Түркістан облысы: Сауран ауданының Жүйнек ауылындағы шалғайдағы егістік жерлерге құдық қазу, Қарнақ ауылының жерін Жүйнек ауыл округіне қайтару сынды бірқатар өткір мәселелер шешімін табады

Тұрғындар мен билік арасындағы байланыстың бір көрінісі есептік кездесу екені белгілі. Өйткені, мұнда халық ауданның дамуы, экономикалық жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы мәліметтерден атқарушы биліктің өз аузынан хабардар болады. Сондай-ақ, өздерінің ұсыныс-талаптарын ортаға салуға мүмкіндік алады.

Тақырыпта айтылған мәселелерді Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев Жүйнек ауыл округінің тұрғындарымен есепті кездесуінде айтқан болатын. Алдымен аудан басшысы ІІ тоқсанда атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. Жалпы алғанда, былтыр ауданда іргелі істер мен ірі жобалар іске асырылып, көптеген жұмыстар қолға алынған.

Аудан әкімінің баянынан кейін ауыл тұрғындары көкейкесті сұрақтарын қойып, талап-тілектерін айтты. А.Югнаки мектебінің жылыту қазандығы қайта жөндеуді қажет ететін көрінеді. Ауыл тұрғындарының «қыстың көзі қырауда балалары жылы мектепте оқыса» деген тілегі бар. Ғалымжан Үсенбаев мәселе оңтайлы шешілетіндігіне сендірді. Оқушылар жылы мектепте оқиды. Тиісті сала маманы осылай жауап берді.

Тұрғындарды алаңдататын тағы бір мәселе — мектептің алдындағы көше. Жаяу жүргіншілер жолағына сақшы немесе қоғамдық жұмысшы қоюды сұрады. Балалардың қауіпсіздігі үшін.

Бұдан бөлек Жүйнек елді мекенінде ұялы байланысы нашар. «Ұялы байланыс антеннасы қойылса» — дейді тұрғындар.

Оған қоса жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарды тоқтату, шалғайдағы егістік жерлерге құдық қазу, электр бағаналаларын ауыстыру, Қарнақ ауылының жерін Жүйнек ауыл округіне қайтару сынды бірқатар мәселелерді де қалың бұқара көтерді. Аудан әкімі өзіне қойылған сұрақтарға нақты әрі тұщымды жауап берді.

— Расында да, Сауран ауданы үшін ағын су, жайылымды жер — өткір мәселе. Жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары жолға қойылды. Нәтижесінде кейбір ауыл округтерінде ортақ жайылымды жердің көлемі артып жатыр. Ал, ағын су тек бір ауданға қатысты мәселе емес. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Проблема бүгін ертең шешіледі деп уәде бере алмаймын. Ол үшін өңір бойынша жүйелі жұмыс атқаруымыз керек. Ал жол салу, бағаналарды жаңарту — ретімен шешілетін мәселе, — деген-ді жиында Ғалымжан Қарабайұлы.

Осы орайда тілге тиек етер жайт, Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасы тарапынан ортақ пайдалануға Сауран ауданы бойынша берілген жоспар 126,9 гектар көлемінде белгіленіп отыр. Оның ішінде: 48,5 мың гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару арқылы, ал 78,4 мың гектар жер учаскесін меморандум арқылы қайтару жоспарланған.

Бүгінде аталмыш жоспардың орындалуына келсек, мемлекет меншігіне қайтару жолымен 58,6 мың гектар жер учаскесіне мемлекет мұқтаждығына алу туралы қаулысы қабылданған. Сонымен қатар 61,8 мың гектар жер учаскесіне шаруа қожалығы иелерімен келісімшарт түзу мен меморандум арқылы елді мекеннің ортақ жайылымына келісілді. Жалпы жоспар бойынша орындалғаны 121 903,57 мың гектар жер учаскесін құрап отыр.

Осы күнге дейін Сауран ауданына қарасты ауылдық округтерде ортақ жайылым үшін жалпы 22665,0 гектар жайылым жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты (ГОСАКТ) алынған екен.

Сонымен қатар, Сауран ауданы әкімдігі тарапынан жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы  сотқа  жалпы көлемі 891,06 гектар, ал жалпы саны 8 жер учаскесін қайтару туралы талап қою арыз жолданып, бүгінгі таңда сот өндірісінде қаралуда.

Елді мекендердегі жергілікті халықтың шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылын жою – басты назарда. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды жіті қадағалап отыр. Тіпті облыс басшысы берілген тапсырманы өз деңгейінде орындамаған аудан, қала әкімдерін сынға да алып жүр.

– Инспекция мен облыстық прокуратураның мәліметі екі түрлі. Нақтылаңыздар. Қағаздағы мәлімет пен іс жүзіндегі жұмыстар сай келуі керек. Ауыл шаруашылығы саласы – экономикамыздың басты драйвері. Сондықтан бұл саланы дамыту да, халыққа қолайлы жағдай жасау да өте маңызды. Бұл мәселе — тұрақты бақылауда, – дейді Дархан Сатыбалды.

Ортақ жайылым жерлерді қайтару барысы туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, биылғы жартыжылдықта аудан, қала әкімдіктері тарапынан 110,5 мың гектар жайылым жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған. Сонымен қатар шалғайдағы маусымдық жайылымдарды ұйымдастыру мақсатында босалқы жердегі жайылымдарды шалғайдағы жайылымға бекіту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда, Келес ауданы Жамбыл ауылдық округі бойынша шалғайдағы жайылымға шығару жобасы әзірленіп, жұмыстары атқарылуда.

2023 жылға ортақ жайылым көлемін 2 бағыт бойынша 1 015,0 мың гектарға ұлғайту жоспары бекітіліп, аудан, қала әкімдіктеріне тапсырма берілді. Бірінші бағыт бойынша 333,2 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне ортақ жайылымға қайтару көзделген. Екінші бағыт бойынша жалпы ортақ жайылым қажеттілігінен 681,8 мың гектарға төмендету, яғни елді мекендегі мал бастарын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру және аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын құру бағыттарында жұмыстар жүргізу жоспарланған.

Жер учаскелерін қайтару жұмыстары облыс әкімдігімен бекітіліп, кестеге сәйкес жүргізілуде. Ортақ жайылымға қайтарылған жер учаскелерін 2023 жылға бекітілген жоспардың орындалуы тұрақты бақылауға алынып, жыл қорытындысымен толығымен орындалатын болады.

Айта кетейік, 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1 012,0 мың га ұлғайту жоспарланып, жыл қорытындысымен елді мекен тұрғындары 1 034,8 мың га ортақ жайылыммен қамтамасыз етілді.

Иә, еліміз жер көлемі жағынан әлем бойынша 9-орында болғанымен, жердің жетіспеуіне қатысты мәселе жиі бой көрсететін болды. Соның бірі – ауылдағы ағайынға мал жаятын жайылымның тапшылығы. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Бас прокуратураға бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берген болатын. Бұл іске «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы да белсенді атсалысты. Комиссия мүшелері еліміздің әр өңірін аралап, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерді мемлекет меншігіне қайтарумен айналысып келеді. Мысалы, өткен жылы еліміз бойынша 5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне өтсе, оның 3 миллион гектары «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен іске асқан. Түркістан облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Аманкелдіұлы «Өткен жылы республикалық «Жер ама­наты» комиссиясы жұмыс тобының төра­ғасы, «AMANAT» партиясының хат­шы­сы Дәулет Кәрібек, партияның фрак­ция мүшелері Ерлан Сайыров, Жанарбек Әшім­жан және Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі Жер ресурстарын басқару ко­ми­тетінің төрағасы Мұрат Теміржанов об­лыс­­тық «Жер аманаты» жұмыс тобымен бір­лесіп бірқатар жұмыс атқарды. Атап айт­сақ, Ордабасы ауданы Ақсары елді ме­ке­ніне, Бәйдібек, Отырар, Төлеби ау­дан­дары және Арыс қаласы тұрғын­дары­мен кездесіп, республикалық деңгейде ор­тақ жайылымды ұлғайту бойынша ат­қа­рылып жатқан жұмыстар туралы түсін­дір­ме жұмыстарын жүргізді. «Жер аманаты» комиссиясының мін­деті – ауыл тұрғындарына жайылымның қол­жетімді болуын қамтамасыз ету. Жұ­мыс тобы облыстық Жер қатынастары бас­қармасымен және аудан, қала әкім­дік­те­рімен бірлесе отырып, елді мекендердегі ор­тақ жайылым көлемін ұлғайту мақ­са­тын­да 412,2 мың гектар жайылымды мем­­­лекет меншігіне қайтарды» — дейді. 

Жалпы, өңір бойынша ауыл шаруа­шы­лы­ғы мақсатындағы жер көлемі – 4518,5 мың гектар. Оның ішінде егістік – 875,3 мың гектар, көпжылдық екпелер – 27,5 мың гектар, тыңайған жерлер – 96,1 мың гек­тар, шабындық – 68,6 мың гектар, жайылым – 3333,6 мың гектар, өзге де жер­лер – 117,4 мың гектар. 

Ауыл шаруашылығы кәсі­п­орын­да­рын­дағы мал басына жайылым жеткілікті. Негізгі мәселе облыс елді мекендеріндегі жайы­лым тапшылығында болып отыр. 2021 жылы аудан, қалалар кесіндісіне сәй­кес, 174 ауылдық округтегі 826 елді ме­­­кенге талдау жасалып, жайылым тап­шылығы 3 867,8 мың гектар екені анық­тал­ған болатын. Содан кейін жайылымды қай­тарудың қадамдық алгоритмі бекі­ті­ліп, бірінші кезекте ең өзекті жайылым мә­селелері бар елді мекендерге басымдық бе­рілді. Нәтижесінде, 133 елді мекен маңын­дағы 135,8 мың гектар жер ортақ жайы­лым ретінде ауыл әкімшіліктерінің тең­гері­міне бекітілді. Облыс бойынша ортақ жайы­лым­ның көлемі – 748 мың гектар. 70 ауыл­дық округ (247 елді мекен) жайы­лым­мен қамтамасыз етілген соң жайы­лым тапшылығы 3119,8 мың гектар бол­ды. 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайы­лым көлемін 1 012,0 мың гектарға ұл­ғайту жоспарланып, қосымша 42 ауыл­дық округті (164 елді мекен) ортақ жайы­лым­мен қамтамасыз ету көзделген бола­тын. Осыдан кейін елді мекен тұрғындары 1 034,8 мың гектар ортақ жайылыммен қам­тамасыз етіліп, жоспар толығымен орын­далды. Жайылым тапшылығын жою үшін ауқымды жоспар құрылды. Мы­салы, елді мекен тұрғындарының жеке қо­салқы шаруашылығындағы мал басын шек­теу мен мал ұстау тәртібін белгілеу бойын­ша «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасына ұсыныстар енгізу. Со­нымен қатар Президенттің ауылдар­да­ғы шағын кәсіпкерлікті дамытуға ба­ғыт­талған 2,5 пайызбен несие беру тап­сыр­ма­сына дайындық ретінде жайылым қоры шектеулі аудандарда шағын мал бор­дақылау алаңдарын ашу және де коопе­ратив­терге біріктіру бағыттарында жұмыс жүргізу арқылы жайылым тапшылығын азайту. Шалғайдағы мал шаруашылығын да­мыту, оның ішінде жеке қо­салқы шаруа­шы­лықтардың малын шал­ғайдағы жайы­лымдарда маусымдық жаю арқылы жалпы жайылымдарға жүктемені төмендету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер­лер­ді ай­н­а­лымға енгізу үшін ұйымдас­ты­ры­латын конкурсты электронды формат­қа ауыс­тыру да маңызды міндет болып отыр. 2021-2022 жылдары ортақ жайылым­ға енгізілген жер телімдерінің карталары әзір­леніп, елді мекен тұрғындарына тү­сін­діру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде 2023 жылға арналған жоспарды әзір­леу үшін облыстық Жер қатынастары бас­қармасы аудан, қала әкімдіктерімен бір­лесіп, әрбір елді мекен бойынша жайы­лым қажеттілігіне талдау жасады. Соны­мен қатар жаңадан ашылатын шағын мал бордақылау алаңдарында ұсталына­тын мал басына да талдау жүргізіліп жа­тыр. 

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер­­ді ұтымды пайдалануға қатысты ав­то­маттандырылған мониторинг пен ба­­қылауды жүзеге асыру үшін «Жер инс­пек­торының кабинеті» (JerInSpectr) плат­формасы әзірленді. «JerInSpectr» жұмыс істеу тетігі жер қатынастары саласындағы уәкілетті ЖАО қыз­меткерлерінің және аумақтық бөлім­ше­нің жерді пайдалану және қорғау жө­нін­дегі мемлекеттік инспекторларының жерді пайдалануға қатысты заңбұзушы­лық­тарды анықтауына негізделген. 

Тұрғындарды жеке ауладағы мал ба­сына жайылым жетіспеушілігі, жеке тұр­ғын үй құрылысы үшін жер кезегіндегі аза­маттарға жер учаскесін беру мәселесі, Өн­дірістік кооператив мүшелерімен шарт­ты жер үлестеріне қатысты мәселе­лер, сондай-ақ тиісті құжаттары рәсімдел­мей құрылысы жүргізілген және заңсыз са­лынған тұрғын үйлерге қатысты туы­н­даған даулар мазалайды. Осы бағытта Сауран ауданы бойынша тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылып жатыр.

Естеріңізде болса, биыл 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды» — деген болатын.

Сондай-ақ, Ғалымжан Қарабайұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына айрықша көңіл бөлетінін жеткізді. Жиын соңында ауыл округінің әкімі Төребай Асқарұлына Жүйнектегі жұмыстарды жүйелеуді тапсырды. Алдағы уақытта ауданның қарқынды дамуы үшiн ауыл шаруашылығы және құрылыс, коммуналдық мәселелердi шешу, инвестиция тарту жұмыстары жанданатынына ауыл тұрғындары сенім білдірді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.