Түркістан облысы: Төлеби ауданының әкімі балық шаруашылығын дамытуға ниетті кәсіпкердің мәселесіне құлақ түрді

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендер бірнеше мәселені көлденең тартты.

Ең алдымен Зертас елді мекенінің тұрғыны әрі кәсіпкер өзінің дайындап келген жеке инвестициялық бағдарламасын аудан басшысына таныстырды. Ол өз кезегінде балық шаруашылығын қолға алу үшін арнайы орын қажеттігін айтып, конкурс арқылы оны сатып алу мүмкіндіктерін сұрастырды. Заңгер жерді заңдастыру құжаттарын арнайы бағдарлама арқылы жібергенімен, қаулы дайындау мерзімінде кемшілік орын алғанына шағымданды. Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы орын алған олқылықтарды тез арада реттеуді тапсырып, нәтижесін бақылауында ұстайтынын айтты.

Негізі еліміз қолайлы табиғатының арқасында балық шаруашылығының айтарлықтай қуатты қорына ие болса, бұл бағытта экспорттық әлеуеті де жоғары. Ал, таулы ауданда орналасқан Төлеби жерінің табиғи су қорының мүмкіндіктеріне қарай балық шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Балық өнеркәсібінің негізгі түрлері балық аулау және оны көбейту, оның өнімдерін өңдеу болып табылады. Тұрғындардың сұранысына орай, ауданда балық шаруашылығына ден қойған кәсіпкерлер саны артып келеді. Аудан аумағында балық өсірумен 7 кәсіпкер айналысса, оның екеуі былтыр кәсіптерін іске қосты. Кәсіпкерлер шағын бассейн ашып, балық өсіріп, көбейтуді жолға қойған. Айталық, Бірінші Мамыр ауылдық округінің тұрғыны жеке кәсіпкер Навруз Мурадов үй іргелік 0,25 гектар жеріне балық ұстауға арналған бассейн жасап, 3000 дана сазан, 2000 дана карп балықтарын өсіріп отыр. Сондай-ақ, аталған елді мекендегі жеке кәсіпкердің 0,5 гектар жердегі бассейнге 10000 дана сазан, 5000 дана мөңке балық (карась), 2000 дана карп балықтарын өсіруді жолға қойған. Көксәйек ауылдық округінде орналасқан «Сақ» демалыс аймағының шаруашылығында 3 көлде карп пен форель балықтары өсірілуде. Бұған қоса, келушілер үшін балықты өз қолдарымен аулап, ауланған балығынан ас әзірлеуіне мүмкіндіктер қарастырылған. Сондықтан болар, тұтынушылар өздері аулаған балықтарын қуырып жеп, табиғат аясында тынығу үшін арнайы келеді. Демалыс орталығында киіз үй, сақ моншасы да қызмет көрсетеді.

Көксәйек ауылдық округіндегі «Сақ» демалыс аймағы 3 гектар аумақты алып жатыр. Шаруашылықта 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 100 мың көлемінде орта жалақы табыс табуда. Бүгінгі күні аудан аумағында балық өсіру мен оны аулауды қарқынды дамытуға қолайлы жағдайлар бар. Тауарлы балықты өсіру және өсімін молайтушылар үшін мемлекет тарапынан субсидия бөлініп, жеңілетілген несиелер берілуде. «Сақ» демалыс аймағы 3 бассейнде 10 мыңнан астам балық өсіріп жатыр.

Осы тұста қажетті деректер мен дәйектерді де сөйлете кетейік. Өткен жылы Төлеби ауданы бойынша балық өсіру шаруашылығы саласына 100 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бүгінде арнайы бассейнде 13 мың дана сазан балығы өсіріліп жатыр. Өнеркәсіп саласында өткен жылы ауданда 41 миллиард 480 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Ал биыл оны 46 миллиард 126 миллион теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласының өнім көлемі 61,6 миллиард теңгені құраған. Яғни егін шаруашылығы саласында 24 миллиард 446 миллион теңгенің өнімі өндірілсе, мал шаруашылығы саласында 37 миллиард 238 миллион теңгені құрады.

Ал жалпы өңірге келсек, биыл Түркістан облысында «Балық шаруашылығын дамы­ту­дың өңірлік бағдарламасы» шеңберінде 6 640 тонна балық өсіру жоспарланып отыр. Бірінші тоқсанның қорытындысы бо­йынша 2 559 тонна өндірілген.

Түнеугүні балық шаруашылығына қа­тыс­­ты құзырлы мемлекеттік ор­­ган­дар және аудан, қала әкімдік­терінің салаға жауапты орын­басарлары мен шаруа қожалықтың иелері қатысқан жиында облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жануарлар дүние­сін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов өңірде 2030 жылға дейін тауарлы ба­лық өсіру көлемін 20 мың тон­наға жеткізу жоспарланғанын мәлім етті. Облыста жергілікті ма­ңызы бар 104 су айдыны 88 таби­ғат пайдаланушыға бекітіліп беріл­ген. Тауарлы балық өсірумен 146 кә­сіпкерлік субъектісі айналы­са­ды.

Балық шаруашылығын дамы­ту­ға мемлекеттік қолдаулар көр­се­тіледі. Мысалы, акваөсіру бо­йынша биылға жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа суб­сидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдар­ды суб­сидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 миллион теңге қаралған. Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүр­гізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті ма­ңызы бар 21 су айдынында та­биғат пайдаланушылармен ке­лісімшарт талаптарының мер­зі­мінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.

Жиында бірқатар ұсыныстар да айтылды. Мысалы, су айдындары мен тоғандардың аймағынан шаруашылықтарды дамыту үшін жер телімдерін рәсімдеуді уақ­ты­лы, тез арада заңдастыру, ба­лық шаруашылықтарының көлемі мен санының көбеюіне байланысты, акваөсіру бойынша кеткен шығындардың көле­мін субсидиялауға қосымша қаржы бөлу қажеттігі айтылды. Бұл орайда облыс әкімі балық шаруа­шылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету және жаңадан балық шаруашылығы нысандарын ашу жоспарын орындауды жүктеді.

Сондай-ақ облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашы­лы­ғын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді, экспортқа ден қоюды тапсырды. Балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет еке­ні айтылды.

«Балық шаруа­шы­лығымен айналысатын кәсіп­кер­лерге жан-жақты қолдау көр­сетілуі керек. Инвесторлар тарту маңызды. Балық азықтары мен балық өнім­дерін өңдейтін зауыт, кәсіпорын ашуға ниет білдірген тұлғаларға жаңадан және табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітілген су айдындары мен жұмыс іс­теп тұрған тоғанды балық шаруашылықтарын одан әрі дамыту мақсатында ай­на­ласынан жер учаскелерін беруді қарастыру қажет. Ба­лық шаруашылығын дамыту мақ­сатында 2023-2025 жыл­дар­ға арналған жаңадан балық шар­уа­шылығы нысандарын ашу жоспарының орындалуы қам­тамасыз етіліп, атқарылған жұмыстар бойынша әр тоқсан сайын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына есебі берілуі керек. Балық шаруашылығымен айналысушыларға кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілсін. Конкурстық негізде балық шар­уа­шылығын жүргізу үшін бе­кі­тіліп берілген жергілікті ма­ңызы бар су айдындарында табиғат пайдаланушыларымен атқарылған жұмыстарына талдау жүргізіліп, шарт талаптарын орындамаған табиғат пайдаланушылармен шартты біржақты бұзу шаралары атқарылуы тиіс. Заңға сәйкес резервтегі су айдындарын конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жұмыстары жалғасады», — деді облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.

Ал облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы  Қайрат Абдуалиев: «Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыста тауарлы балық өндіру көлемі 20 мың тонна болып бекітілген. Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады», – дейді.

Айта кетейік, балық шаруа­шы­­лы­ғымен айналысатын 14 кә­сіпкер «Түркістан ӘКК» акцио­нер­лік қоғамы арқылы 5,4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тонна болатын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оған қосымша 2023-2024 жылдары жеке инвесторлармен 1 млрд 700 млн теңгеге балық азықтарын шы­ғаратын, қуаттылығы жылы­на 10 мың тонналық 2 зауыт ашу жос­парланып, жұмыс жүр­гі­зіліп жатыр.

Расы керек, Қазақстан балық ресурстарына өте бай. Елдің экономикалық дамуында балық шаруашылығы ерекше рөл атқара алады. Соңғы уақытта бұл салада үлкен жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда Үкімет қабылдаған бастамалардың арқасында балық шаруашылығы айтарлықтай сәтті дамуда. Қазақстан өзінің бай және бірегей табиғатының арқасында балық шаруашылығының айтарлықтай қуатты қорына ие. Бұл бағытта  экспорттық әлеуеті де жоғары. 

Балық өнеркәсібінің негізгі түрлері — балық кәсіпшілігі (балық аулау), балықты көбейту (балық өсіру) және балық өңдеу.

2022 жылы елдегі балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі шамамен 66 мың тоннаны құрады. Оның ішінде балық аулауға 45 мың тонна, балық өсіруге — 7,4 мың тонна, импортқа — 43,5 мың тонна, экспортқа — 30 мың тонна өнімнен келеді. 

Қазақстан мұхит балығы мен теңіз өнімдерін импорттайды. Олар — майшабақ, скумбрия, асшаян, мидия және басқалары. Бұл өнімдер Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдерінен импортталады

Өз кезегінде, Қазақстан жыл сайын шамамен 60 млн АҚШ доллары сомасына 36 жақын және алыс шет елдерге 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды.

Негізінен балықтың жон еті, қақталған-ысталған өнімдер және мұздатылған балық еті экспортталады. Мысалы, көксерке еті Еуропалық одақ елдерінде (Германия, Нидерланды) қазақстандық бренд болып табылады, қақталған-сүрленген өнім Ресейге, Украинаға, Литваға, Қытайға және басқа елдерге экспортталады. Бұл ретте біздің жанымызда экспорт үшін маңызды әлеуетті нарықтар бар.

Қазақстанда жан басына шаққанда балықты аз тұтынады. Айталық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден келеді. Өз кезегінде, көршілес Ресейде адам басына 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынылады. Осылайша, шекара маңындағы аудандарды ескергенде, балық өнімдерінің экспорттық потенциалы 3 млн тоннадан асып түсуі мүмкін.

Бүгінгі таңда Қазақстанда мыңнан астам балық шаруашылығы субъектілері жұмыс істейді. Оларға 1646 балық шаруашылығы су айдыны мен олардың учаскелері бекітілген. Салада 11 мыңнан астам адам жұмыс атқарады. 2022 жылы 45 мың тонна балық ауланған. 

Табиғи су қоймаларының балық қорын пайдаланудың шегі бар екені белгілі, ал көптеген су қоймаларында балық ресурстарының азайғаны байқалады. «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Қ. Исбеков балық өнімдерін ұлғайтудың жалғыз баламасы акваөсіру болып табылады деп есептейді.

«Теориялық тұрғыдан алғанда, балық шаруашылығының әлеуеті 600 мың тоннаны құрауы мүмкін, бұл ретте негізгі үлесі — 80%-дан астамы Маңғыстау облысының орта Каспий акваториясына тиесілі, мұнда тормен өсіру технологиясы бойынша Каспий албырты мен бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіруге болады. Осылайша, біз экспорттық әлеуетті көтеріп қана қоймай, импортты алмастыруды да жүзеге асыратын едік (ақсерке-албырт балығы)», — дейді Қ. Исбеков.

Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мәліметі бойынша, акваөсіру саласы ақуыз өнімдерін өндіруде әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт болып табылады. 

Мәселен, өсірілетін балықтың әлемдік көлемі 60 жыл бұрын небары 1 млн тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 млн тоннадан асып түседі. Бұл ретте, соңғы 25 жылдың өзінде акваөсіру көлемі 67 млн тоннаға немесе 450%-ға өсті. Ал балық аулау көлемі — тұрақты деңгейде.

Қазақстанда балық өсіру саласының потенциалы өте жоғары. Соңғы 7 жылда өсірілген балық көлемі 9 есе, яғни 800 тоннадан 7,4 тоннаға дейін өсті. Елімізде осы шаруашылықпен 180 балық өсіру шаруашылығы айналысады, онда мыңнан астам адам (1126) жұмыс істейді. 

Жасанды балық өсіру шаруашылықтары бұдан да көп болуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған жан басына шаққанда 16 келі балық тұтыну нормасына қол жеткізу үшін шамамен 300 мың тонна балық өсіру қажет. 

Балықты жасанды өсіру бойынша Түркістан облысы көшбасшы болып табылады, оның көлемі 5 мың тонна (68,7%). Ал Алматы облысында шамамен 1000 тонна (12,8%), Солтүстік Қазақстан облысында 380 тонна және Шығыс Қазақстан облысында шамамен 300 тонна балық өсіріледі.

«Балық шаруашылығының қандай мәселелерін шешу қажет?» деген мәселеге тоқталсақ.

Үкімет бизнеспен бірге талдау жүргізіп, 3 басты мәселені анықтады. Олар — су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге бейімдеу, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын арттыру.

Бірінші. Еліміздегі су қоймаларын зерттеу нәтижесінде арасында әлеуеті жоғары деген су қоймалары анықталды. Өткізген зерттеудің аясында осы жерлерде жылына 600 мың тонна балық өсіруге болатыны белгілі болды. Осыны негізге ала отыра, балық өсіру өңірлерге бөлініп, схемасы жасалды. Мысалы, Түркістан облысындағы Шардара су қоймасы тұқы және бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру үшін қолайлы болса, Шығыс Қазақстандағы Өскемен, Бұқтырма су қоймаларында ақ сақа, алабалық тұқымдас балықтарды өсіруге болады. Ал Алматы облысындағы Бартоғай және Қапшағай су қоймалары мен Балқаш көлі алабалық, тұқы балықтарын, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары ақ сақа және тұқы түрлерін өсіру үшін қолайлы. Өз кезегінде, Маңғыстау облысында албырт және бекіре балықтарын, Қызылорда облысындағы Арал теңізінде тұқы балықтарын өсіруге болады.

Сонымен бірге, өңірлер ТСҚ, яғни тұйықталған сумен қамтамасыз етілген технологиясын пайдалана отырып, тоған және бассейндік шаруашылықтар сияқты балық өсірудің басқа да бағыттарын дамыта алады. 

Жақында балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы балық өсіру шаруашылықтарының типтік жобаларын әзірледі. Бұл бизнеске қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолайлы шаруашылық типін, өсірілетін балық түрін таңдауға мүмкіндік береді.

Екінші. ҚР ЭГТРМ қолданыстағы заңнамаға талдау жасап, мынадай басты проблемаларды анықтады. 

  1. Су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтары мен құрылыстарын салуға тыйым салынуы. 
  2. Балық өсіру кезінде суды тұтыну үшін артық төлем алынуы.Бұл жерде, балық өсірушілер алынған судың барлық көлемі үшін төлейді, ал қайтарылатын судың көлемі ескерілмейді. 

Осылайша, булану және сүзгілеу түріндегі шығындар үшін ғана төлем төлеуді ескеру қажет.  

  1. Жергілікті маңызы бар су айдындарының көп бөлігі берілмеген (49%). 
  2. Тоғандар мен балық өсіру бассейндерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту қажеттілігі. 
  3. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге балық өсіру шаруашылықтарын салу кезінде шығынды өтеу қажеттігі. Бүгінде тек балық өсіретін питомниктер ғана шығынды өтеуден босатылған. 

Министрлік Салық, Су, Жер кодекстерне, сондай-ақ «Жануарлар әлемін қорғау, өсіру және пайдалану», «Архитектура, қала құрылысы және құрылыс жұмыстары туралы» Заңдарға өзгерістер әзірлеп, оларды тиісті заңнамаға енгізді. Түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр және күзде Парламентке енгізілетін болады. 

Акваөсіру сәтті дамыған бірқатар елдерде балықты жасанды өсіру саласындағы қатынастарды реттейтін жеке заң бар. Сондықтан ҚР ЭГТРМ «Акваөсіру туралы» Заңды әзірлеу қажет деп санайды. 

Үшінші. Балық өсіруді дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары жеткіліксіз болып тұр. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шаралары балық питомниктері мен көл-тауарлы балық өсіру шаруашылықтарына арналған жем, техника мен жабдықтарға арналған. 

Алайда, көбінесе әкімдіктер балық өсіруді субсидиялау үшін қаражатты қалдық қағидат бойынша ғана бөліп отыр, балық өсіруді басым бағытқа санамайды.

«Жүргізілген талдауға сәйкес, 2019 жылдың қорытындысы бойынша балық азығына 407 млн теңге субсидия бөлінді. Субсидиялаудың жалпы көлемінің 81,5%-ы немесе 33) млн теңгесі Түркістан облысына тиесілі. Жоғарыда атап өткенімдей, бұл аймақ балық өндіру бойынша көшбасшы болып тұр. Басқаша айтқанда, бұл балық саласын дамытудың бөлінетін субсидиялау көлеміне тікелей тәуелді екенін білдіреді. Осыған орай, балық өсіруді субсидиялау үшін өңірлерге трансферт көлемін ұлғайтуды сұраймыз», — дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жауаптылары. Осыған байланысты, ҚР ЭГТРМ қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын қосымша субсидиялаумен кеңейту мәселесін пысықтады. 

Бірінші. Субсидиялаудың жаңа түрлерін енгізу мәселесі. Бұл балық өсіру-биологиялық негіздемелер құнының 50% дейінгі субсидиялар, балық шабақтары мен бағалы балық түрлерінің аналық табындарын сатып алу және ұстау шығындары және т. б. 

Екінші. Бұл тор ішінде балық өсіру шаруашылығын, сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар балық өсіру шаруашылығын, сондай-ақ қайта өңдеу жөніндегі кешендерді құруға және кеңейтуге жұмсалған шығындарды өтеу. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктері бұл ұсыныстарды қолдады.

Осылайша, еліміздегі су ресурстарын ескере отырып, өсірілген балық көлемін 600 мың тоннаға дейін арттыруға, экспорт көлемін 10 есеге ұлғайтуға, шамамен 500 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тартуға балық шаруашылығының әлеуеті жеткілікті екенін айта кету керек, бұл ретте бюджетке салық түсімдері жылына 28 млрд теңгеге жуықты құрайтын болады. 

Бұдан басқа, бұл шамамен 10 мың қосымша жұмыс орнын құруға және халықтың табысын көбіне ауылдық жерлерде арттыруға ықпал етеді. 

Проблемалық мәселелерді кешенді шешу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі аквамәдениетті дамытуды мемлекеттік қолдау мақсатында 2018 жылдан бастап тауарлық балық өсіру кезінде жемшөпті субсидиялау бойынша бюджеттік бағдарламаны іске асыруда.

Балықтың тұқы, бекіре, албырт сияқты басым түрлері субсидияланады. Бағдарлама жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Биыл қолдау мақсатында 430 млн теңге қарастырылды. А.ж. 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша  350,4 млн теңгеге  субсидия төленді (79%-ы игерілді). Қазіргі уақытта 27 балық өсіретін кәсіпорын субсидиямен қамтылуда. 

Бұдан өзге, бизнес пен «Атамекен» ҰКП ұсыныстары негізінде 2020 жылғы 4 тамызда ҚР АШМ инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрықты бекітті. Толықтыруларға сәйкес, қуаты 20 тоннадан бастап тұйықталған сумен жабдықтау (ТСЖ) арқылы балық өсіретін кәсіпорын және қуаты 40 тоннадан бастап тауарлық балық өсіретін орнықты шаруашылықтары құрылысының құнын 25% дейін субсидиялау көзделген.

Сонымен қатар қолданыстағы қағидалар аясында көл-тауар шаруашылықтарына арналған жабдықтар мен техниканың құнын 25%-ға дейін субсидиялау қарастырылған. 2019 жылы 450,1 млн теңге сомасына 6 шаруашылық субсидияланды. 

Сонымен қатар, Жамбыл облысының әкімдігі 10 млн теңге көлемінде қосымша қаражат бөлуді қарастыруда. 

Соңғы 10 жылда балық шаруашылығы бойынша жалпы өндірістік қуаты 3,26 мың тонна балық өнімін құрайтын 13,9 млрд теңге сомасына 13 жоба қаржыландырылды.

Атап айтқанда, биыл «AGCO Corporation» америкалық компаниясын тарта отырып, Ақмола облысында қуаттылығы жылына 500 тонна форель өсіру бойынша жабық үлгідегі балық өсіру кешенін салу жобасы мақұлданды. Қаржыландыру үшін бірінші транш бөлінді. 

Ақтөбе облысында қуаты жылына 1500 тонна болатын «Мұрагер-2» ЖШС балық өсіру жобасының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 75% аяқталды. Жобаны қаржыландыру «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

ҚР АШМ қазіргі уақытта субсидияланатын балық түрлерінің тізбесін кеңейту, жемшөпті субсидиялау үшін сом және сига балық түрлерінің тізбесіне енгізу мәселелерін қарастыруда. 

«ҚазАгро» Холдингі» АҚ-ның еншілес компаниялары балық өсіру және қайта өңдеу бойынша 15 жобаны іске асыруды қаржыландырды. Бұл жобалардың көпшілігі Атырау, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында орналасқан. 

Қаржыландырылған 15 жобаның жалпы құны 14,4 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде несие көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрайды.

Жобалардың жиынтық өндірістік қуаты 4 мың тоннадан асады, оның ішінде қайта өңдеу көлемі 1,9 мың тоннаны құрайды.

Балық өнімдері ішкі және сыртқы нарықтарда сатылады. 2019 жылы экспортқа 743 тонна өнім жөнелтілді.

Қаржыландырылған жобалардың көпшілігі сумен жабдықтаудың тұйықталған қондырғылары технологиясын (15 жобаның 9-ы) пайдаланады. Бұл ретте инвестициялардың негізгі көлемі бекіре балығы мен уылдырық өндірісіне (9,4 млрд теңге немесе барлық жобалар құнының 65%-ы) бағытталады.

Қазіргі уақытта тауарлы балық шаруашылығын қаржыландыру бойынша негізгі оператор Аграрлық несие корпорациясы болып табылады.

Қарыздар жабдықтарды сатып алуға, құрылыс-монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға беріледі.

Несиелер келесі мақсаттарға берілуі мүмкін:

  • көл шаруашылықтары және жайылымдық аквакультура өсіру;
  • тоған шаруашылықтарын дамыту;
  • торлы шағын шаруашылықтар құру;
  • сумен жабдықтаудың тұйық қондырғылары негізінде балық өндіру;
  • балықты қайта өңдеу және балық өнімдерінің алуан түрлерін өндіру.

Жабдықтар мен технологияларды қарыз алушылар өздері таңдайды.

Балық шаруашылығын дамытуға несие екі бағдарлама — «Агробизнес» және «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша беріледі. Осы бағдарламалар бойынша қарыз берілетін ең ұзақ мерзім — 10 жылға дейін. 

«Агробизнес» бағдарламасы бойынша сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық қор қаражаты есебінен 6%-ды құрайды. Республикалық бюджет қаражаты есебінен берілетін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі 8% құрайды. Жеңілдікті кезең — 2 жылға дейін.

Қарыздар тікелей және несиелік серіктестіктер жүйесі арқылы беріледі. Бұдан басқа, қарыз алушыларға несие беруді жалғастыру үшін екінші деңгейлі банктерді қорландыру мүмкіндігі көзделеді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несие мөлшерлемесі 15%-ды құрайды, ол субсидияланады. Негізгі құралдарды сатып алуға және соңғы қарыз алушы үшін құрылысқа қарыз алған кезде сыйақы мөлшерлемесі 5%-ды құрайды. Айналым қаражатын толықтыруға арналған несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 6% құрайды. Жеңілдікті кезең қарыз мерзімінің үштен бірін құрайды. Қарыздар қарыз алушыға тікелей, сондай-ақ несие серіктестіктері арқылы беріледі.

Кредиттік өнімдер бойынша егжей-тегжейлі консультациялық қызметтер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның республиканың барлық өңірлерінде орналасқан филиалдарында көрсетіледі.

 Балыққа бай тағы бір өңір — Түркістан облысы. Мұнда тауарлы балық шаруашылығы (акваөсіру) ерекше дамыған. Аймақ өсірілетін балық көлемі бойынша — бірінші орында.

Облыста тауарлы балық өсіруге жарамды көлдердің саны — 134 бірлік, жалпы ауданы 25 475 гектарды құрайды. Оның ішінде 23 жергілікті маңызы бар су айдыны табиғат пайдаланушыларға балық шаруашылығы мақсаттары үшін берілді, конкурсқа жергілікті маңызы бар 21 су айдыны қосымша берілді.

Бүгінгі таңда өңірде балық шаруашылығымен жылдық қуаты 8 мың тоннадан асатын 68 кәсіпорын айналысады. Олардың ішінде 3 ірі кәсіпорын жұмыс істейді: Шардара ауданындағы «Хамит» ӘКК, Сайрам ауданындағы «Көмеш балық» ЖШС, Түлкібас ауданындағы «FIRST FISH COMPANY» ЖШС.

«Хамит» ӘКК базасындағы ірі кәсіпорындардың бірі экспорттаушы елдің талаптарына сәйкес балық сүбесін, кептірілген және тұздалған балықты қайта өңдеу болып табылады. Сонымен қатар, қалдықсыз өндірісті қамтамасыз ету мақсатында балық сүйектерінен ұнтақталған жем дайындау цехтары қайта құрылып, толық жұмыс істеуде.

Өңірде Қытайдың заманауи технологиясы бойынша әзірленген, қуаттылығы сағатына 5 тонна құрама жем өндіретін «Көмеш балық» ЖШС ірі зауыты іске қосылды.

«FIRST FISH COMPANY» ЖШС тұйық жүйенің су (ТЖС) қондырғысында бағалы балық тұқымдарын (бекіре, форель) өсіреді. Зауыт құрылысы Дания технологиясы бойынша салынып, толықтай автоматтандырылды.

Ауыл шаруашылығы өндірушілерін қазіргі заманғы технологиялармен ынталандыру үшін биылғы жылы «Жылына 20 тонна тауарлы балық өсіру үшін сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар балық өсіру объектісін құру және кеңейту немесе жылына 40 тонна тауарлы балық өндіру үшін тор желісін қолдана отырып, балық өсіру шаруашылығын құру үшін жабдық сатып алу» жаңа жобасының паспорты әзірленді, паспортқа сәйкес инвестициялық салымдардың 25%-ы өтеледі.

Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен және құқық қорғау органдарымен бірлескен іс-шара аясында балық аулау қағидалары талаптарын бұзу бойынша 154 әкімшілік оқиға анықталды. Олар бойынша 154 жеке тұлғаға 2 408 теңге көлемінде айыппұл салынды, оның ішінде 143 тұлғадан 2 089 теңге өндіріліп алынды. 

Сонымен қатар, балық өнімдерінің экспорты артып келеді. Атап айтқанда, 2019 жылы Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай, Өзбекстан елдеріне 3 156 тонна балық өнімі экспортталды. 2020 жылдың 8 айында 1 690 тонна өнім экспортталды.

Балық шаруашылығында пайдаланылатын азықты сатып алуға мемлекет тарапынан қабылданған шығындардың 30%-ын субсидиялаудың бюджеттік бағдарламасы осы саланың дамуына оң әсерін тигізуде.

«Хамит» ӘКК басқарма төрағасы Б. Серманизов кооперативтің жұмысы туралы толығырақ айтып берді.

ӘКК қызметінің негізгі түрлері — балық аулау, балық өсіру, балықты қайта өңдеу және оны өткізу. 

Бүгінгі таңда ұйымда тұрақты түрде 250 адам жұмысқа орналасқан, орташа жалақы мөлшері 150 мың теңгені құрайды.

2010 жылы кәсіпорында ИСО 9001-2000 халықаралық стандарттары және ИСО 22000-2005 тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі стандарты енгізілді. 2011 жылы кәсіпорынға Еуроннөмір берілді, бұл Еуропалық Одақ елдеріне балық экспорттауға құқық берді.

Бүгінде зауыттың өндірістік қуаты жылына 6 мың тонна шикізатты өңдеуге мүмкіндік береді. Оның ассортиментінде тірі балық, мұздатылған, кептірілген, ысталған балық өнімдері және балық ұны бар. Кәсіпорын өндіретін барлық өнімдер ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие, сондай-ақ Еуропалық Одақ елдеріне, Ресейге, Украинаға, Израильге, АҚШ-қа, Қытайға экспортталады. Барлық өндірілетін өнімнің 75%-ы шетелге экспортталады. Бәсекеге қабілеттілігі мен жоғары сапасының арқасында кәсіпорын өнімінің тұрақты өткізілуі қамтамасыз етіледі.

Жыл сайын кәсіпорын 130 млн теңгеге жуық салық төлейді.

Өнімді өндіру үшін Шардара су қоймасынан алынған шикізат пайдаланылады, бұдан басқа қазақстандық балық шаруашылығы ұйымдарынан (Каспий, Арал, Зайсан) шикізат сатып алынады, сондай-ақ Ресей аумағынан әкелінеді. Дегенмен, қуаттылықты толық жүктемелеу үшін шикізат жетіспейді.

«Осыған байланысты, зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін біз 2015 жылдан бастап балық өсірумен айналысамыз. Компания инкубациялық цехта дернәсілдерін алудан бастап, тауарлы балық өсіруге дейінгі балықты өсірудің толық циклін жүзеге асырады. 2015 жылы біз Түркиядан 60 мың АҚШ доллары сомасына торлар сатып алдық және Шардара су қоймасында балықты шарбақпен өсіру бойынша жоба іске қосылды», — дейді Б. Серманизов.

Қазіргі уақытта торлардың өндірістік қуаты жылына 350 тонна балықты құрайды, онда тұқы, бекіре және Африка жайыны өсіріледі.

