Түркістан облысы: Сауран ауданының құс шаруашылығын дамыту әлеуеті зор

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары құс шаруашылығын қалай дамытуға болады деген тұрғыда халық арасында кеңінен ақпарат беріп жатыр. Сауран ауданына табан тіреген аталмыш басқарманың бас маманы Айжан Коспаеваның айтуынша, құс бақсаң, ұтылмайсың. Құс өсіруге біздің климат та ыңғайлы. Әрі тез көбейеді. Еті мен жұмыртқасы жоғары сұранысқа ие.

Күнгей өңірде соңғы 20-30 жылдың бедерінде алға баспай қойған саланың бірі құс шаруашылығы болып тұр. Қазір таңда облысқа құс еті мен жұмыртқа сырттан тасымалданады. Сырттан келетін өнім сәл іркілсе, базар мен дүкен бағасы аспандап шыға келетініне халық үйренген. Соған сәйкес, бүгінде Түркістан облысы көлемінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына өз кәсібін ашу және дамыту мақсатында мемлекет тарапынан 2,5 пайыз мөлшерде несие берілуде. Облыс көлемінде құс басының күн-күнге төмендеуіне байланысты аталған бағдарламаның 3 бағытында «Құс шаруашылығы» қаралған. Мақсат — сол салаға ауыл тұрғындарын қызықтыру. Өз кәсіптерін ашуға қолдау көрсету.

Елімізде импортқа тәуелді азық-түлік түрінің бірі — құс еті. Оның 56 пайызын сырттан тасымалданады. Облыс бойынша халық санына шаққанда 1 адам жылдық норма 243 дана қажет етсе, оның 108 данасы ғана жетіп отыр. Құстардың жылына 300 рет жұмыртқалайтын ломан және леггорн тұқымды түрлері бар. Шаруа бастаймын деген кәсіркердің таңдауына байланысты. Тауық бағуға да тиянақты дайындық керектігін ескерген жөн. Құстың қай түрі болмасын 8-9 ай ғана өнімді жақсы береді.

Жер жүзіндегі халық саны жедел өсіп жатыр. Осыған байланысты алда адамзаттың етке сұранысын мал шаруашылығы өтей алмайды. Бұл тарапта құс шаруашылығы әлдеқайда тиімді. Баққан малдың пайдасын көру үшін кемінде бір жыл жұмсайды. Құстың өсімділігі одан әлдеқайда тез. Мысалы, бройлер тауықты 40-50 күнде сойып, 2-3 килограмм ет алуға болады.

«Ауыл аманаты» бағдарламасын түсіндіруші жұмысшы топ Сауран ауданының тұрғындарына осы бағытты кеңінен насихаттады. Жиынға Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы, Сауран ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі және «Ырыс» МҚҰ мамандары қатысты.

Естеріңізде болса, биыл жыл басында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы әзірленген болатын. Тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған. Тұжырымдама шеңберінде 2023 жылы келесі көрсеткіштерге қол жеткізілетіні тайға таңба басқандай көрсетілді:4 бірлік ірі құс фермаларын ашу және жалпы 270,0 мың басқа отбасылық құс шаруашылықтарын ашу. Сонымен қатар, құс шаруашылығында 5000 бастан жоғары 365 бірлік отбасылық құс фермасын, 18 бірлік құс фабрикасын ашу есебінен, облыс халқын құс етімен қамтамасыз ету көлемін 11,6 %-дан 45% -ға,  жұмыртқамен қамтамасыз ету көлемін 45 %-дан – 60 %-ға жеткізілетін болады.

– Ауыл шаруашылығы — Түркістан өңірінің экономикасының негізгі және жетекші саласы. Бұлай дейтін өз жайы бар. Сондықтан Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы біз үшін өте маңызды. Оны жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек. Мақсат – нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді қамтамасыз ету. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға тиімді бағытталуын қатаң қадағалау маңызды, – дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Біздің ойымызша, Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 5 жылға арналған тұжырымдамасы агроөнеркәсіптік кешенді дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын нығайтуға және саланың экспорттық бағдарын күшейтуге мүмкіндік береді.

Шыңдығында да, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіп­сіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байла­нысты мәселелерді шешу мақса­тында жобаланып, жүзеге асыры­лып жатқан «Ауыл аманаты» мем­ле­кет­тік бағдарламасына барша бұ­қа­ра қатты мүдделілік танытып отыр.

Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам  тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қа­жет­ті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.

Сөйтіп, былтыр Жамбыл облысында басталған қанатқақты жоба биыл еліміздің бүкіл өңірін қамтитын бағдарламаға айналып отыр. Алғашқы болып жобаны Ақтөбе облысы іске асыра бастады.

Жыл басында өткен жобаға жол ашып берген алқалы жиында «Amanat» партия­сының төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсар­туға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облы­сының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атау­лы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеді. Үкімет пен «Amanat» партия­сының міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру аса маңызды», — деген еді.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдік­тер қарастырылған? Бағдарлама бо­йынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сон­дай-ақ техниканы лизингке рәсімдеу­ге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңна­ма бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банк­тен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зей­неткерлік жасқа толмаған жұмыс­керлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарлар­ды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнін­дегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруа­шылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен төмен өндіріс­тік коопе­ративтердің мүшелері ала алады.

Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өт­кен жарнаның, мемлекеттік кірістер ор­ган­дарында берешектің болмауы талап етіледі.

Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік коо­перативке өткізу талап етіледі.

Жобаны іске асыруға 2023 жылы респуб­ликалық бюджетте 52,4 миллиард теңге (11 мыңнан астам шағын несие) көздел­ген. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер қаражат­қа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерге скрининг жүргіз­ді. «Amanat» партиясы жанынан азамат­тар мен әкімдерді әдіснамалық сүйеме­лдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабыл­дау және қаражатты бөлу үдерісінің монито­рингін қамтамасыз ететін жобалық кеңсе құрылып, қызмет етті.

«Ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу – «Amanat» партиясының негізгі басымдықтарының бірі. Ауылда 7,7 миллион адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай та­бы­сының айырмашылығы 38%-ды құ­райды. «Ауыл аманаты» жобасы осы ол­қы­лықтың орнын толтыруды көздейді.  Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға, шұғылданып жүрген кәсіптерін әртарап­тандыруға көмектесеміз», — дейді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтар­ды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіп­кер­лікті ашу арқылы халықтың табы­сын арттыруға және азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағ­дар­ла­мада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсе­тіл­гендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғы­лық­ты азаматы болуы керек. Егер кепіл бол­маған жағдайда туыстардың кепілін пай­далануға болады. Шағын несиелер халық­қа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады.

Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.

Қашанда қағажу көріп жүретін ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөң­гелетіп отырған шаруасы бар көп­теген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.

«Ауыл аманаты» – оңтайлы бағ­дар­лама, 2,5%-бен, бірінші жылға арналған жеңіл­дікпен және ауылдық жыл­жымайтын мүлік кепілімен қазірде бірде-бір қаржы ұйымы қарыз бермейді. Біз бұл бастаманы қолдауға, тиімді пайдалануға, нәтижелі іске асыруға дайынбыз. Себебі жергілікті ауыл шаруа­шылығы өнімдері – елімізді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудің бір көр­сеткіші», — дейді саурандық кәсіпкерлер.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.