Түркістан облысы: Қазығұрт ауданында шағын және орта бизнес саны 3 жылда 60 пайызға артты

Қазығұрт ауданында шағын және орта бизнес саны 3 жылда 60 пайызға артқан. Биыл 6 айда кәсіпкерлік саны 14 мыңнан астып, 27 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. 2023-2027 жылдары 18,5 миллиард теңгеге 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі жыл сайын артып келеді. Оған ауданда ашылған индустриалдық аймақтың қосып жатқан үлесі мол.

Қақпақ ауылдық округіне қарасты Қақпақ елді мекенінде «Ынтымақ» ӘКК» өндірістік кооперативі су электр станциясының құрылысын жүргізген болатын. Жоба құны 700 миллион теңгені құрайтын өндіріс орнын кәсіпкер өз қаржысына салған. Биыл шілде айында іске қосылған станцияда сағатына 1,4 МВт электр энергиясын өндіреді.

Биыл Қазығұрт ауданында құны 6 миллиард теңге болатын 28 жоба іске асып, 349 адамды жұмыспен қамтамысыз ету жоспарланған. Осындай жобалардың бірі – «Қарқын-2030» компаниясы мал сою цехын іске қосуды жоспарлап отыр. Тәулігіне 300 бас ірі қара мал сою мүмкіндігі бар. Бұл жобаның басымдылығы — толық цифрландырылған, энергия көзін аз пайдаланады. Жалпы құны 750 миллион теңге болатын цехты қазан айында ашу жоспарлануда. 25 адамды жұмыспен қамтиды.

Бұдан бөлек аудандағы индустриалды аймақта жеке кәсіпкер «Билол» тарапынан 375 миллион теңгеге «Болат шарларын балқытып шығаратын» зауыт салу жоспарланып отыр. Жалпы 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Аталған жобаны жыл соңына дейін іске қосу күтілуде. Осындай жобаларды іске асыратын кәсіпкерлерге облыс және аудан әкімдігі қолдау көрсетіп, жаңа бизнесті ашуға көмектесетінін үнемі еске салып жүр. Себебі, жергілікті әкімдерге қойылатын басты талаптардың бірі – жаңа кәсіпорындарды ашып, жұмыс орындарын құру.

Шарбұлақ ауыл округінде орналасқан «Бірлік және Береке-Агро» өндірістік кооперативінің жұмысы да мақтауға тұрарлық. 2016 жылы құрылған шаруашылық бүгінде «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала», «Фуджи», «Грени Смит» атты алма түрлерін өсіретін қарқынды бауға айналған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Корпорация АҚ ордасы» ЖШС-нан қаржыландырылған жоба құны 2 миллиард 500 миллион теңгені құрайды. Көлемі — 150 гектар суармалы жер, соның ішінде бау 120 гектарды құрайды. Мұнда жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық жұмысшылар саны 200-ге дейін жетеді. Өндіріс орнын 24 дана техникамен жабдықталған.

Сөздің ыңғайы келгенде атап өтер маңызды жайт, Түркістан облысында тағы бір жер дауы шешілді. Қазығұрт ауданының «Қарабау» шаруашылығына берілген 4,4 мың гектар егістік жер телімі ауданның арнайы жер қорына қайтарылды. Оның 3 мың 900 гектары 7 өндірістік кооперативке конкурс арқылы берілді. Осылайша, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыдан Қарабау ауыл округіндегі жер бөлу мәселесін шешуге қатысты көмек сұраған тұрғындар мәселесі шешімін тапты.

Енді «Ауыл аманаты» жобасына келсек. Аталмыш жоба бойынша 747 миллион теңгені құрайтын 136 жоба мақұлданып, оның ішінде 73 жобаға 365 миллион теңге несие берілді.

Шаруалардың еңбегінің арқасында ауыл шаруашылығы өнім көлемі соңғы 3 жылда 1,5 есеге өсіп, былтыр 66,7 миллиард теңгеге жетті. Биыл 6 айда ауыл шаруашылығында өнім көлемі 21 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға өскен. Оның ішінде биыл 6 айда мал шаруашылығында 18 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, егін шаруашылығында 3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Биыл 92 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауданда 181 гектарда жылыжайлар орналасқан.

Сонымен қатар, 665 гектарға қарқынды бау егілген. Ауданда 7 мың гектар жерде «нөлдік технология» қолданылуда. Яғни алдыңғы жылы жерді жыртпай тікелей егуді қолға алған «Сапа-2002» компаниясы бразилиялық тікелей егу дәнсепкішін алып, «нөлдік технологияны» 4 мың гектардан астам жерге енгізді. Нәтижесінде әр гектардан 21 мың теңге үнемдеп, 1 гектардан 30 центнер өнімге қол жеткізді.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы тарапынан жастарға қолдау көрсетіліп, қайтарымсыз көтерме жәрдемақы және үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген несие берілмек. Биыл 130 маманға 45 миллион теңге көтерме жәрдемақы және 60 маманға 310 миллион теңге көлемінде тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит беру жоспарланып отыр.