Сонымен қатар, Қызылқұм каналының бойындағы тоған шаруашылығының жобасы іске қосылды, оның жобалық қуаттылығы 24 млн дана дернәсіл мен 2 млн дана жас шабақты құрайды.

Сондай-ақ су қоймасын одан әрі балықтандыру мақсатында балықтың торта, қылышбалық, шнайка, табан, торта және көксерке сияқты кәсіпшілік түрлерінің жасанды өсімін молайтуды жүзеге асыру жоспарлануда.

Бұдан басқа, жобалық қуаты жылына 200 тонна болатын торларда және ТСЖ-да тиляпия мен африкалық жайынды өсіру бойынша жоба әзірленуде.

Кәсіпорын акваөсіруді дамытуға көп көңіл бөледі, жоспарлы түрде толық жүйелі балық өсіру шаруашылығының, азық өндірісінің барлық элементтерін және брендтелген сауда нүктелерін ұйымдастыруды қамтитын кластер құрады.

2020 жылы «Хамит» ӘКК Шардара қаласында орналасқан №16 колледжді сенімгерлік басқаруға алды. Колледжді жыл сайын балық өсіруші, балықты қайта өңдеуші және балықшы мамандықтары бойынша 50-ден 70-ке дейін түлек бітіріп шығады. Кәсіпорын студенттер үшін практикалық-өндірістік база болып саналады.

Сонымен қатар, колледж базасында балық өсіру бизнесімен айналысқысы келетіндердің барлығын балық өсіруге оқыту орталығын ашу жоспарланған.

Түркістан облысының Шардара ауданында ұзаққа созылатын вегетациялық кезеңді ескере отырып, тауарлы балық өсіру көлемін 10 мың тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Шардара су қоймасында 5 мың тонна, сондай-ақ Қызылқұм каналы бойындағы тұзды топырақтағы жасанды тоғандарда, күріш алқаптары және басқа көлдерде 5 мың тонна балық өсіруге болады.

Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін «Хамит» ӘКК келесі шараларды қабылдауды жоспарлап отыр:

  • фермерлерді, жергілікті тұрғындарды акваөсірудің қыр-сырына жаппай тарту және оқыту;
  • жергілікті балық өсіру шаруашылықтарын балық өсіру материалдарымен және азықпен қамтамасыз ету;
  • тауарлық балықты сатуды ұйымдастыру.

Мұнан соң Кемеқалған елді мекенінің тұрғыны жеке баспанасын тұрғызу үшін жер, пәтер кезегінде тұрғанын, баспаналы болу мақсатында көпбалалы отбасы ретінде пәтерге кезекке ілінгенін айтып, жер бөлу мәселесіне қатысты сұрақтарын қойды.

Келесі бір мәселе табиғи газ мәселесіне қатысты. Ленгір қаласындағы І мөлтекауданның көпқабатты үй тұрғындары мемлекет меншігіндегі арендалық пәтерлерін қосымша жабындымен қоршауына байланысты, табиғи газ құбырларына күш түсіріп, апатты жағдай туындаған. Осы мәселеге қатысты «ҚазТрансГаз Аймақ» Төлеби аудандық филиалы тарапынан балконды жабдықтау нормаға сәйкес еместігі айтылып, оны алып тастау жөнінде ұсынысын жеткізді. Қабылдауға келгендерге сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтерлердің мемлекет меншігі болып табылатыны, оған өзгеріс енгізу үшін арнайы рұқсат алу қажеттігі түсіндірілді. Тұрғындардың өтінішін ескере келе, «ҚазТрансГаз Аймақ» Төлеби аудандық филиалы арқылы заң аясында шешу жолдары қарастырылады.

Кенші көшесінің тұрғындары табиғи газға қосыла алмай отырғанына, құжаттарды реттеу жұмыстары біршама уақытқа созылғанына шағымданып, аудан әкімінен аталған мәселені шешуге көмек сұрады. Аудан басшысы газ тасымалдаушы мекеме басшыларымен сөйлесіп, шілде айына дейін көшенің табиғи газға қосылуына ықпал ететінін жеткізді.

Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы тұрғындардың барлық мәселесін мұқият тыңдап, шешу жолдарын ұсынып, нақты жауаптар берді. Олардың мұқтаждықтарын заң аясында қарап, мәселелерін оңтайлы шешуге ықпал ететінін айтты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.