Түркістан облысы: Шардара ауданында 8 мектепте «Starlink» спутниктік интернет құрылғысы орнатылып, толық іске қосылды

Еліміздің түкпір-түкпірінде өңір басшыларының халықпен кездесулері басталғаны белгілі. Осы ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 2024 жылғы 19 сәуірде Шардара ауданы тұрғындарымен кездесті. Өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды. Шардара ауданын дамыту жұмыстары туралы кеңінен айтып берді.

– Президентіміз жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Оның ең бастылары – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Шардара ауданында 2023 жылы 4 елді мекенде 1,2 млрд. теңгеге 21 жоба жүзеге асырылды, биыл 4 елді мекенде 629 млн. теңгеге 5 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгін «Тұрар» шаруа қожалығында болып, суды үнемдеу технологиясын енгізіп, тамшылатып суару әдісімен өнім алып отырғандығын көрдік. Бұл тәжірибені басқа да шаруашылықтарға енгізуді ұсынамын. Мемлекет басшысы орта білім беру мекемелерін сапалы жоғары жылдымдақты интернет желісімен қамтуды тапсырған. Облыста 330 орта білім ұйымын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің туындысы – «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде 317 мектепте орнатылды. Оның ішінде Шардара ауданында 8 мектеп толық іске қосылды. Осы айда Президентіміздің бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Акция аясында елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарын қолға алынып отыр. Бұл жұмыстар менің күнделікті бақылауымда тұр. Осы кездесуді пайдаланып, Сіздерді ең алдымен өздеріңіз тұратын ауланы, көшені таза ұстауға, үйлеріңіздің сыртқы келбетін ретке келтіруге, қоқыстарды ретсіз тастамауға, ағаш егуге шақырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Акция демекші, Шардара ауданына қарасты Сүткент қалашығында «Таза Қазақстан» акциясының «Киелі мекен» апталығына орай тазалық жұмыстары жүргізілді. Қалашық ауданның батыс бөлігінде 2 шақырым жерде орналасқан. Осыған дейін тарихи мекенді 1900-жылы Н. В. Руднев, 1949-жылы А. Н. Бернштамдар бірлесе зерттеп, қалашық туралы алғашқы деректер жарыққа шыға бастаған. Ғалымдардың бірі А. Н. Бернштам Сүткент қалашығына қазба жұмыстарын жүргізу барысында, көптеген тарихи, көне бұйымдар табылған. Айта кетейік көне қалашықтан тұрмыстық-шаруашылық мақсатында арнайы тұрғызылған құрылым анықталған және ішкі бөлігінен бірнеше керамикалық бұйымдар бүтін, сынық күйінде табылған.

Бүгінде қалашық тұрғындары тазалық жұмыстарына белсене кіріскен. Атап айтсақ қала маңын қоқыстан тазарту, шөп шабу, гүлдендіру жұмыстары орындалған.

Тарихи қалашық туралы X-XV ғасырлардағы жазба деректермен мәліметтер де жоқ емес. X ғасырдағы ибн-Хаукаль жазбаларында Сүткентте мешіт болып, онда түркі тайпалары жиналатындығы жазылған. X ғасырдағы тағы бір белгісіз автор «Худуд ал-алам» жазбасында Сүткентті мекендейтін халықтың молшылықта өмір сүріп, өзен жағасында қоныс тепкендігі тарих бетінде қашаулы.

Тарихи деректерге сүйенсек, осыған дейін қалашықты мекендеген халықтың ержүрек болғандығы айтылып, қалашық оңтүстік, шығыс, батыс және солтүстік-батыстан шеңберленген шекарамен бөлінген. Бүгінде қалашық маңынан кездесетін 30-дан астам мұнаралардың орындары бар. Көне мекеннің шығыс бөлігінде су сақтауға арналған арнайы қойма болған. Жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде қалашықтың цитадель бөлігі мен қорғаныс мақсатындағы мұнаралар жан-жақты, толыққанды зерттелген. Сонымен қатар Сүткент қалашығы Түркістан облысындағы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген.

Аталған тарихи нысанға зерттеу жұмыстары әлі де жеткіліксіз, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілсе, тарих қойнауына тығылған ғажап дүниелердің анықталатыны сөзсіз. Ал қазіргі Шардара ауданы Сүткент ауылдық округінде орналасқан «Төлеген Тәжібаев» атындағы жалпы орта мектеп музейіндегі көптеген құнды жәдігерлер аталған тарихи нысаннан кездейсоқ табылған. Сондай-ақ Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейі қоры мен тұрақты экспозициясындағы көне Сүткент жәдігерлері 2006 жылдан бастап жинақтала бастаған.