Қазығұрт ауданында 2020 жылдан бастап тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жалпы 247 миллион теңге бөлініп, 28 пәтер пайдалануға берілді. Биыл тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды қамтамасыз ету мақсатында жалпы бюджеттен 384 миллион теңге бөлініп, 40 тұрғын үй сатып алу жоспарлануда екен.

Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініп, Қазығұрт елді мекеніндегі «Шығыс» мөлтекауданында 80 гектардағы 592 жер теліміне инфрақұрылым жүйелері жүргізілуде. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Ауданда ауыз сумен қамту деңгейі 96,7 пайызды құрайды. Былтыр 299 миллион теңгеге «Ақбура» бұлақ көзіне қосымша ауыз су қоймасының құрылыс жұмыстары басталып, осы тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде 7 елді мекен тұрақты ауыз сумен қамтылатын болады. Биыл Айнатас елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 276 миллион теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, мамыр айында пайдалануға берілді. Қызылдихан елді мекенінің ауыз су жүйелерін қайта құру мақсатында 686 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазан айында пайдалануға беріледі.

Елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 79 пайызды құрап отыр. Ағымдағы жылы 3 елді мекенге табиғи газ құбырын жүргізуге жалпы 685 миллион теңге бөлінген. Нәтижесінде жыл қорытындысымен елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 79 пайыздан 84 пайызға жетеді. Бұдан бөлек, Ескі Шанақ, Бақабұлақ, Шанақ бекеті елді мекендерін табиғи газбен қамту үшін 200 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында былтыр Жігерген және Сарапхана елді мекендеріндегі 2 мектепке 304 миллион теңге қаралып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар биыл жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайтын, 7 мектептің құрылысы жүргізілуде. Осы жылы 3 мектептің құрылысын аяқталады. Қалған 4 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы Қазығұрт ауылы Болашақ мөлтек ауданынан 600 орындық 1 жаңа мектептің кұрылысы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Жаңаталап елді мекенінен медициналық пункт салуға 82 миллион теңге бөлініп, пайдалануға берілді. Биыл Жаңаталап, Ынталы және Қакпақ елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункттерді салу үшін 434 миллион теңге қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандарды қазан айында пайдалануға беру жоспарлануда. Келесі жылы Қазығұрт ауданы бойынша 4 медициналық нысандарды салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 3 фельдшерлік акушерлік пункт және 1 дәрігерлік амбулатория.

Соңғы 3 жылда 9 спорт алаңы пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы жеке кәсіпкер есебінен 1 жүзу бассейні, 1 тренажер залы және 1 футбол кешені салынып, пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» тапсырмасы аясында 900-ден астам жұмыс орны ашылды. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 50 адамға 69 миллион теңге қайтарымсыз грант берілді. Жалпы жыл соңына дейін 90 адамға берілетін болады.

Қасиетті Қазығұрт өңірі туралы тарихи дерек көп. «Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса, неге қалған» деген сөз осы аймақтың ерекшелігін көрсетеді.

Қазығұрт ауданы — Түркістан облысының оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік бөлік. Жерінің аумағы — 4,1 мың шаршы шақырым. Аудан орталығы — Қазығұрт ауылы.

Аудан жерінің көп бөлігі теңіз деңгейінен 800-1200 метр биікте орналасқан. Шығысында Қаржантау (2000-2800 метр), Өгем (3000-3600 метр) биік таулы жоталары, орталығында оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай Қазығұрт жотасы (800-1700 метр) созылып жатыр. Батысы, солтүстік-батыс бөлігі қырқалы жазық. Жер қойнауынан минералды су, ақ құм, қиыршық тас т.б. құрылыс материалдары барланған. Климаты континеттік, қысы жұмсақ, қысқы қаңтар айының орташа жылдық температурасы — 22-25°С. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері — 300-400 мм, тауда — 500-700 мм. Аудан жерінен Келес, Өгем, Қаржансай, Мұғалысай, т.б. өзендер ағып өтеді. Таулы өңірі мен өзен бойларында итмұрын, долана, тобылғы, жабайы алма, арша, шырша, т.б. өседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, таутеке, қоян, саршұнақ т.б. кездеседі.

Ұлттық құрамы: қазақтар – 92,78%, өзбектер – 6,32%, басқа ұлт өкілдері – 0,90%. Олардың орналасу тығыздығы орташа есеппен 1 шақырымға 224,6 адамнан келеді. Көбіне тау бөктерлері, өзен аңғарлары, автомобиль жолдары бойында қоныстанған.

62 елді мекен 13 ауылдық округке біріктірілген:

Қасиетті Қазығұрт тауы атымен аталатын аудан 1928 жылы құрылған. Орталығы Тұрбат, Шарапхана, кейіннен Ленин (қазіргі Қазығұрт) ауылдары болған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin