үшқайық, Жүйнек ауылдық округтерінен жалпы көлемі 4381,28 гектарды құрайтын 56 жер телімі анықталып, «ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару» департаментіне өз құзыреті шегінде шара көру үшін жолданды.
Жалпы Сауран аудан бойынша 2022 жылы 48,5 мың гектар жерді елді мекенге ортақ жайылымға қайтару жоспарланған болса, нақты 51,3 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылып, жоспар артығымен орындалған. 2023 жылға жоспар 29,5 мың гектар белгіленген. Осы ретте жұмыс тобы зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жайылыммен қамтамасыз ету сызбалары әзірленді.
Сауран ауданының жалпы аумағы 721,745 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 388 843 гектар. Оның ішінде суармалы жерлер – 44 441 гектар болса, жайылым жер 344 402 гектарды құрайды. Елді мекен жерлері – 62 273 гектар; Өнеркәсіптік көлік, байланыс, қорғаныс жерлері және а/ш басқа мақсаттарда пайдаланылатын жерлер — 6729 гектар; Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері — 39424 гектар; Орман қорының жерлері – 66 145 гектар; Су қорының жерлері – 2 428 гектар; Арнайы жер қорының жерлері — 155 903 гектар.
Сонымен қатар, Сауран ауданынан Кентау қаласына 75 мың 552 гектар және Түркістан қаласына 4831 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер облыстық мәслихаттың шешімі беріліп, Үкіметтің қарауында.
Облыстық жер қатынастары басқармасы тарапынан аудан көлемінде 2022 жылға Сауран ауданына бекітіліп, берілген ортақ жайылымға жоспар болжамы жалпы: 48,5 мың гектар жерді елді мекенге ортақ жайылымға бекітіп беру, 78,4 мың гектар меморандум арқылы беру жоспарланған.
Жаңа Иқан, Жібек жолы, Майдантал, Оранғай, Бабайқорған, Ескі Иқан ауылдық округтері аумағынан 259 жер иелеріне тиесілі 27 973,7 гектар жер учаскесі мемлекет мұқтаждығына алынып, аталған ауыл округтерге ортақ жайылым үшін қаулы қабылданып, сәйкестендіру актісі рәсімделуде. Бұдан бөлек, 8 ауылдық округте 22,6 мың гектар жер телімдері ортақ жайылымға бекітіліп, сәйкестендіру актісі рәсімделген.
Аудан көлемінде 145 жер иеленушімен (алаңы 32,3 мың гектар) келісімшарт түзумен меморандум арқылы ортақ жайылымға келісілді. 2022 жылға бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес, атқарылатын ортақ жайылым іс-шаралар жоспары жыл соңына дейін орындалады.
Сауран ауданында игерілмей, яғни пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер «Қазақстан ғарыш сапары ҰК» акционерлік қоғамының заман талабына сай космомониторинг жүйесі арқылы анықтау бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда «Қазақстан ғарыш сапары ҰК» акционерлік қоғамының алғаш рет космомониторинг жүйесі арқылы Сауран ауданында нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 12 жер пайдаланушының жер учаскесі (жалпы алаңы: 1272,67 гектар) анықталып, зерделеу мақсатында егістікті анықтау актісі түзіліп, нәтижесі бойынша «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару» департаментіне өз құзыреті шегінде шара көру үшін жолданды.
Сонымен қатар, арнайы жер қорына қайтқан жерлер бойынша Сауран ауданына қарасты ауылдық округтерде нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жерлерді ҚР Жер кодексінің 82-бабына сәйкес өз еркімен қайтару бойынша 48 жер иеленуші тиесілі 8391,63 гектар жер телімі, мерзімі аяқталған 233 жер иеленушіге тиесілі 15 391.9 гектар жер телімі, Жасыл белдеу аумағына енген 106 жер пайдаланушыға тиесілі 3443.3 гектар жер учаскесі арнайы жер қорына алынып, жалпы көлемі 27 226.83 гектар жер учаскесін құрап отыр.
Енді Түркістан қаласының айналасынан «Жасыл белдеу-2» құру мақсатында жоспарланған жер телімдері туралы тілге тиек етсем. «Жасыл аймақ» КММ-сі тарапынан жерге орналастыру жобасы әзірленіп, жалпы 12 381,03 гектар жер теліміне Сауран ауданы әкімдігінің мемлекет мұқтаждығына алудың басталуы туралы қаулысы қабылданған. Осы ретте 6193,62 гектар жер учаскесіне «Жасыл аймақ» КММ-сі мемлекеттік АКТ алған. Оның ішінде 6187,41 гектар жер учаскесінің ішінен қора жайлары бар, жеке меншік, «Жасыл аймақ» КММ-сі тарапынан ағаш көшеттері отырғызылып қойылған 745,64 гектар жер учаскесіне бағалау жұмыстары жүргізіліп, құжаттары толық жинақталып, жалпы суммасы 577 млн 151 мың теңгеге бюджеттік өтінім берілген. Қалған 5441,77 гектар жер учаскесіне тең көлемде немесе баламалы жер ұсынылуда. Алайда, аталған жер телімдерінің жанында жер иелерінің қора жайлары орналасуына байланысты біршама мәселелер туындауда.
Түркістан облыстық Жер қатынастары басқармасы тарапынан өткен жылға ортақ пайдалануға Сауран ауданы бойынша берілген жоспар 126,9 гектар болатын. Оның ішінде 48,5 мың гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару арқылы, 78,4 мың гектар жер учаскесін меморандум арқылы қайтару жоспарланған еді.
Мемлекет меншігіне қайтару жолымен 58,6 мың гектар жер учаскесіне мемлекет мұқтаждығына алу туралы қаулысы қабылданған. Сонымен қатар 61,8 мың гектар жер учаскесіне шаруа қожалық иелерімен келісім-шарт түзумен меморандум арқылы елді мекеннің ортақ жайылымына келісілді. Жалпы жоспар бойынша орындалғаны 120,4 мың гектар жер учаскесін құрады. Осы күнге дейін Сауран ауданына қарасты ауылдық округтерде ортақ жайылым үшін жалпы 22665,0 гектар жайылым жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты (ГОСАКТ) алынған.
«Алдағы уақытта мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары толығымен аяқталған соң, әр ауылдық округ әкімдігінің меншігіне берілетін болады», – дейді аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаева.
Облыстық Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы Б.Досжанов және облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Тілеген «Жер аманаты» комиссиясында Сауран ауданы бойынша бірқатар кемшіліктерге тоқталып өткен-ді.
Сауран ауданы бойынша жайылым жер учаскелерін түгендеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде ИСЖ базаға мал басы тіркелмеген 358 жер иелеріне тиесілі 29 993 гектар жер телімі анықталған. Осыған орай, Түркістан облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне өз құзыреті шегінде шара көру үшін жолданған.
Атап өтер маңызды жайт, елді мекендердегі жергілікті халықтың шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылын жою ұдайы басты назарда тұр. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өтетін маңызды жиындарда әркез талқыланады. Облыс басшысы берілген тапсырманы өз деңгейінде орындамаған аудан, қала әкімдерін сынға алады. Мәселен, таяудағы бір жиында инспекция мен облыстық прокуратураның мәліметі екі түрлі екендігін, нақтылау жұмыстарын жүргізіп, қағаздағы мәлімет пен іс жүзіндегі жұмыстар сай келуі керектігін ескертті. «Ауыл шаруашылығы саласы – экономикамыздың басты драйвері. Сондықтан бұл саланы дамыту да, халыққа қолайлы жағдай жасау да өте маңызды. Бұл мәселе — тұрақты бақылауда», – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, аудан, қала әкімдіктері тарапынан 110,5 мың гектар жайылым жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған. Сонымен қатар шалғайдағы маусымдық жайылымдарды ұйымдастыру мақсатында босалқы жердегі жайылымдарды шалғайдағы жайылымға бекіту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда, Келес ауданы Жамбыл ауылдық округі бойынша шалғайдағы жайылымға шығару жобасы әзірленіп, жұмыстары атқарылуда.
2023 жылға ортақ жайылым көлемін 2 бағыт бойынша 1 015,0 мың гектарға ұлғайту жоспары бекітіліп, аудан, қала әкімдіктеріне тапсырма берілді. Бірінші бағыт бойынша 333,2 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне ортақ жайылымға қайтару көзделген. Екінші бағыт бойынша жалпы ортақ жайылым қажеттілігінен 681,8 мың гектарға төмендету, яғни елді мекендегі мал бастарын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру және аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын құру бағыттарында жұмыстар жүргізу жоспарланған.
Жер учаскелерін қайтару жұмыстары облыс әкімдігімен бекітіліп, кестеге сәйкес жүргізілуде. Ортақ жайылымға қайтарылған жер учаскелерін 2023 жылға бекітілген жоспардың орындалуы тұрақты бақылауға алынып, жыл қорытындысымен толығымен орындалатын болады.
Айта кетейік, 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1 012,0 мың гектар ұлғайту жоспарланып, жыл қорытындысына сәйкес елді мекен тұрғындары 1 034,8 мың гектар ортақ жайылыммен қамтамасыз етілген болатын.
Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев күн тәртібіндегі қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Сонымен қатар бүгін Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаевтың төрағалығымен Шекербұлақ тұрғындарымен жиын өткен болатын. Жиынға аудандық емхана басшысы Бақытжан Стамқұлов пен аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұрдулла Мырзагелдиев қатысты. Жаз айында адамды кене шағу қаупі жоғары. Ол үшін сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн. Серік Өмірханұлының мәлімдеуінше, елді мекен шегінде мал жататын суаттар көктемде 2 рет дәріленген.
— Мәселе бойынша барлық ауыл округ әкімдеріне қатаң тапсырма берілді. Мал қоралар мен үй аулаларын залалсыздандыру жұмыстары жүйеленді. Бұл — жұқпалы ауру. Мен барлық ауыл тұрғындарына айтарым, әсіресе, ойын баласына сақ болуларыңызды сұранамын, — деді аудан әкімінің орынбасары Серік Өмірханұлы.
Жиында сөз алған аудандық емхана басшысы Бақыт Стамқұлов халықты ақпараттандыру үшін дәрігерлер тынымсыз жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол: Өте қорқынышты нәрсе, кене шаққанын адамдар көбінесе білмей де қалады. Аса қауіптілерінің бірі — температура болып, іш өтіп, асқазан тұсы ауырсынып қан құсады. Температура болса немесе денеге жабысып тұрған кенені көрсе, тез арада дәрігерге жүгініп аурудың алдын алу қажет екендігін ескертемін» — деді.
Ал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұрдулла Мырзагелдиевтің айтуынша, қоралары дәріленбей қалған азаматтар болса, ауылдағы ветеринария бекетіне хабар беріп, дәрілету керек. Жиын барысында сөз алған ауыл тұрғыны А.Балтабаева ауылдың шетіне ауыл тұрғындары қораларынан шыққан қиларын тастап жатыр, осыған тез арада шара көруін сұрады. Көтерілген мәселе бойынша басшылық тарапынан дер кезінде шешім қабылданды. Нәтижесінде ауыл маңы қидан тазаланады. Ал қи тастаған азаматтарға шара көрілетін болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.