…Шардара ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталған облыс әкімі 2023 жылы өсім байқалғанын атап өтті. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2020 жылдан бері 2 есеге өсіп, былтыр 113 миллиард теңгеге жетті. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 13,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға өскен.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 9 пайызға өсіп, 2023 жылы 11 мыңға жуықтады.

– Сонымен қатар бүгін біз кейбір салалардағы кемшілікті жасырмай ашық айтуымыз керек. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығының өнім көлемі 2023 жылы 66,8 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі тиісті басқармамен бекітілген жоспардан 8 пайызға кем орындалған. Жеңіл өнеркәсіп өнімі 2022 жылмен салыстырғанда 490 миллион теңгеге төмендеген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін де арттыру керек. Осы салаларда жұмыстарды күшейткеніміз жөн, – деген облыс әкімі тұрғындарға сұрақтарын еркін қойып, ұсыныстарын жеткізуді сұрады.

Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың ауданда 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалған соң тұрғындардың сұрақтарына кезек берілді.

Кездесуде шардаралықтар инфрақұрылым, ауыз су, кәсіпкерлікті қолдау, жеңілдетілген несие беру, субсидия беру және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, өтініштерін айтты.

Облыс әкімі әрбір өтініш бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүретінін жеткізді. Сонымен бірге аудандағы өзекті мәселелерді қозғап, оларды шешу бойынша аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді. Атап айтсақ, ауыз су мәселесін шешу үшін Облыстық энергетика басқармасы тарапынан республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін тиісті құжаттар ұсынылған. Ақшеңгелді және Достық ауылдық округтеріндегі жеке меншікке өтіп кеткен 8 каналды тазалау, сатып алу мәселесі талқыланып, тапсырмалар берілді. Шардара ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған 1517 мұқтаж азаматты, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары және аз қамтылған көпбалалы 502 отбасыны үймен қамтамасыз ету мақсатында 2023-2026 жылдары жалпы 570 пәтер сатып алу көзделген. 2023 жылы 960 миллион теңге қаралып, 100 пәтер сатып алынды. 2024 жылы – 120 пәтер, 2025 жылы – 150 пәтер, 2026 жылы 200 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша аудандағы индустриалды аймақты кеңейтіп, инвесторларды тарту, балық шаруашылығы мен туризм саласын дамыту бойынша да нақты міндет жүктелді.

Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандарын аралады. Жергілікті кәсіпкерлермен жүздесіп, оларға мемлекеттік бағдарламалар беретін мүмкіндіктер туралы айтты. Ауданда тамшылатып суару әдісін пайдаланып, жүгері егуге ниет білдірген түрік инвесторларымен кездесті. Облыс әкімі инвесторлармен зауыт ашу мәселесін талқылады. Мемлекеттен қолдау болатынын айтып, Түркия елінен келген кәсіпкерлерге негізгі талаптарды түсіндірді.

– Бізге ең керегі — халықты үйрету. Жаңа кәсіпті дамытудың жолдарын, оның қыр-сырын жергілікті түрғындарға үйрету керек. Жаңа кәсіп бастауға Түркістан өңірінің әлеуеті мол. Зауытты Түркістанда ашуды ұсынамын. Қолдау болады. Өңірде су үнемдеуден технологияларын ендіру жұмыстарына күш салынған. Шаруаларға қолдау көрсетіледі, – деді өңір басшысы.

Аймақ басшысы Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Тұрар» шаруа қожалығында болып, қожалықтың тамшылатып суару әдісін пайдалану бойынша жұмысымен танысты. Егістік алқабы 286,5 гектарды құрайды. Биыл шаруа пияз және бақша дақылдарын еккен. Шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісі арқылы өнімдерін өсіруде.

Дархан Сатыбалды Шардара қаласындағы «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тігін фабрикасында болды. Киім-кешек, көрпе-төсек, аяқ-киім, әскери киім, мектеп киім үлгісі, арнайы киімдер тігіп шығаратын цехта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Бұл жобаға кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен 200 миллион теңге инвестиция тартылған. Кәсіп иесі Бақтыкерей Омар мемлекеттік қолдау арқылы жылына өндіретін өнім көлемін арттыруды көздеп отыр.

Кәсіпкерлермен кездескен өңір басшысы аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдауды күшейтуді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin